men❤️‍🩹 @arynqunanbai Channel on Telegram

men❤️‍🩹

@arynqunanbai


оқшау ой.
санаға салмақ салар сөз.
терең ойдың телміріп соңына ерген. ілім дәриясынан маржан терген.
көрген-баққан.
оқу-тоқу.
жазған-сызған.

men ❤️‍🩹 (Kazakh)

👨‍⚕️ "men ❤️‍🩹" тақырыбында ашық тақырыптар, мәдени дараптар, жоғары білім, аурулар мен медицина туралы ақпараттар беретін Telegram көмегіндең каналдың аты. "men ❤️‍🩹" каналы шындықты аллага шүкірлік білгісі болып табылады. Бұл каналда медициналық мәселелер, ілім, сауалнамалар, жаңалықтар, аурулар туралы ақпараттар мен анықтамалар болады. "men ❤️‍🩹" көмегі арқылы сіз өзіңізге арналған ұсыныстарды көре аласыз, медициналық бағдарламалар туралы білім алуыңыз мүмкін. Осы канал арқылы медициналық мәселелерге, ауруларға, жаңалықтарға немесе жоғары білімге үлкен қызмет көрсетіледі. Каналға жазылу арқылы сіз оқу-тоқу процесінің кеңейтілгендігін өзгерте аласыз, жаңа білім алу, жаңа мәліметтерге қол жеткізе аласыз. Алдымен, медициналық аурулар мен қауіпсіздік туралы ақпараттармен танымал болыңыз. Осы жаңалықтар мен анықтамаларды алу арқылы соңғы күнделіктердегі медициналық жаңалықтарды түгел сипатта түсіне аласыз. Сіздерге жаңа атаулар танымал ететін "men ❤️‍🩹" каналына жазылыңыз!

men❤️‍🩹

14 Jan, 14:07


жазушы үшін қауіптісі – өз жазғанын өзі ұнатуы. тоқмейілсу нәпсіні пұт қылса, дамуға жұт әкеледі. ілгерінің қазағы “мақтамен бауыздап” отырып сөйлесе, қазіргінің қазекеңі “мақтаумен бауыздайды”. көпіртіп отырып мадақ жырын төккенде, өз буыңа өзің мастанасың. нәпсі-құлқынын танымаған адамды мақтау, ел деді екен деп, артын тексермей еліру, қуыс жатқан кеудеңе салпыншақ медаль толтырғанға малдану – кешегі Мағауин ақсақал айтқан homo soveticus адамының ғадеті.

men❤️‍🩹

03 Jan, 10:01


кітап оқы. жиырма бестің алғашқы жұмасы боп қойды. ескі әдебиетті жаңаша оқы. сюжет қуып оқыма. ой қу, сөз таны. мен сызып шыққан сөз-сөйлем автордың талғамы мен сөз зергерлігін танытады. баяу оқу деген сол – мәтін мәнін арттырар тіркес, әрлі экспрессоидтар мен етістікті дұрыс құбылтудың жөнін тану. біз авторы мен сюжетін жаттап, кейіпкерлері мен композициясын тақылдатып айтып шыққанды “оқыдыға” санап жаман үйренгенбіз. негізі, әдебиетті оқыту мазмұндату емес.
…биыл нобель алған хан гаңның “ет жемейтін әйелін” оқып жатырмын. одан бөлек, тағы бір нобель иегері орхан памуктың “ыстамбұлын” да кофелетіп отырып шолып жүрмін. екеуі де ұнап жатыр.

p.s. бүгін – қасиетті жұма.
Ғазалиде “жұма күнгі Аллаға ең үлкен жақындық, ғибадат – ілім үйреніп, үйрету” делінеді. ғибадаттардың орындалу шартымен ғана шектелмей, қабыл болу шарты жөнінде ізденбек керек. сыртқы формасымен шектелмей, ішкі мәніне үңілмек керек. жүрекке қатысты.

men❤️‍🩹

01 Jan, 15:29



ережеп – Алланың айы.

“ережеп” сөзі “таржиб” деген сөзден шыққан.
ережеп – пейіштегі суы сүттен ақ, балдан тәтті, сап-салқын дарияның да аты. оның суынан ережеп айында ораза ұстап, жаман істерден және теріс ниеттен арылғандар ғана іше алады.

әріптердің мағынасын түсіндіруші кейбір ғалымдар: “рәжәб үш әріптен тұратын арабша сөз:
1. р – (рахмат) Алланың рақымы
2. ж – (журм) пенденің күнәсі.
3. б – (бирр) Алланың берген жақсылығы.

демек Алла Тағала пендесінің күнәсін рақымы мен жақсылығының ортасында жояды деп түсіндірген.

men❤️‍🩹

01 Jan, 08:29


есекке зіркілдеген ақымақты көрген ақылдырақ біреу: “ей, көкебас-ау, есекте сенің тіліңді ұғар ес бар ма? не десең де ұқпайды ол. есесіне, сенің есектің тілін ұғар есің бар еді ғой?! – депті”.
кей кездері тілсіз тілге жүгіну керек болады. үндемеу деген. сөйлеу, тілдеу арқылы жетпейтін асу-белді үндемей тыңдасаң, оңай бағындырарсың.
❗️саңырауға сын айтқанның өзі саңырау”.

men❤️‍🩹

31 Dec, 07:52


жаңа жыл келді дегенше, ережеп туды десейші.
кофе ішілді дегенше, кітап оқылды десейші.
wish list жаздым дегенше, book list жаздым десейші.
жоспар құрдым дегенше, есеп бердім десейші.
тикток көрдім дегенше, нәпсің жеңіп есейші.
ұйқы қысты дегенше, “қайсың ояу?!” десейші.
уақыт өтті дегенше, өмір өтті десейші.
әдет болды дегенше, жендет болды десейші.
ағат іздеп сандалмай, тағат қылдым десейші.
мақұлдастым дегенше, ақылдастым десейші.
тәттіні тәтті дегенше, ғалымды дәтті десейші.
“дүние де өзі, мал да өзі,
ғылымға көңіл берсейші”.
ойын ойнайық дегенше, ой ойлайық десейші.
шеберді шебер дегенше, Алланы шебер десейші…желісінде жазылды.
🌸наурыз-көктемді дін аман, дән риза күйде көруді нәсіп етсін.

men❤️‍🩹

29 Dec, 09:26


✏️
сыдық. садық. тілімізде бар қолданыс, семантикалық өрісі кең атаулар, тіпті кісі есімі. осы сөздің сан қырлы сипатын ашқан ғұлама Ғазалидің пікірін жаза кетейін. сыдық адам өзінің түп Иесі – Аллаға жақындатпайтын, разылығы білінбеген барлық нәрседен тыйылған, алыстаған адам. арам, күпір-күнә бер жағы, адал деген нығмет-жақсылықтың өзін өлшеп, шегімен қолданады…ішіп-жем, шаһуат, ләззаттар, уақыт, мал-мүлік, атақ-ғиззатты.
сыдық мінез қалай білінеді?
сыдық мінез (турашылдық) талпыну арқылы байқалатынын айтады – қағанағы қарқ, сағанағы сарқ байлар зекет-садақа беруге талпынуы шарт, ілім қонған ғалым шәкірт тәрбиелеуге ұмтылуы лазым, әкім тұрған кісі тұсында өзінен озық, білім-білігі биік біреу шықса, билікті, әкімдікті соған беруге асығуы тиіс дейді. бір орынға жамбасы жабысып, шал болғанда ортаға кісі салып, шапанын, қамшысын салып жүріп билеп-төстегісі келетін құлқынбайларда туралық жоқ деген сөз.
талпыныс неғұрлым күшті болған сайын сыдық мінездің парқы білінер. (тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ)

садық адам – тілі, тәні жасап жүрген құлшылық, амалдан жүректің хабары бар, іші-сырты бір кісі. тілі, ісі мұсылман, нәпсісі кәпір болса бекер. қайыр қыларда ортаның, нәпсінің, заманның талабы емес, жан-дүниенің ішкі қалауы күшті болуы шарт.
…жалпы, Ғазалиде адамға Алла тарапынан берілер сын-сипат үкімдерінің нақты өлшемі айталады. мысалы, ғалым үзбей ғибадат қылып, қажымай құлшылық қылған кісіні тақуа демейді. тақуалық қайыр-жақсылық пен тағат-құлшылықтың көлемі мен ұзақтығына қатысы жоқ мақам екен. ғибадаты көп көптің бірі Ібіліс еді, барар жеріне барды деп түйеді. тақуаның тәубе етуі оңай, құлшылық қалауы күшті, күнәмен бетпе-бет келе қалғанда Құдайын паналауы жылдам болатын кісі деп түсіндіріледі. өлшем “көпте” емес, “оңайда”.
жо-жоқ, “оңай” деген ұғым біз білетін оңайдан өзгесі. бұ жерде қалаудың күші тұрғысынан айтылып отыр. яғни, кісінің туралық танытуы, Құран оқуы, тәубе етуі, адал болуы, ақ сөйлеуі, парыздарды қалтқысыз қылуы жүректегі қалауының күштілігінен оңай орындалады деп түсінген жөн. амалдың өзі емес, сол амалдың орындалуы барысына қатысты есім сөз. адам жақсы көретін амалдарын қиналмай-ақ (еш мәжбүрлеусіз, тақауырсыз-ақ, ұмтыла) атқарады ғой. сол мағына…әйтпесе Құранды қиналып, ежіктеп оқу мен оңай оқуға қатысы жоқ. тақуа адамның Құран оқуға уақыт табуы оңай, бәлки.

