🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ @qarzhylyq_sauat Channel on Telegram

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

@qarzhylyq_sauat


Қаржылық сауатымызды бірге жетілдірейік!

Сайт: www.qsauat.kz

®️Кері байланысқа: @QSauatBot

📌 Пайдалы ақпараттар
📌 Сарапшылар пікірі
📌 Қаржыгерлер кеңесі
📌 Ресми статистика
📌 Сенімді дерек
📌 Сауалнама

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ (Kazakh)

Қаржылық сауат - бұл тіпті шарағаттарды жүзеге асыра отырып, керемет ақпараттармен ұсынылған Телеграм канал. Бұл каналда сіз қаржыгерлер кеңесі, сарапшылар пікірі, ресми статистика және сауалнамалар туралы ақпараттарды таба аласыз. Қаржылық сауаттың мақсаты - адамдарға толық үлес арттыратын жағдайларды ұсыну арқылы қаржылық сауатты бойынша танымдау жасау. Мұндай басты ақпараттармен жетекшілер, қаржыгерлер, және кеңес берушілердің орасында үүре боласыз. Толық танымды олармен бірге болыңыз - Қаржылық сауат каналына жазылыңыз!

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

20 Feb, 07:45


STAN.KZ, грантқа оқып, кейін шетелге шыға алмай қалдым деп шырылдаған маман туралы мақала қайда?🙈

Иә, екі аптадай уақыт бұрын осы сайтта грантқа оқып, кейін мемлекет алдындағы борышын өтей алмағаны үшін қарызына пеня қосылып, соңында шетелге шыға алмай қалған маманның жан айқайы жазылған мақала кейіпкердің суретімен бірге шыққан еді.

Онда, қолымызда қалған мәлімет бойынша, мемлекет алдындағы қарызы пайызбен өсіп келгенін айтқан кейіпкердің «мен мұндай міндеттемелер туралы білмедім. Бірақ мен сияқты мамандығымен кейін жұмыс істегісі келмейтіндерге грантқа түспеуге кеңес беремін» деген сөзі бар еді.

Сосын «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-каналы сол материалдың сілтемесін ұсынып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне 7 ақпан күні ресми сауал жолдады. Сондағы мақсатымыз — көпшілікке ақпарат жеткізу. Бала өсіріп отырған ата-ана немесе оқуға түсем деп жүрген талапкер — алдында не күтіп тұрғанын, грантқа түскен жағдайда қандай міндеттемелер алатынын біле жүрсін деген адал ниет еді.

Бірақ, министрлік сауалға жауап беру мерзімін (7 ақпаннан) 19 ақпанға дейін созды (!). Сонда да күттік. Білесіз бе, соңында қандай жауап алдық? Міне:

«2025 жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша https://stan.kz/kazakstandik-tulekke-grantinotemegendikten-elden-shigu-413267/ сілтеме бойынша бұл материал Stan.kz сайтында табылмады, сондықтан бірінші сұрақ жауапсыз қалдырылады.»

Оқығандағы түріміз — 😳. Расында да сайттан өшіріліпті. Оған кейіпкердің өзі түрткі болды ма, министрлік пе, ол жағын білмейміз. Бірақ, ведомствоның жауап беру мерзімін аттай 13 күнге созып жіберген «мақсатын» түсінген сияқтымыз... Біз «Министрлік бұл ақпаратты растай ала ма?» деп сұраған ек, бір қызығы, оған 19 ақпан күнгі датамен жауап берілген. Сонда 7-19 аралығында ол мақаламен таныса алмады дегенге сене аламыз ба? Әрине, жоқ. Сілтеменің атауына қарасақ та, осы тақырыпта материал басылғанын анық көруге болады.

Жарайды. Сосын мынадай да сұрағымыз болды: «Осы оқиғаға ұқсас, яғни, грантқа оқып, кейін өз мамандығына сай жұмыс істемей, мемлекет алдында «қарыз» болған/айыппұл арқалаған/шетелге шыға алмай қалған қанша қазақстандық азамат бар?»

Алған жауабымыз мынау: «Оқуын бітірген түлектердің жұмыспен өтеу жөніндегі өз міндеттерін орындауына немесе жұмыспен өтемеген жағдайда орнын толтыру жөніндегі мониторингтеу мен бақылауды қамтамасыз ету «Қаржы орталығы» АҚ жүктеледі. Заңның 47-бабының 17-4-тармағына сәйкес жұмысты өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін бітіруші өзінің оқуына жұмсалған бюджет қаражаты есебінен шыққан шығыстарды өтеуге міндетті және ол тек соттың шешімімен жүзеге асырылады. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, Сіз Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес шағымдануға құқылысыз.»

Өзіңіз ұққандай, «Мемлекетке қарыз қанша азамат бар?» деген сауалымыздың басы ашық қалды. Біле алмадық. Қынжылдық.

Дегенмен, ресми (шұбалаңқы) жауаптан мына дүниелерге назар аударып қалуға болады: Қандай да бір маман мемлекет алдындағы «қарызын» уақытында өтемесе, айыппұл салынып, шетелге шығуға тыйым салынатыны рас па?

