Баяғыда дін тек мешіттің төрт қабырғасында емес, өмірдің өзегінде еді. Ол адамның тек намаз бен жаназадағы амалына ғана емес, жүріс-тұрысына, сөзінің салмағына, ісінің адалдығына тіреу болатын. Ал қазір ше? Қазір діннің білім деген тірегі әлсіреп, эмоция мен жеңіл сөздердің көлеңкесіне тығылып қалғандай. Оны өзіңіз күнде көріп жүрсіз.
Әлеуметтік желі толған жалт-жұлт еткен уағыздар. Сөз көп, мағына жоқ. Біреу тыңдайды, толқиды, бірақ ертеңіне оны ешкім есіне де алмайды. Эмоция қалды, бірақ жүрекке жеткен ілім қайда? Медреселер мен діни оқу орындарына көз салсаңыз, олар әлі сол бір “молдалықтың” айналасынан шыға алмай жүр. Ал молдалық деген не? Құлшылықты үйрету, жаназа шығару, мешіттің ішінде қалу. Бірақ дін тек мешіттің төрінде емес, қоғамның өзегінде болу керек еді…
Ал кейбір пәленше-түгенше деген діни топтарды бақылап қараңызшы. Олардың мектебінен шыққандар жай уағыз айтумен шектелмейді. Олар әлдеқашан қоғамның түрлі қабаттарына еніп, өз идеологиясын таратып жүр. Біреуі биліктің басында, енді біреуі ірі компанияларды басқарып, өз ықпалын жүргізуде. Ал біз ше? Біз әлі сол молдалықтың шеңберінен шыға алмай, бір-біріміздің қатемізді іздеп, сөз аңдып жүрміз.
Бұл топтар діннің шынайы мақсатын ұрлап алғандай көрінеді. Өйткені олар дінді тек құлшылық емес, күш пен ықпалдың құралына айналдырып үлгерген. Біз солай жасайық демеймін, бірақ олардың жүйелі түрде ілім алып, оны іске асырып жатқанына қарап, өзіміздің білімсіздігімізге қынжыламын.
Біз әлі сол қысқа уағызбен өмір сүріп келеміз. Бір сәттік әсер, бүгін тыңдап, ертең ұмытылатын сөздер біздің “білім” деп түсінетін деңгейімізге айналды. Ал діннің тереңдігі қайда? Оның адам өміріне толық енуі, жүріс-тұрысқа ықпал етуі, қоғамның түзелуіне әсері қайда?
Мұсылман аптасына бір рет мешітке барса, қалған уақытын қоғамда өткізеді. Демек, дін тек мешіттің айналасында емес, сол қоғамның ішінде де болуы керек. Ал біз осы адамдарға дінді қалай жеткізіп жатырмыз? Біз олардың сөзін, ісін, әрекетін дін исламға қалай бейімдеп жатырмыз?
Дін – адам өмірін бағыттаушы шамшырақ. Ол тек құлшылықта емес, адамның кәсібінде, сөзінде, шешімінде көрініс табуы тиіс. Бірақ біз діннің өзегін ұмытып, оны тар шеңберге қамап қойдық. Енді тек мешіт пен жаназа айналасында жүрген дінді “толық дін” деп есептейтін күнге жеттік…
Ал шынайы білім іздеп, дінді терең түсінуге тырысатындар азайып барады. Оның орнына эмоциямен елтіген, бір сәттік әсерге алданған халық қалды. Біз тек бір-біріміздің кемшілігімізді іздеп, сөз аңдып, өзімізді алға қойғаннан басқа түк бітірмедік. Діннің шынайы мақсатынан алыстап бара жатқанымызбен жұмысымыз жоқ.
Бізге тек молдалықты ғана емес, діннің шынайы білімін меңгеріп, оны қоғамға енгізетін жүйе керек. Бізге бір сәттік эмоция емес, жүректі де, сананы да оятатын ілім керек. Дін тек мешіттің төрінде қалмауы тиіс. Ол адамның сөзіне, ісіне, қоғамына әсер ететін күш болуы керек. Әйтпесе, біз өзімізді дін жолындамыз деп санап, шын мәнінде, тар шеңберден аса алмай жүре береміз…