🔗дереккөз: “кимия-ус сағадат” еңбегі.

men❤️‍🩹

25 Dec, 18:16


🎓не ғой…”болашақ” шәкіртақысын ұтқандар, шәкірттіктің ақысын ұмытпаңдар. әуелі Құдай, одан соң халықтың алдында жауаптысыздар. ышқынып қатысып, көпіріп сұқбаттан өтіп, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп жүріп ұтып алып, он екіден бір нұсқа жоқ кететіндер бар екен. “туған жерге туың тік” деуші едік, ақыры кететінің бар, өз жолыңмен кеткін. ел қазынасын сарқымай, төгіп-шашпай өз ақшаңмен көш. ең әділі, имандысы сол. ол шәкіртақыны шын ғалымдар алсын. елге оралған соң омалып отырған, артта қалған жұрттың үміт отын жағам деушілерге бұйырсын. америкаға дүние қуып, ақша табам деп иттің ұлы байғотан барып жатыр емес пе?! “болашақ” көшудің құралы емес еді, өсудің құралы еді. қазір көшкісі келгеннің көбі “болашақты” жеміреді.

“болашақ” құлқынның емес, ұлтының қамын күйттегендерге бұйырсын!
арамтамақ деген сол – өйтіп-бүйтіп жүріп шәкіртақы ұтады, қырық сылтаумен сонда қалудың мың жолын ойластырады, ақыры өтем жоқ, сұрау жоқ, үлес жоқ кетеді…қарын тойған жерде қалғып кету үшін дүниенің ақшасын қолыңа салмайды ғой. қайтып кеп терің төк, үлесіңді қос, халықтың қақын бер, қамын же. содан соң көше жатарсың…

🇰🇿оны қазақ қысқа қайырады: ер туған жеріне, ит тойған жеріне.

men❤️‍🩹

24 Dec, 17:55


жиған-терген білім “білем” деп айту үшін емес, “білмеймінге” көбірек қызмет қылса керек…
”білмеймінді” айту үшін де біраз білім керек. білімнің бірінші сатысы – “білмеймін”.
әуелі, “білмейтіндеріңді” танып аласың, мойындайсың, сосын барып қана білім жолы басталмақ.

– түк білмейтінің бар, не бітіріп жүрсің?
– түк білмейтінімді мойындау үшін. “білмеймінді” білімділер ғана айта алады.

😱бәрін білетіндер – түк білмейтіндер.

men❤️‍🩹

21 Dec, 04:23


‼️ойталқыға тіркеу ашық.
адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады” деген сөз бар. тақыл-тұқыл ақпардан, жеңілтек контенттен жалықсаңыз ойшылдарға, ілгерідегі ізгілерге жүгініңіз…
талқы тақырыбы: “егізаяқ: Абай-Ғазалидің таным тұтастығы”.

🚀мына жерге жазыңыз:
https://t.me/aryn_qunanbai

men❤️‍🩹

19 Dec, 13:49


🔠ықыластылық
ықылас

🔠ең даналы сөз
дана сөздің төресі

🔠жәннаттағы көршілігіне ұмтылады
жәннатта көрші болуға ұмтылады
жәннатта да көрші отыруды ойлайды
ұжмақта да көрші болуға ұмтылады

🔠дүп түсіп
дөп түсіп

дүп-түзу деп жатамыз ғой, соған ыңғайлаған болу керек.

🔠тақуалы кісі
тақуа кісі

🔠ең жас үйленген
ең ерте үйленген
үйленгендердің ең жасы

🔠ризық-несібені некемен іздеңдер
ризық-несібені некеден іздеңдер
ризық-несібе іздегендер үйленсін
іздеген ризық-несібең некеде

🔠Құран оқудың абзал уақыттары
Құран оқығанға абзал уақыт

🔠махаббаттан аққан көз жасы
махаббаттың көз жасы

🔠тым созбалақтатып жібердім
тым созып жібердім
тым созбақтап жібердім

🔠махаббат әрқашан құрмет пен адалдықпен болуы тиіс
махаббат дәйім құрмет пен адалдықтан құралуы тиіс
махаббатты махаббат ететін екі қасиет – құрмет пен адалдық
махаббат құрмет пен адалдыққа негізделгенде ғана махаббат болмақ

🔠бізді дұғаңда ұмытпа
бізге дұға етуді ұмытпағайсың
біз үшін дұға қылуды ұмытпашы
біз пақырыңызды дұғаңызға қосып қойыңыз

🔠сіз ахлю ас-сунна уаль-джамағатқа жатасыз ба?
сіз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салған сара жолды құптап, сүннетін ұстанасыз ба?

🔠ғапылда қалып қойма
ғапыл күйіңде қалып қойма

🔠дені сау және уақыты бос болғандар
он екі мүшесі сау бола тұра, уақытын зая кетіргендер
қол-аяғы бүтін, дені сау болса да, уақытын текке жұмсағандар.


p.s.: бұл мысалдардың дені осы күнгі ислам төңірегінде жүрген зерттеуші, канал тізгіндеген блогер, уағызшылар аузынан сөзбе-сөз алынып отыр. ішінде топырлатып кітап жазып тастаған, кітап жаза жаздап жүргендері де баршылық…

men❤️‍🩹

16 Dec, 08:30


🇰🇿тәуелсіздік. қадір-қасиеті мен өсиеті терең түсінік-ті. бізге керегі ой-сананың тәуелсіздігі еді. жалтақ жұрттың өз ұстыны болмайды, жетекке ергіш, лап бергіш келеді. оны қазақ “жаман үйді қонағы билейді” дейді. біздің қоғамда “қонақ сана, қонақ тіл, қонақ жүйе, қонақ тренд” көп. қаржылай, экономикалық, идеологиялық, әлеуметтік-саяси тәуелсіздікке жетейік. әркім, әр тұлға. әрине, әр сананың ұлттық сипаттағы тәуелсіздігі болса дейміз. қазақы жөн-жоралғы, ғұрып-ғадеттен жерінсең, ұлттық сипаттағы тіл, діл, дініңді жатырқасаң мың құбылғыш, құмбыл неме болғаның. тән түрмесіне қамалған, нәпсәуи, хайуани қалауларының құлақкесті құлы болған адам қайтіп тәуелсіз болсын…”мықты болсаң, әуелі, нәпсіңді жең”.
азат ел қарны тойса қалғымайтын, құлқынына құзыры жүретін азаматтардан құралады.
көлдей қып көсіліп эссе жазғаннан, тудың суретін алаулатып-жалаулатып стикер таратқаннан, флешмоб түсіріп, тақылдатып тақпақ айтқаннан шеке қызбас, іс өнбес.
тәуелсіздігіміздің тұғырын араны ашылған, ындыны бұзылған көрбастылар емес, нәпсісін билеген, киеден аттамаған, рухани уызына жарыған арда азаматтар мығым етеді.
бұны Абай да айтқан:
қайнайды қаның,
ашиды жаның
мінездерін көргенде:
«жігерлен, сілкін,
қайраттан, беркін!»- деп
насихат бергенде:
ұятсыз, арсыз салтынан,
қалғып кетер артынан”
.