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына |...| сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде 3 жыл жұмыспен өтейді. |...| Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу жұмыспен өтеу міндеттерін орындамаған жас мамандарға қатысты сот шешімі шығарылған, сот шешімі бойынша атқару парағы сот орындаушыларға орындау үшін берілген және атқарушылық іс қозғалған жағдайда қойылады.»

💬 P.S. Бетімізді ашып алайық, STAN.KZ-тік әріптестерге артар кінәміз жоқ. Сайттан материалды өшіру-өшірмеу — жеке шаруасы. Бірақ, жауапты ведомство оқиғаны растап, не жоққа шығарып, әділ бағасын беруі керек еді. «Мемлекеттің ақшасына оқығаны рас, шартқа сай өз міндеттемесін орындамағаны рас, соттың шешімі бар, шетелге шыға алмай қалғаны рас» десе, оқиға желісі бойынша пазл түгенделер еді, өзгелерге сабақ болар еді. Бірақ, біз мәселеге баға бергеннен гөрі оның көзін жойып (немесе өшірілгенін күтіп, уақыт созып), тыныш отырғанды жақсы көріп тұратынымыз өкінішті...

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

19 Feb, 07:17


Басқа біреуге, байқамай, ақша аударып жіберіппін. Қалай қайтарамыз?

Бұл кез келген қоғамда жиі кездесетін жағдай. Бірақ, бастан өтсе, екі аяққа салмақ салмай қоймайды. Азапқа түсуіміз әбден мүмкін. Әсіресе, алушы адамнан кері байланыс болмаса...

Мұндай қателік қандай жағдайда болады? Иә, алушының карта немесе телефон нөмірін терген кезде бір саннан қате кетуі мүмкін. Бірақ, далада жатқан ақша жоқ, кеткенді қайтару керек қой?!

Әріптестеріміз — Fingramota.kz мұндайда не істеу керек деген сұраққа жауап беруге тырысқан екен. Оны біздің де оқырман біле жүрсін деген оймен арнайы дайындап беріп отырмыз.

Бір нәрсені анық түсіну керек: қателікпен аударылған ақшаның бәрін (банктік операцияны деп ұғайық) орнына қайтару мүмкін емес. Егер ақша — алушының шотына түсіп қойса, онда қаражатты қайтару процесі қиындайды екен.

Олай болса, әр қадамымызды біліп жүрейік. Біреуге ақша аударғанда қате жібергеніңізді білсеңіз:

1-қадам. Дереу банкпен байланысу керек. Бұл жерде уақыт жоғалтпаған жақсы. Өйткені кей жағдайларда аударым өңделіп үлгермей жатады. Бұл сізге — плюс, ол кезде хабар алған банк транзакцияны тоқтата алады.

Банкпен қалай тез байланысуға болады? Мобильді қосымшадағы чатты қолдануға болады немесе банктің қолдау қызметіне шығу керек.

Ал, егер аударған ақшаңыз шотыңыздан шығып, алушының шотына түсіп қойса, онда оның шешімі басқаша болмақ.

2-қадам. Алушы адаммен байланысып көріңіз. Оның байланыс деректерін төлем тарихынан да көруге болады. Не болса да, мұндайда мобильді қосымша — сізге көмекші құрал.

Ал, ақшаны алған адам жауап бермесе не болады? Онда банктің қолдау қызметіне арыз жазып, клиентпен байланысқа шығуын сұрау керек.

3-қадам. Ақша алған адамның банкіне хабарласып көріңіз. Қате жолмен аударылып кеткен ақшаны қайтаруға өтініш жазыңыз. Сол арыз бойынша банк өз клиентімен байланысады да, алған ақшаны өз бетімен қайтаруға үндей алады.

Банкке барған кезде бейтаныс адамға қанша ақша аудардыңыз, қай күні, қай уақытта, қандай нөмірге/шотқа аудардыңыз — қолда бәріне жауап боларлық ақпарат болуға тиіс. Сонда мәселені оңай шеше аласыз.

💬 P.S. Өз тарапымыздан да алып-қосарымыз бар. Өйткені, «қателесіп ақша аударып жіберіппін» деген желеумен алаяқтар да жақсы жұмыс істейтінін ұмытпауымыз керек. Егер шотыңызға өзге біреуден ақша түссе, сол жерде кері қайтару тетігі болады, сол арқылы қайтаруға әрекет етіңіз. Ал, егер «жіберуші» адам басқа шот ұсынатын болса, онда қауіптену керек. Ол алаяқ болуы мүмкін. Сіздің шотыңыз арқылы қылмыстық жолмен келген ақшасын айналдырып алуды көздесе, онда сіз түбінде дроппер боп шыға келуіңіз ғажап емес. Дроппердің не екенін білмесеңіз, осыған дейін жазған мына жазбамызды бір шолып шығыңыз — https://t.me/qarzhylyq_sauat/686.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

18 Feb, 09:54


Бізге ақпарат беру мәдениетін де үйрену керек

Желі қолданушысы, Айсұлтан Жақыпов өзекті мәселе көтеріпті.

