Деймін да!
Сайт және "көшірбайлар"
----------
Кейбір діни сайттар біздің ислам.кз сайтынан әрдайым көшіріп отырады. Анда-санда болса ештеңе емес. Жиі салып отырады. Өзі ізденгісі келмейді. Дайынға тап болғысы келеді. Ол дұрыс емес. Жаза алмаса, жаза алатындарды алу керек. Материал алған екен, мақұл, оған автормен қоса, сайтқа сілтеме берілу керек, олар сайтқа сілтеме бермейді. Бір сайттан, екінші сайтқа көшіріп қайталап отырғанды өз басым дұрыс көрмеймін, ол өнер емес. Әр сайт өзіне тән тың материал бөлісіп отыру керек деп есептеймін.
Сосын кейде менің жазбаларымнан қарап өз сөзімен жазатын адамдар да болады. Ол да көшірудің бір түрі. Мәліметті кімнен алынған болса, сілтемесі берілу керек. Негізі ең дұрысы, өзі шариғат кітаптарынан ізденіп жазуы тиіс немесе жаза алатын нағыз дін маманын алу керек жұмысқа. "Для галочки" біреудің жазғанынан құрап отыру жөн емес.
Әрине, кейде өзге сайттан материал алып салуға болады, бірақ алған сайтқа сілтеме берілу керек. Сілтеме берілмесе, ол ұрлықы болады.
Өз басым өзге сайттардан материал алмауға тырысамын. Қайталай беріп, оқырманды мезі қылудың не қажеті бар?!
Өзге сайттан материал көшірген кездерім болады, бірақ авторымен қоса, сол сайтқа гиперсілтемесін беріп қоюға мән беремін. Өйткені оны жазған не аударған кісі еңбектенді, уақытын жұмсады, ізденді, тер төкті, сондықтан еңбегін ескеру керек.
Сайт деген бүгінде газеттің орнын басып отыр. Сондықтан да, оқырманға қайталауды емес, барынша тың деректер, ақпараттар беріп отыруға ден қою керек. Біреудің еңбегін көшіріп отыру өнер емес. Арабша, ағылшын, түрік тілді сайттардан немесе кітаптардан қазақшаға тігісін жатқызып аударып салыңыздар, оның бәрі еңбек. Бәрі бір келкі болу шарт емес. Бір сайт өзге сайттан бөлекше болуы тиіс.
Кітап жазғанда да солай. Кей қазақша кітаптардың ішіндегі материалдың біразын басқа қазақша кітаптан көшіріп алғаны көрініп тұрады. Өзгеден көшіріп алатын болсаңыз, кітап жазудың не керегі бар?
Сол себепті "көшірбай" емес, шынайы жазушы болуға талпыну керек деп есептеймін. Оқырманға қай жөнінен де пайдалы болатын, тың жазба жазуға талпынған жөн болады.
Сосын әлеуметтік желідегі канал иелері де "көшіруді" жақсы көреді. Сөйтіп біреудің есебінен адам жиіп, кейін сол каналды сатады. Оның бұл әрекеті сол көшіріп отырған сайтқа зиян. Сайтты өшіреді. Ал біреуге зиян тигізу дінде ауыр күнә. "Анық мұсылман - өзге мұсылманға қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген мұсылман" делінеді хадисте. Екіншіден, рұқсатсыз көшіріп отырғандықтан ұрлық болып есептеледі.
Кейде қазақ тілінде жарық көрген кітаптардан да сайтыңызға үзінділер беріп тұрған жақсы. Ішінен ұнаған тақырыпты теріп жазып, саласыз, еңбектенесіз. Бірақ сол кітаптың авторы мен кітап атын жазуды ұмытпау шарт. Бұл ол кітапқа реклама болады. Оны оқыған оқырман, ол кітапты көрген жерден сатып алады. Онда да, бұл бүкіл кітапты көшіріп басу деген сөз емес. Әйтсе де, кей кітапта көшіріп басуға рұқсат жоқ деген ескертпе тұрады, соны ескермеуге болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) дін бауырының затын рұқсатсыз алудан тыйған.
Жалпы айтайын дегенім сол. Тың ақпараттар бөлісіп, сайттардың деңгейін көтеруге талпынайық! Назарларыңызға рақмет!
-----------
#деймінда #сайт #мақала #кітап