қалғымайық. тәуелсіз күнге тәу ету – сананың сергектігінен. адамдық қарызы үшін еңбек етейік…

men❤️‍🩹

12 Dec, 17:00


🤓зейіннің зеңденуі…

айтпақшы, oxford жаһанға жар салған жаңалық – биыл қолданған сөздің алды “brain rot” екен. “word of the year”. ел аузында жүрген, елең етер қолданыс. бұны біз баяғының бай заманынан айтып жүрміз – қоқ-соқ контент, өсек пен төсек арасы, біреудің қылығы мен былығы, жылтырақ, тыртың-тыртың би, қайқаң-жайқаң сөз, қызылды-жасылды өмір, оңғақ…осындай оңғақ контентке телмірген кісінің зейінін зең басады. кәдімгі көгеріп, шіру. санаға салмақ салмайтын контент пен кәкір-шүкір блогерлерді жаппай блокқа тықпақ лазым.
тереңдеген сайын кереңденетін, мыңжылдық құндылықтарың мылжыңдыққа балаған ұрпақ сол – “brain rot-тар”.
“ойлануым керек” деген ойдан қалған, ойға мұқтаж екенін ойламайтын толқын – зейінін зең басқан жас-кәрі.
🏌️қайталап айтам, жеңілтек, тұрақсыз, дүниені культ еткен контент иесі – араны ашылған блогерлерден қашу керек. ақақу-сәкәку жетеді…ойлы, айтары, ар-ұяты бар, зейін-зердеңе сәуле түсірер микроблогерлерді қолдайықшы.

men❤️‍🩹

12 Dec, 13:22


❗️диплом тақырыбы туралы…
қазұу. филфак. сабақтың соңғы апталары. істуденттік бұла шақтың дәурені көшіп, жұмыс-шаруасы көп қым-қуыт өмір басталмақ. биыл 4-курсқа тарихи грамматикадан семинар жүргіздім. ойда түк жоқ, бейқам уағым есіме түсті. кітап оқи жаздап жүрген кездер ше…
бұлардан “дипломға қай тақырыпты алдыңдар?” деп сұрадым – өңкей жауыр болған, зерттеліп біткен, тым жылтырақ, пафосқа толы, түсінік-пайымды дамытпайтын, не ғылыми ізденіске итермелемейтін қырық жылғы “советский темалар”.
“пәленше шығармаларындағы түген таным, пәлен құндылықтар”, “түгеншеевтің көркемдік әлемі, портреттерінің идеялық жүйесі”, “пәленбайыптың поэмаларындағы тәрбие”, “пәлен деген шығарманың тілдік сипаты”, мифтер, лингвотаным…әшкиіңді қалыңдатып, санаулы адам ғана түсініп, бір-екі адам ғана қызығатын, өмірге аса бір қатысы жоқ тақырыптар. осыдан отыз-қырық жыл бұрын әбден қорғалып, талданып, мың-миллион мақала жазылып қойған бірдеңелер.
тым жалпы, мезі болған ұғымдар. баланың өресін кеңейтіп, ғылымға тартар, ынтаңды ашар өзекті мәселелер емес.
судыратып қотарып, өзіне дейінгі жүйені дайын күйінде көшіре салатындай тақырып – нашар тақырып. әрбірден соң, ондай “дежурный” тақырыптар әлдеееқандай естілгенмен қазақ ғылымын 1 грамм, 1 градус, жарты мысқал, қарыс қадам алға сүйремейді, дамытпайды, өзгертпейді. өзара бас шұлғып, 10-15 минут мыжып, өтірік-шынды қырнап-жонып, комиссия мүшелері пайдаланған әдебиетінен өзін іздеп қана тарс жаба салатын ысырап дүние болады дағы. бітті.

іліп алар, ой салар екі тақырып шықты — “қазақ сөзсаптауындағы “бар-жоқтың” қолданысы”. тағы біреуін ұмыттым.
тақыл-тұқыл тақырыпқа қызықпау керек. әлемдік бағыт пен қоғамдық бағдарды елемей тіркей салған қырық жылғы тақырыптан қашу керек.

бір-ақ мысал келтірейінші. былтыр экономистерге “саяси дискурстан” дәріс оқыдым. сонда іліп алар тұшымды еңбек кезікпеді. бір-ақ докторлық қорғалған екен. оның өзі бұрынғы президенттің жолдауынан түйдек-түйдек сірескен абзацтарды алып, жарым-жартылай талдаған дүние. функционалды көзқарас жоқ. әлемдік зерттеулерде тілдегі манипуляция түрлерінен тартып, саяси тұлғалардың сөзсаптамына дейін, қала берді, саяси дискурс барысында сөйлеушінің тіліне ауаның (қысымы, градусы, ластығы) қалай әсер ететінін зерттеп тастаған (!).
біз ше?! әлі сол тыыыым жасанды, өңін айналдырып жаза берген аудармалардан шыға алмай жүрміз.
жауырдан тәуірге, тәуірден ауырға ауысу керек.

men❤️‍🩹

07 Dec, 15:00


санаға сауал салмақ…

2025-ке 25-ақ күн қалыпты. уақыт шіркін құйыршығын ұстатпай, жыл жылды желкелеп, ай артынан ай туып, сағаттар сырғып…қанша дегенмен, күнтізбе жаңарады, меже өзгереді.
естілер есеп береді. әуелі ар алдында…

не бітіріп, не қойдым? кімге зияным, кімге пайдам тиді?
қай мінезімнен тарттым? кімді ренжітіп, қақын жеп, көңіліне қаяу салдым?
былтырғы жоспарым не болды, жазу күйінде жатқаны ма?
неше кітап оқыппын? оқи жаздағаным, бетін ашпағаным, сатып алғаным неше екен?
қай қылығымды түзеп, қай әдетімнен арылдым? кенеше жабысқан кежірлігім, кері кеткен кекірттігім со қалпында қалып па? тән түрмесіне қамалған, хайуани қалаулар соңындағы нәпсі-құлқынды қайттің?
нені қайталамайсың? нені қайталайсың?
кіммен танысыппын? кім хабарсыз кетті? іздедім бе екен?
тіл үйрендім бе? мылқау қалпы жүрмін бе?
ескі жылдың ескірмес естелігі не болды?
есейіппісің?
Жасаған Иеммен, ата-анам, туған-туыспен байланысым не болды? уәдемнен айнып, бетім қайтып, арамыз суып, дүние қуып, жүз шайысқан, қош айтысқан тұстарым жоқ па екен?
ненің соңындамын? нені көп ойлаймын? дертім не, дұғам қайсы?
көңілде жүрген көп сауалға жауап таптым ба? санада сарнап жатыр ма со күйі?
өтірік соққан, ыржың қаққан, жүзі жайда, сөзі майда кісілер бар ма төңірегімде? кімнен алыстадым? дұшпаным кім, бауырым бар ма?
бергенімнен алғаным асып кетпеп пе? қолыма Құдай салған ризық-нығметтің шүкір-зікірі өтелді ме? өзім тауып, өзім ішіп түгесіппін бе?
неше кісіні қарыздан, уайымнан, адасудан алып шықтың, кімдердің үміт отын жақтың? кімдердің көңілін ауладың?
өзіңді өзің қамшылаппысың? жариялаған challenge-ің не болды? тізгін бос, еліріп, екі көзің алақ-жұлақ жүріппісің?
былтыр әлем аралап, ел көрем деген едің, биыл ше? сапарға шықтың ба, “ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?”
үй болуың, отау тігіп, шаңырақ көтеруің үшін қам-қарекетің қалай? тиянақ жоқ, тоқтау жоқ қалпыңда қалыппысың?
денсаулығың үшін нені тәрк етіп, нені қолға алыпсың? әлде салдыр-салақ, немғұрайды жүргенің жүрген бе екен?
үйренуден жиреніп, ілім ізденуден айнып, тұрақтылықтан тайқып кеткен бе екенсің? басталған іс бел ортада тасталмап па?
биыл нені ұмытпау керек?
рақметіңді айттың ба? адамға, Аллаға.
жоспар жазамысың?

есеп беріп, ес жиюға септігі тиер…шүкір-пікірге себеп болар. санаға салмақ – тұлға болмақ.

men❤️‍🩹

03 Dec, 09:33


жұлдызбысың?

пенде пақырдың өзін жұлдызсанауы жарық нұрдың өзінен тарап, ішінен шығып шартарапқа тараған шоқ сәуле деп ойлауынан. әсілінде, жарық шашқан сен емес ең… тегінде сен жұлдыз емес, қарапайым қара тассың.
сенің жарығың өзіңнен емес Күннен екен. нұрын уақытша шағылыстырған қарапайым тас едің…Күн болмасаң кім боласың? қараңғы, тақыр денесің жай.

сұлу сәулені, нұрды “мен таратып жатырмын” деп ойлаған “жұлдыздың” мысалы тәкаппар, кекірт кісілердің мысалына ұқсас. бәрін “өзім таптым, өз қабілетіммен жеттім, білік-білімім арқасында” дейді. негізінде ол уақытша, қарызға берілген Күн сәулесінің шағылысы ғана. Ай Күн болмаса ажары ашылып, жарық шағылыстырмас еді…сол секілді. елдің бәрі жұлдыз емес. жұлдыз біреу-ақ – Күн!
бәріміз Күнге қарызбыз.

men❤️‍🩹

29 Nov, 07:38


💖
“ертеңіме екеу болып қараймын…”
нәзік наз. іңкәр сезім. мақпал майық.
ертең, болашақта үйленіп жатсам, әйеліме осы сөзді арнаушы едім))) мәһһәббәт турасында жазылған мың бір ән, сан мың өлөңнің өзгешесі.

суретте талғампаз ақын Жарасқанның Әбдірашы және жан жары – Нәзігүл.

men❤️‍🩹

27 Nov, 15:14


адамның жауы иегінің астында

Құдайға құлшылық бір қазынаға ұқсайды. ол қазынаның кілті – дұға. кілтінің тістері – адал ас*.
(Яхия ибн Муаз Рази)

*тілеген дұғаның қабыл болмай жүруінің бір себебі кісі алдап тапқан арам ақша, пайыздан тапқан табыс, жемқорлықтан жеген тамақ та болуы мүмкін.

🗝МәшҺүр Жүсіп әулие бір сөзінде былай деп түйеді: “…ұшқан құсты торға, жүйрік аңды орға түсіретін тамақ екен. жұтқан тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. ол не жау десеңіз – жұтқан тамақ: жалғанда мазақ, ақыретте азапқа түсіретін – тамақ. тамақтан тартынған бәрінен халас болады”.

men❤️‍🩹

24 Nov, 15:20


🌷
гүлдің жайын піл қайдан білсін?! түрін білгенмен, сырын танымайды. қысы-жазы гүл иіскейтін құстар ғана гүл табиғатын таниды.
сол секілді әр нәрсенің құпия сыры болады.
махаббаттың жайы да сол – оқып алуға келмейді. сүйгеніңді танымайынша “сүйдім” дей алмайсың. адам танығанын ғана сүймек. білгенін емес.
кісі баласы танымағанының жауы…

men❤️‍🩹

21 Nov, 11:23


– ағай, жас келді ғой, қашан үйленесіз?
– жас келгенде емес, керек кісің жолыққанда үйлену керек. жас келгенмен, жауапкершілік “келмесе” тағы қиын…

*жолығу демекші, адамдар кейін жолықпайды олардың рухы әуелден бірге болған, сезеді. тек кейінірек кезігеді деуші еді…кей кісілерге қарап аңсарың ауып, көңілің кетіп, сөйлескің кеп тұратыны қайда… дәл сол сезім💖

men❤️‍🩹

21 Nov, 10:38


мәһір демекші…💰
имам Ғазалидің кітабынан түйгенімді жаза кетейін.

ниет – амалға себеп. дене (сыртқы пішін) – ішкі ниетке себеп. қоспасыз ниет қана ықылас деп аталады. біреу айтқасын ғана немесе “аз тамақ жеп денсаулығымды да жақсартып алатын болдым, ауызашарға шақырады” деп бекіткен оразаның ниетінде қоспа бар, ол Хақ тағаланың ғана разылығын көздеп жасалмаған делінеді.

жә… амалдың рухы, салмағы тәнің арқылы жасалған қимылдармен емес, ықылас-ниетпен өлшенеді. тағат-құлшылығыңды денеңмен қанша әрлесең де, ішіңе сәулесі түспесе бекер.
амалға үкім (жақсы-жаман, шынайы-жасанды) істің әу бастағы ниеті арқылы беріледі. мәселенки, үйленейін деп отырған біреу имам мен қалыңдықтың көзінше “мәһірін берем, өтеймін” деп тілмен уәде етіп алып, алайда іштей “ұмыттырып жіберем, бермеймін” деген жымысқы ниетпен неке қиса, некесі қиылған сәтте зинақор болады. себебі, некенің негізгі шартынан аттап, іштей тәрк етуді қалап неке қиды. сырт көзге амалың дұрыс-ақ, ішкі ниетің іріген болса бекер. дәл сол сықылды қарыз аларда уәдені үйіп-төгіп, іштей “ұмыттырып, қайтармай кетем” деген ниетің болса, қарызды қолыңа алған сәтте саған ұры деген үкім беріледі. үкім жүректің қалауы мен халіне байланысты беріліп отыр.

💰p.s.: еее, біздің қазекең өзіне таныс емес терминге еліргіш, еліктегіш келеді ғой. мәһіріне аузын айға білеп, үй, көлік сұрап жүрген әпке-қарындастарымыз ол шариғи термин екенін, сол шариғаттағы некенің шарты мен қақысын біле ме екен…неке – ақыреттік құндылық. ол дүниеуи, уақытша құмар үшін құрылмайды. дүниеуи жылтырағы бар жағын ғана жақсы көріп, ішің еріп, ақыреттік бөлігіне былқ етпеуіміз қалай…мәһіріне ат басындай алтын сұрап жүргендеріңіз ақыретке сене ме екен әуелі, соны ойлаңыз.

men❤️‍🩹

20 Nov, 17:25


🎁
бүгін…жасыма жас қосылған күн.

Жасаған Иемнің рақым-шапағатына шүкір дейміз.
қартаймадық. қайта алмайтын, қайтармайтын дем ақырет қазынасына жиналып, қатталып жатыр. бәріміздің барар жеріміз, тұрақтар мекеніміз даяр. әр қадам – деміміз. бір күні дем үзілер. әзірше ол дем-қазынам қолымда тұр. жан қалтамда жүр.
жасармадық. “жасар ма едік?” деген іс көбейді. адам қартайған сайын құлшынысы жасарады деген рас.
ес кірді. асыл мен тасырдың, арзан мен маржанның, ақыл мен тақылдың парқы білінді. ескіретін нәрсе культ боп жарытпайды, ес кіргізбейді, тегінде.

осы отырған ойлы оқырманыма ықылас-пейілі үшін разымыз. жүрек үніне үңілген, көңіл айнасына дақ түспеген сәулелі кісі болмаққа ниет етейік🩷

men❤️‍🩹

19 Nov, 13:36


☁️
“жанып тұрған шамның майы төгілген сайын жарқырай түседі…” адам да солай. “жарқырау” үшін көз жасы керек болады кей кездері. шынайы, риясыз.
шын тәубенің көз жасына періштелер таласады дейді кітаптарда.
бір тамшы көздің жасындай…

men❤️‍🩹

16 Nov, 18:08



қазақта құт деген киелі ұғым бар. құт санға бітпейді, санаға бітеді. олай дейтініміз – берекет көпте емес, қанағатта. құтты ешбір санмен, еш арифметикамен есептей алмайсың. ынсап жоқ жерден құт қашады.

құт іске қонбайды, “ішке” қонады. іш дегеніміз – рухани әлем. сыртын сылағанмен, ішің лас болса бекер. олай дейтініміз – әл жетпеген жерге жүйрік көңіл жетеді. қайыр қыла алмағанның пейілі таза болса, жақсылыққа іші ерісе, құт қонғаны…істей алмаса да.

құт қонған кісі “бас көзімен” әуре болмайды әсте. кісінің сыртына қарап үкім шығармайды. ішіне үңіледі.

құт қатты айғайға қонбайды, үнсіздіктен үн іздегенге қонады. гүлді найзағайдың күркіреуі емес, жомарт жаңбырдың сылдыры өсіреді.
…әйтпесе, дауыстың зоры есекке тән. оған сүйініп жатқан ешкім жоқ. көңілге жол салар үн биязы, жұмсақ келеді. қатқыл үн жүректі жұмсартпас…

🪻құт қашпасын.

men❤️‍🩹

14 Nov, 10:25


4️⃣0️⃣🔝

жақында “жаһан” журналынан қызықты бір мақала оқып қалдым. содан тобықтай. сүбелі деген жерлерін жаза кетейін.

адам баласының кемеліне келіп, өзінің саласында салуалы биікке жететін кезі – қырықтың төңірегі екен.
кей кәсіпкерлер жас кезінде жасындай жарқылдағанымен, өмірлік жобаларын қырықтан асқанда жүзеге асырыпты.
марк тсукерберг пен билл гейтстің әлемдік империяларының іргетасын жиырмаға жетпей төсегені, стив джобстың аpple шаңырағын жиырма жасында көтергені де рас.

☕️бірақ джобстың бағын ашқан, табысын молайтқан жұлдызды инновация – iрhone жұртшылыққа жеткенде ол 52 жаста екен.

↗️сол сияқты жеф безос кітап сататын платформа – amazon-ды әмбебап дүниеге дүкенге айналдырғанда 45-те еді.

📚пенсильвания университеті жанындағы уортон бизнес мектебінің профессоры даниел кимнің зерттеуі бұл сөзімізді қуаттай түседі.
Оның әріптестерімен бірге жүргізген “аge and high growth entrepreneurship” деп аталатын ғылыми жұмысы америкадағы ең табысты кәсіпкерлердің жұлдызы жиырмада емес, алпыста да емес, қырықты орталаған шағында жарқырайтынын көрсетеді.

даниелдің айтуынша, 2007-2014 жылдар аралығында ақш-та компания құрған кәсіпкерлердің орташа жасы – 42.
даниелдің командасы зерттеудің аймағын кеңейтіп, хай-тек стартаптар мен патенттерге байланысты салаларды да тексеріп көрді. ғажабы сол, бұл тарапта да орта жас – 43 жас екені анықталды.

✏️кремний аңғары мен бостон төңірегін ғана зерттеу нысаны етіп алды. сөйтсе, бұл жақта да бизнес негіздеушілердің дені отызды жеміріп, қырықты толтыра бастаған байсалды кісілер екені белгілі болды.

💬тарихқа қарасақ, қалам ұстағандардың да өмірлік жобаларын қырықты алқымдаған кемел жаста тәмамдағанын байқаймыз. мысал үшін, толстой өзінің “соғыс және бейбітшілік” деп аталатын атақты шығармасын отыз алты жасында батсап, қырық бірінде тәмамдапты.

📚мұхтар әуезов те “абай жолының” бірінші кітабына осы жаста кірісіпті. толстой мен деңгейлес жазушы – тургенев те “рудин”, “дворян ұясы”, “қарсаңда”, “әкелер мен балалар” атты романдарын отыз жеті мен қырық төрт жас арасында таңбаға түсіріпті.

☁️бальзактың “горио әкей”, “үзілген үміттер”, “аңғардағы лала гүл”, “цезарь бирото”, “ескілік мұражайы”, “аңғардағы лала гүл”, “цезарь бирото” тағысын тағы романдары өмірінің осы белесінде дүниеге келіпті.
достоевский қырық жасында “тапталғандар мен қорланғандар”, қырық бір жасында “өлі үйден шыққан жазбалар”, қырық төрт жасында “қылмыс пен жаза” романдарын жазса, джойс қырық жасында “улисс” романын, хемингуэй қырық бір жасында “қоңырау кімді жоқтап күңгірлейді” романын жарыққа жеткізіпті.

💡келешектің кірпішін қалайтындар қызу қанды жиырмадағылар мен отыздағылар емес екен, байсалдылыққа жеткен, абайшылдықты үйренген қырықтағылар мен елудегілер екен.
жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын көтеретіндер де, мемлекетке салық төлеп, келешек ұрпақтың жолын ашатындар да осылар екен.

💡демек, университетті бітіре салысымен, стартапер атанғысы келетіндер мен әлемдік компания құрғысы келетіндердің салы суға кетіп, жолы болмай жатса, жабықпауы керек.
тсукербергше түнекті жарып шыға алмағандарына налымауы керек.
себебі өмірлік шаруаға кірісетін жасқа келмеді, бар қызығы алда деген сөз.

🔗жаһанды” жата-жастана оқыңыздар, ағайын.

men❤️‍🩹

13 Nov, 08:40


ағайым қайтқалы жыл өтіпті. шын дүниесі, бақи мекені пейіш, арты кеніш болғай жарықтық ағайымның.

өкіл баламсың” деуші еді жымиып. ғылымдағы әкем, кафедрамыздың дуалы ауыз ақсақалы, қазақ тіл білімінің жоғын түгендеп, тарихи грамматикада соны соқпақ, тың тұжырым, іргелі теориялық әдістеме ұсына алған санаулы ғалым еді…
ағайым көңілшек, кісіге қылдай қиянаты жоқ көгершін кісі еді…”таңдауым саған түсіп отыр. тақырып берсем, қорғай аласың ба?” дегені есте. ағайды өзімше бір аптадай күттіріп барып, алдына барып, батасын алып едім. баламысың деген…үйіне талай қонақ қылды. соңғы уақта практикалық сабақтарын жүргіздім. жүзі жылы, сөйлесе сойып, ойласа ойып түсетіндей санасы сергек, шын ғалым еді…
ағайым бақытты ұстаз, ақ жолдан айнымаған ұлағатты кісі еді…қарыздармыз! сағынамыз.
сабағын дұға-зікірмен бастайтын. аузынан Алласы түспеді.

p.s.: мына видеода “жиырма жылда жолыққан, ілімімді жалғастырар жалғыз шәкіртім” деп отырғаны мен едім. тілдің пайда болуы, дыбыстар тарихына қатысты (неотип, архетип, прототип” диссертация жаздырды.
қола кілтін аманаты еткендей болды
осы сұқбатынан-ақ ағайымның ақсақалға тән алымды ақылын, бекзат болмыс, терең пайымын аңғарасыз.

men❤️‍🩹

09 Nov, 10:40


‼️
жүзім жеп жырғап жатсыздар ма?) өткенде дубай асқан шоколадты итпен іздеп, дүрлігіп, жеп барып тыныш тауып едік. ел боп еліріп, жұрт жоп жабылып жүріп саттық. біреудің қаңсығын таңсық қылғанға, дөй даладағы біреуді байытқанға мықтымыз. жооқ…санаға салмақ салар сүбелі сөз, пайдалы журнал, мықты бір дәріс шықсыншы…қыстырмаймыз, қызықпаймыз, таратпаймыз, елірмейміз. бір мысал келтірейін – өткенде қбту ұжымы үлкен ғалым, профессор барбара оаклидің дәрісіне шақырды. о кісінің “аты дүркіреп тұрғаны елге мәлім” тамаша ғалым. “learning how to learn” деген идеяны насихаттап жүрген зерделі зерттеуші. соған толық қатыса алмай, youtube-тан дәрісін іздемеймін бе, содан қызық…аксондар мен нейрондарға қатысты дәрісін орысшаға аударып, жүктеп қойыпты. 17 қаралым, 0 лайк, ешкім бөліспеген, таратпаған, іздемеген! теп-тегін дүние. шоколад іздеп шарқ ұрған, жүзім жеп жырғаған жұртты ойладым… ойға қатысты, жазу-сызуға байланысты, дін-дүниеге тиісті ілім-білімге келгенде кежегесі кейін тартып, тыржиятын қоғамдамыз. сөйтіп отырып, Абай айтпақшы, “күлмеңдеп келер көздері, қалжыңбас келер өздері, кекектеп секек етем деп, шошқа туар сөздері”.
дүниеге дүрліккіш, мақшарға амалсыз…көпте ақыл жоқ.

men❤️‍🩹

06 Nov, 14:50


кітапсыз=ойсыз
ойсыз=мақсатсыз
мақсатсыз=қарекетсіз
қарекетсіз=бос
бос=амалсыз
амалсыз=жансыз


🏌️ой – адамның қайрағы.

men❤️‍🩹

06 Nov, 14:42


🧠
деректі фильмнен түйген ой:
“санасы лайланбаған баланың қолына интернеті бар смартфон ұстату оған есірткі сатып әпергенмен тең.
неге дейсіз бе? екеуі де ми құрылысын айтарлықтай өзгертеді. әсері, зияны бір. біраз уақыт наша шеккен кісінің миындағы зақым қандай болса, телефонға тәуелді кісінің де санасында, миында да сондай өзгеріс болады”

men❤️‍🩹

29 Oct, 08:09


‼️қарашаға тіркеу ашық.
адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады” деген сөз бар. тақыл-тұқыл ақпардан, жеңілтек контенттен жалықсаңыз ойшылдарға, ілгерідегі ізгілерге жүгініңіз…

🚀мына жерге жазыңыз:
https://t.me/aryn_qunanbai

men❤️‍🩹

27 Oct, 13:46


🧮
біздегі мұғалімдердің көбі мақсұты мен құралының орнын ауыстырып алған. мұғалім пәнді емес, пәнді үйренудің тиімді жолын үйретуі тиіс еді. үйренудің өзін тартымды, сүйкімді бір іс етіп көрсетуі тиіс еді…біздікілер пәнін, ережелерін, тақырыптарын тықпалайды. қызықпасаң (қызықтыра алмай отырып) қатеге санап, екі қояды, ұрысады.
математиктің міндеті баланың сартылдатып санап, берген есебін ойланбай шештіру болмауы керек. себебі… (1) ол мақсатқа жетпейсің. баланың бәрі санды сүйе бермейді. (2) ондай функцияны калькулятор атқарады. сіз іздеген машық балада жоқ.
балаға математиканың өзін емес, қоршаған орта, мына әлемдегі математикалық заңдылықты байқап, есептеп үйренуді үйретуі тиіс екен…есептің өзін емес.

men❤️‍🩹

25 Oct, 15:55


🇰🇿
елдіктің ертеңі, таным тұтқасы – тіл. дәл біздің құндылықтар қарымы көмей мен көкейге біткен, таңдай мен маңдайға құт боп дарыған тіліміздің көкжиегіне тікелей тәуелді. дәл бүгінгі айшықты күннің атаулы ісі – тілім-тілім болған тілдің жыртығын жамау, керегін түгендеу.
ту ұстап ән айту, ышқынып флешмоб түсіруден май шыға ма?! ондай науқаншыл үрдісті өзім жақтыра бермеймін…нақты пайдасы тиетін, адамдық қарызы мен игілігіне жарайтын салмақты амалдың соңына түспек керек…

🔠қараша айының концерттік кестесі
қарашадағы концерттер кестесі
қараша айындағы концерттер кестесі
қарашада өтетін концерттер кестесі

🔠кішіпейілділік, бауырмаластық
кішіпейілдік, бауырластық

🔠бірдеңені үйренудің тез жолы
бірдеңені үйренудің төте жолы

🔠…келесі сұрақтарға жауап береді
(…на следующие вопоросы)
мына сұрақтарға жауап береді

🔠доценттік кабинет, дәрігерлік кеңес
доцент(тер) кабинеті, дәрігер(лер) кеңесі

🔠талқылау арқылы өткен сабақ
талқы сабақ
талқылаған сабақ
талқыға салған сабақ
талқыланған сабақ

🔠тілді сақтау
тілге ие болу
тілің тарту
тіліңді тыю

🔠маман ретінде көру қиын
маман деп тану қиын
маман деу қиын

🔠…болмашы дүниемен әуреге салуы
болмашы нәрселермен әуре етуі
түкке тұрмайтын дүниені әуре етуі, сарсаңға салуы
күйкі тірлік, қу дүниенің әуре-сарсаңына салуы
қу дүниемен әуреленуі

🔠мүлк
мүлік

🔠осындай сипатта боп қалудан сақтана біл
осы сипатты пендеге ұқсаудан сақтан
сол сықылды сыпаттан сақтан
осы сыпатты кісілерге ұқсаудан сақтан
сондай сүйкімсіз сипаттан сақтанғаның жөн

🔠қарилық орталық
қарилар орталығы

🔠кафедрада лайым осындай мәжілістер
кафедрадағы әдеттегі мәжіліс
кафедрамыздың дәстүрлі мәжілісі

🔠әлсіз жігіттің назары қызда
нашар жігіттің көңілі қыздарда
әлсіз жігіттің ойында қыз-қырқын

p.s. бұлардың көбі стильдік айшыққа, қазақы сөзсаптам жүйесіне томпақ келетін мысалдар.

men❤️‍🩹

24 Oct, 11:47


соңғы бір-екі ай күні-түні метрода жүріп жатырмыз. қбту-ға солай жетпесем, қала іші кептеліс. мініп-түскенде байқаймын, қолына кітап ұстап, бірдеңелерді оқып тұрғандардың көбі қыздар. түгелі десем де жігіттер ренжімес. бозбала біткеннің бәрі смартфон сипап, өзегі талып, көзінің нұры тайса да ойын ойнап тұрады. ой қозғауды, санаға салмақ салуды қажет етпейтін қоқ-соқпен әуре көбі, салпаң-салпаң…жігіттік шақта ауа теуіп салаңдағандар со беті бостыққа, кежірлікке, әуейілікке әуестеніп, қоғамға пайдасы тимейтін, қажыған, еріккен, идеядан мақұрым, мақұлдасқыш көптің бірі болады екен…

имам Ғазалидің кітабынан оқығаным бар еді:бос отырған жігіттің жолдасы шайтан болады. оның жүрегі де аты жаманның ұясы. жігіт адам кәсіп, жұмыс-шаруа істеп, зікір айтып өзін шайтанның шатпағынан алыстатсын. жүрегін айтқанына көндіре алмайтын әлсіздер бойды босқа салмай, денесін еңбекке баулысын, жұмыс істесін. бұндай жастың бос отыруына болмайды. хадисте де “Алла тағала бос жүрген жасты ұнатпайды” делінген.

men❤️‍🩹

20 Oct, 15:40


стилистка сабағы✏️

🔠ең жақсы дұға не?
дұғаның абзалы қайсы?
ең жақсы дұға қайсы?
дұғаның төресі қайсы?

🔠пәлен кісі тегін тұлға болмаған.
пәлен кісі тегін адам емес
пәлен кісің оңай адам болмағанға ұқсайды
пәлен кісіңіз текке жүрген адам емес

🔠тән ризқы
тән(нің) ырыздығы

🔠сауатыңызды ашып жүріңіз
дұрыс сөйлеңіз
тіл ұстартыңыз
сауатты болыңыз

🔠мен жеңілгенде үш қана қоңырау түсті
мен жеңілгенде үш-ақ адам хабарласыпты
ұтылғанда мені іздеген үш-ақ адам болды

🔠тағамдағы ысырап
ішіп-жемнің ысырабы
тамақтың ысырабы

🔠уақыттағы ысырап
уақыттың ысырабы

🔠харамға шығын жасау
арамға шабылу
арамға шығындалу
арамға ақша шашу

🔠сол мүмкіндікті жіберіп алмау керек!
сол мүмкіндіктен қақас қалмау керек!
сол мүмкіндіктен қапы қалмау керек!
сол мүмкіндікті текке жібермеу керек!
сол мүмкіндікті зая кетірмеу керек!

🔠шаштың сиректеуі
шаш сиреуі

🔠ширақ әрекет жасау керек
ширақ қимылдауы керек

🔠ғибратты оқиғамен сіздермен бөлісейін
ғибратты оқиғаны сіздерге айтып берейін

🔠сәлем беруде сараң
сәлемге сараң

🔠нәзік тақырып
шетін тақырып

men❤️‍🩹

17 Oct, 18:09


көрегендік…біреудің қылығын мен былығын, кем-кетігін көрмейтін кісі оғлы жоқ. шұқып-нұқып, саусақ шошайтатындар, пыш-пыш өсектейтіндер иттен де көп. нағыз әдеп иесі, көрегендер ғана көрмеген кейіп, байқамаған сыңай танытады. көріп тұрғанның бәріне көпіре берсең нең қалды…оны “тағафуль” деп жатады.

насихатшының өзіне тиісті насихат бар…
біздің міндет бауыр болу еді ғой. сүннет жолы, мұсылмандық әдебі “көңіл қағбасына” тас атпай, тігісін жатқызып сөйлеу еді ғой.
күнә дәриясына ғарық болған, нәпсі батпағына белшесінен батқан адамды құтқару үшін “қолыңды бер” дейтін бірбеткейлер емес, “қолымнан ұста” дейтін жауанмәрт кісілер керек.

біреудің мінін кешірсең,
саған да Құдай кешеді.
бәрін де қылмай, есірсең,
төбеңді əлі-ақ теседі.

көңілі жұмсақ адамның
күрмеуін Алла шешеді.

рахымсыз, пейілі жаманның
орны дайын деседі”
Шәкәрім қажы.

🔗үзінді имам Ғазалидің “Бақыт формуласынан”.

men❤️‍🩹

15 Oct, 14:56


#талғар
құндылығы құбылып тұрған қоғамның дерті осы –
тереңдеген сайын кереңденетін, мыңжылдықтарыңды мылжыңдық санайтын, құмбыл дүниенің соңына түскен, ақыретке жау, малға дос кісілердің көбеюі.
баяғыда, 7-сыныптан өте бере, ұлдар “жігіт” бола бастаған уақта темекі шеккенді, талтаң қаққанды, біреудің жағын айырған, шләпісін қайырғандарды әлдеқандай мақам иесі, абырой көретін. ұқсағысы келетін. тентегін тезге салар кісі аз етін.
сөйтсек, алдыңғы толқын ағаларымыз оңбапты, үлгі болар, арқамыздан қағып, жолсілтер жігіттер болмапты. бізден 1-2 сынып үлкендерді айтам. 4-5 жыл бұрын мектеп бітірсе де 7-11-сыныптардан ақша жиятын жармағырлар жүретін ауыл жағалап. қайдан шыққан көрбасты көргенсіздік…ұят қой. әлі бар ондайлар, Құдай біледі.
танауын адырайтып, жұдырық түйіп, сабақтан қашып, сөзінде тұрақ, ісінде тиянақ жоқ өрекпіген желөкпелерді бағыттап жіберер жігіттер, ағалар болмапты. желікке ергесін солай болады дағы…
қоғам білекке емес, білім-білікке ауысса…”ақылы аздың ашуы көп, таяз судың тасуы көп” дейді. тұмсық бұзғыштарды әлдеқандай “жүректі” санауды қою керек. ашудың жаратылысы оттан. от жүрген жерде жою, жандыру, өрт болады. шайтан да оттан. ашуын тежеп, ақылына билетпейтін, Абай айтпақшы, “лап бергіш, к…ті айналғыштың” болмысы шайтанға көбірек ұқсас деген сөз. жалпы, ашуы көп адамның табиғаты шайтанға көбірек келеді деген сөз. бұл Имам Ғазалидің сөзі.

Абай түйіндесін:
“қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?”.

men❤️‍🩹

13 Oct, 03:54


📎мықты ұстаз, ең әуелі, өзін шәкірт сезінеді. нашар шәкірттің өзі мықты ұстаз, тегінде.

📎кітапты тез түсінудің төте жолы – асықпау. тез, жылдам қағып алу үшін баяу оқуды меңгеру керек. тез оқуды емес…

📎жан жүрегіңде жоқ сипатты тәніңмен, денеңмен бар ғып көрсетуге тырысу – екібеткейлік. сыртың сылап, өң бергенмен Алла елемейді. Құдай Тағалаң [қалыбыңа] қарайды. сол жерді жуып-шай.

men❤️‍🩹

11 Oct, 11:37


👛
жыл аяғы таяды. есті адам есеп береді. жиырма төрт жиырма беске жымыңдап, сырғып, жылжып барады…
не бітіріптік?
не істеп, не қойыптық?
ойға алған іс со күйінде қалып па екен әлде?!

ниет пен амалдың арасы неғұрлым алыс болса, соғұрлым көкжелкеңдегі жалқаулық жуандай береді. іске көшу керек.
амал ниетті күшейте ме, ниет амалды ма?
амалдар саны ниетті күшейте түседі. бұл іске кірісу керек деген сөз. қолда бармен бастап кету керек деген сөз.
сол кезде ғана ниет күшейіп, таза ықыласқа, кіршіксіз көңілге жетеміз. бастайық. ниеттің күшейгенін, нығайғанын күтіііп отыратын уақ емес.

men❤️‍🩹

10 Oct, 12:00


💡
– бақытты деп кімді айтса болады?
– өзі өлгенде күнәсі де “өлген” адам бақытты. нағыз бақыт сол – о дүниеге таудай-таудай күнә арқалап бармау.

хәкім Абайда “үй жолдас” деген тіркес бар. үй деп отырғаны – қабір. жолдас дегені – тән құмары емес, жанның қамы. жанның қамы дегені – махаббат, ар, әділет.
жә…біз жақсы көріп, ындынымыз кеткен, сүйікті еткен іс-амалымыз біз қайтқанда шіріп-жоғалмай, “үй жолдас” болса, саған шапағаты тисе, міне, жетістік, мәңгілік бақыт.

men❤️‍🩹

06 Oct, 12:52


❗️
кітап талдайық!
кеш жарық, ойлы оқырман!
онлайндағы ойталқыға тіркеу ашық. бір ай ішінде (зумда) екі рет кезігіп, Абай-Ғазалидің “егізаяғына” асықпай-аптықпай тоқталамыз, бұйырса.
ойға ой қосыңыз. санаға салмақ салыңыз…
p.s. кітапталқы “баяу оқу” форматына негізделеді. жылдам оқу емес. бізге көп кітап оқу емес, кітапты көп оқу маңызды
(тек бір топ қана ашам)


🔗тіркелу үшін мына сілтемеге жазыңыз:
https://t.me/aryn_qunanbai

men❤️‍🩹

05 Oct, 16:48


баяғының бай заманында сатып алғанмен бетін ашпаған, мелшиіп, мөлиіп тұрған, саған телмірген кітаптардың көптігі сонша – қайсыбірін оқырыңды білмей, он ойланып, тоғыз толғанып, бәрін ақтарып шығып, қыл аяғы сол күйі смартфон сипаған күйі кетесің…
адамның осындай кездерін сипаттар атау керек болды👀🌛

менің де әйгілі эссеист умберто эконың (анти)кітапханасы секілді жеке кітапхана-үйім болса ғой…деп қиялдап қоям тағы.

men❤️‍🩹

04 Oct, 11:39


#тілұстарту✏️

айтпақшы, осы біз неге еліміздің атын Kazakhstan деп жазамыз?) төл әліпбидегі әріп-таңба жағы нашар екені өз алдына, жалтақ емленің салдары ма деп қалам. ана тұрған kh – орыстар
айтатын “казахтың” х-сы. бұл қисынға салсаң, я khazakh боласың, я kazak боласың. бір дыбыстың бір түбірде тұрып екі түрлі таңбалануы дұрыс емес. біз өз ұлтымыздың атын (тіпті!) өзімізге ыңғайлауымыз керек шығар...
сосын… тіл үйренетін кітаптарда “I have” дегенді сыдыртып “менде ____ бар” деп шыққан. бұл да жалтақтық.
“статус документа” деген тіркесің баяғының бай заманында “құжат мәртебесі” боп кеткен. бұның да жырғап тұрған жоқ.
қазір “апай” деуге де қысылатын болдық…оны бәзбіреулер “некультурно” деп тыржияды. бұл туралы тарқатып жазғам. мына жерден оқып шығыңыз.

қазақ бата-тілекке жомарт, аңқылдаған халық. сол тілек айту, лебіз жағы жұтаңдап кеткен. өткенде лифтіден шыға бере (Қытайдан келген) көрші апам “сәбидің ұйқысын тілеймін” деп қалды. біз жасанды жылтырақ “қайырлы түн” дегенге құмармыз. ондай-ондай “іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын” естімегелі қай заман…кібіртіктеп барып “әумин” деппін)
тиктокта тағы бір қандас апам “ақ таңнан ақ сәлем!”, “шаруаның шат-шәлекейін шығардым” деп жатады. біз ше? өте қарабайыр, танымға томпақ бір етістіктерді айтар едік…
сөз байлығы сана байлығы емес пе…
тағы бір үлкен кісіден екеуара әңгімелесе отырып “ұзын құрық, кең тұсау”, “сансырау”, “ыңыршақ”, “ыза сырық”, “ажығұнық” дегендей сөздерді естіп қалдым.
оны қойшы, “әкебас” деген еркелеткенде айтатын сөзді Моңғолия, Қытай, Түркия қазақтарының ғана аузынан естідік…

men❤️‍🩹

03 Oct, 06:31


💭оймақтай ой:
әр адамға Жасаған Иесінің жеңілдеткен, оң жамбасына келтірген, басқаларға қиын көрінген, бірақ тап саған оңайлатқан бір ісі бар. соны іздеу керек. іздегеннің бәрі таппас. бірақ тапқанның бәрі іздепті.
сен іздеген нәрсең сені де іздейді.

men❤️‍🩹

02 Oct, 13:23


“мәсағаааан!” деп қоям ішімнен😍
шүкір…он мыңға таяппыз ғой. осында отырған ойлы оқырманымның қолын қысып, құшақтадым💞
“ой – адамның қайрағы” деген…

баяғыда әл-азһар бітірген ғалым ағамыз сұрақ қойып еді – “күллі ризық атаулыны Алла тағала біз шүкір еткен соң ғана беріп жатыр ма? әлде…бүтін ризық-нығмет атаулы біз шүкір ету үшін беріле ме?” деп. мелшиіп қалдық.
сөзін былай жалғады: “күллі ризық біз шүкір етіп, Алланың “Раззақ” есімін тану үшін беріледі. әйтпесе қисапсыз нығмет атаулыға шүкір ете алмай, шамамыз келмей, сұраққа қалушы едік. осыны түсінген адам баласы аз ғана амалына алданбайды, бақай есепке бармайды. “мен бүйте қойып едім, кейін Құдай сөйтіп жіберді” дегендей жеңілтек ойға, саудаға айналмайды.”

рас. бұл тоғыз мың пәленбай оқырман менің жеке басымның артықшылығынан, білім-білігім мен жиған-тергенімнің көптігінен, ілім қонғандықтан жиыла қалған жоқ…бәлки, солай болсын деп берілген нығмет. бәлки, бұл да бір шүкір етуге себеп.
жақсы болғандықтан емес, жақсы болсын деп берілген себеп.

рақмет сізге, оқырман.
сеп үшін, себеп үшін💖

men❤️‍🩹

01 Oct, 08:31


– кез келген нәпіл амалдан артық не?
ілім іздену.

men❤️‍🩹

29 Sep, 16:30


айтпақшы…📚

men❤️‍🩹

29 Sep, 10:52


‼️бізде гендер турасында айтылса жыныс жайында әңгіме айтып лағатындар бар екен. екеуі екі түрлі тақырып. сапыруға келмейді.
алғашқысы – кісінің қақы, кейінгісі – физиология. әйтпесе осы тақырып қаузалған жерде қызыл кеңірдек дау – “ақыры тең екенсіңдер, соғысқа барыңдар, әйелдер”, “теңдік дейтіндей бала туып па ең, еркектер” дегендей.
құқық теңдігі мен физиология теңдігін ажыратпағаннан шығатын қысыр сөз бұлар. біз дене тұрпат, күш-қуат, білек емес, қарапайым кісі қақын қаузайық, қорғайық.

💌кісі қақының сұрауы ауыр екі дүниеде де.
бір ғана мысал. шейіттер хақында Муслим жеткізген мынадай хадис бар екен: “шейіттің барлық күнәсі кешіріледі. қарыздан басқа”. Құдай тағала алдындағы қақы толық өтелсе де, кісі қақы жібермейді…

men❤️‍🩹

27 Sep, 11:26


әрнәрсені өз атымен атайықшы, пажалыста.

публичное терапияң “публичный ғайбат” кәдімгі. оның сыртын жылтыратқанмен, ар жағы мәлім – ел құлағын шулату.
әрі ғайбаттың ең ауыр, ең ауқымды түрі – жүрек ғайбаты. танымайтын біреу туралы сыпсың сөз жүрекке дақ, көңілге тат түсіреді. оқырманның ойына біреудің байы, тағы біреудің әйелі, енді біреулердің ұстазы туралы нас ой салуды айтам.
подкасты бар, рилс-милсы бар, кеше ғана бірге жатып-тұрып жүрген, бүгінде қырық пышақ күйеуі мен әйелінің бір-бірін ғайбаттап, ботадай боздап, екіауара құпия болуға тиісті нәрселерді бықсыту да ғайбат кәдімгі. кісі етін жеуден де жаман нәрсе. оны кей ғалымдар тағдырға құрметсіздік дейді, енді бірі “пайыздан да жаман нәрсе” деп тұжырымдайды. пайыздан жаман болатыны туралы жазғанбыз.
жә. ол ол ма…
прогрев” деген жармағыр тағы бар. оның кәдімгі желіде желіккен инфосығандардың жеңілтек әдісі – жоқтан өңгенің өңін айналдырып көпіру. қысыр сөз. біреудің өсегі пен төсегін аңдыған жармағырларға жем ол. оқырман санасы да блогер үшін аманат. оны ұғып отырған олар жоқ. сториз арқылы сатса болғаны. жауапкершілік қайда сонда?!
баласының қызуы көтерілсе де, сөмке алса да, бала көтерсе де, керек десеңіз кезіндегі қарыз-парыз, күпір-күнәсін көпіртір отырып жайып салады аудиторияға. бұныңыз нағыз лепірме. Құдай жасырған күнәсін көңірсітіп ақша тапқысы келеді…прогрев дейді тағы онысын)

біздегі жеңілтек блогерді желіктіріп отырған үрдістің дені ресейлік арзанқол инфосығандардан жұқты. жылап-еңіреп отырып түймедейді түйедей ету, өтірік дау-дамай, зардап шеккенін, қарызға батқанын, ішіп кеткенін, рас-өтірігі бар, әйтеу, “сақалын бояп жатқандар” жетеді.
прогрев дегеніңіз қалта қаққыш қулардың ісі – пыш-пыш өсек тарату, әлдеқандай етіп көлгірсу, ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етіп көку.
прогрев – көкіме.
прогрев арқылы сату – көпірме. өсек айтпай-ақ, кісі ғайбаттамай-ақ ақша табуға болады. құндылықтар – қаққан қазық. оны азық үшін қопаруға болмайды. жөні түзу “прогрев” рияға, мақтанға, өз-өзіңе ғашықтыққа апармаса керек…

🤓p.s.: көпке топырақ шашпаймыз, айып тақпаймыз, алайда біреудің қаңсығын таңсық көріп, әңкиіп-сәңкиіп жүріп, дөй даладағы сыпсыңгүл, бәдікбайлардың қалтасын қампайтып отырған өзіміз)

men❤️‍🩹

26 Sep, 18:18


‼️
– адамның ақылын тарылтып, ойын онға, санасын санға бөлетін не?
қарыз.

men❤️‍🩹

26 Sep, 18:16


☂️
– жақсылық қылудан да қайырлы не?
жамандықтан тартыну, тыйылу.

men❤️‍🩹

22 Sep, 05:33


әлемдегі мыйтанушылардың марғасқасы, академик, нейрофизиолог Н. Бехтерева бір сұқбатында былай дейді: “когда у человека есть ощущение, что он знает многого – это начало его конца или уже конец”.
нағыз ғалымдардың өресі осылай білінеді. шын ғалым өзін “ғалыммын” демейді. ғалымдығына күмәнмен қарайды.

📚жалғасы мына жерде.

men❤️‍🩹

20 Sep, 08:07


егізаяқ:
Абай-Ғазали танымында надан деген кім?
– есіл уақытын қайырсыз іске арнайтын, өз қолымен от көсеген қамсыз кісі. надан “бас көзімен” ғана ойланады. көңіл көзін шел басқан. ел көзі түсетін жерін жылтыратып сарсаңға түседі. Құдай қарайтын жүректе шатағы жоқ. терең ойдан, сау ақылдан қалған – өліммен бітіп жоғалатын нәрселерді құндылық көреді.
сен өлген соң-ақ сені тастай қашатын жылтыраққа алданба. оны іздеп, уақыт арнап, жалғасын таппайтын сағымға салынба…
“ғалымның хаты өлмейді” дейді қазақ.
қабірден ары қарай да сенің үй жолдасың болатын жақсы амалға серік бол, көңіліңе соны медет тұт.

22.09. жексенбідегі дәрісте осы іспетті егіз лебіз, егіз ой талданбақ.
тіркелем десеңіз.

men❤️‍🩹

19 Sep, 12:47


әр қазақ оқуы керек кітап – “Дайағашшы”, Ұларбек Нұрғалым.
әр мұғалім оқуы керек кітап – “Ойлау” (“Mindset”) Кэрол Дуек.
әр тілші оқуы керек кітап – “Сөздер сөйлейді”, Рәбиға Сыздық.
әр оқытушы оқуы керек кітап – “Эмоциональный интеллект”, Д. Гоулман.
әр әдебиетші тәпсірлеп бере алуы керек кітап – “Қара сөздер”, Абай.
әр ғалым оқуы керек кітап – “Инновация”, Ави Йориш.
әр психолог оқуы керек кітап – “Кимиа-и сағадат”, Имам Ғазали.
мінезін түзеймін деген әр адам оқуы тиіс кітап – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұрасы.
көркем әдебиеттен жалыққандар оқыса болады – “Дауысыңды естідім”, Рақымжан Отарбай.
ғибрат іздеген әр адам оқыса болады – “Тағылым таразысы”, Құдайберді Бағашар.

❣️тиктоктағы тақ-тұқ, түкке пайдасы жоқ шуылдақтан тасыр түсінікті ұрпақ тәрбиеленіп жатыр. соның алдын алып, санаға салмақ салатын контент жасасам ба дегем – анда-санда кітап талдау. жазылып қойыңыздар.