Кеше Жаманайбаттағы «Жомарт» шахтасында болған қайғылы жағдайды естідіңіздер. Апаттан қаза тапқан кеншілердің отбасы мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз.

Айсұлтан замандасымыз оқиға орнында жер астында кімдер қалуы мүмкін деген мәселеге жергілікті әкімдіктің атүсті қарап жатқанына қынжылыс білдіреді. Жазбасына үңілсек, оны әкімдік өкілдері ауыл чатынан «біле салуға» әрекет қылғанға ұқсайды.

— Осы орайда айтарым бар, — дейді жазба авторы, — Ауыл жұрты, әсіресе, жер-жердегі әкімдіктегілер мұндай оқиғада қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Ауыл чаттарынан сұрай салады сол жерде кім істеуші еді ауылдан деп… Ол жерде жұмысшының әке-шешесі, бала-шағасы отыруы мүмкін дегендей… Небір кризис-менеджер, менторлар неше жылдан бері әкімдіктегілерді оқытып жатыр. Қарапайым қағиданы білмейді көбі… Комптарын (компьютерді — ҚС) қосып, базаны үнсіз тексеруге еріне ме әлде…, — деп ашынған Айсұлтан Жақыповтың мына пікірі бәріміз үшін маңызды секілді:

«...Біреу қайтыс болса, бірден чатқа жазады. Естімеген туыстары бар ма, ешкімді қызықтырмайды. Бұл — дерт. Ақпаратпен бөлісу мәдениетін қалың қарашаға үйрету керек.» 

💬 P.S. Айтпай келетін апаттан сақтасын, бірақ осындай ауыр жағдайларда ауыл/аудан чаттарында абайлаған жөн-ау. Оқиға орнында қалған адамдардың туысы, бауыры, жақындары отыруы мүмкін, олардың да асыл сезімін сыйлай білейік деген ойымызды канал тақырыбына келмесе де, адамдықтан аттап кете алмай жариялап отырмыз. Әлеуметтік желіде де ел алдында жүрген адам өмірден өтіп жатса, оның қазасы туралы оңды-солды «сүйіншілеп» кететін әдет қалыптасып кетті. Бала да, шаға да марқұмның суретін салып, жарыса кетеді. Қаза жолы — қашанда ауыр жол ғой, ақпарат беру мәдениеті бәрімізге ортақ іс, адамдық қалпымызды жоғалтып алмайық, халайық. Кешегі оқиғаны құзырлы органдар тергей жатар, ал еліміз апаттан аман болсын!

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

18 Feb, 06:35


Трейдингтен кез келген адам пайда таба алмайды

Интернет ақтарып, Chat-GPT-дің де позициясына үңіліп, түбінде осындай ой қорыттық. Трейдинг туралы көптен жазғымыз келіп жүрген. Өйткені бұған қызығатын адамдарды өз арамызда да жиі жолықтыратын болдық. Олардың деңгейін біліп тұрамыз, бірақ соған қарамастан ақша салуға құмартып тұратынын, тез байып кететініне сеніп тұратынын сырттай бақылап, қынжылып қаласың. Өйткені интернеттегі жарнамасы күшті боп тұр. Тіпті кейбіреулер трейдингте «ұтылуға жол бермейтін» робот-құрылғыны да сатуға тырысады екен. Естуімізше, бағасы жарты миллионға барады-мыс...

Шын мәнінде трейдинг — білімді, ізденіс пен тәжірибені қажет ететін сала. Кез келген адам бірден пайда таба алмайды, керісінше, ақшасынан айырылу қаупі жоғары.

Трейдинг деген не?

Трейдинг — қаржы нарығында активтерді (акция, валюта, криптовалюта, тауар) сатып алып, қымбаттағанда сатып пайда табатын алаң. Қысқаша айтқанда, бағалардың өзгерісін болжап, арзанға алып, қымбатқа сату немесе керісінше, қымбатқа сатып алып, арзандағанда қайта сату арқылы ақша табу.

Трейдингтің түрлері де бар. Олар:

 Күндізгі трейдинг (Day Trading) — бір күн ішінде сауда жасап, позицияларды жабу.
 Свинг-трейдинг (Swing Trading) — бірнеше күн немесе апта бойы позицияларды ұстап, бағаның қозғалысын күту.
 Ұзақмерзімді инвестиция — активтерді ұзақ уақытқа (айлар, жылдар) сатып алып, бағасы өскенде сату.

Трейдинг несімен қауіпті?

📉 Ақша жоғалту қаупі жоғары — жаңа келгендердің көбі нарықта ақша жоғалтады. Себебі олар тәжірибесіз және эмоцияға беріліп шешім қабылдайды.
📊 Нарық тұрақсыз — Бағалар түрлі жаңалықтарға, саясатқа, экономикалық факторларға байланысты өзгеріп отырады. Оны болжап білу қиынның қиыны.
😨 Психологиялық стресс — трейдинг адамға үлкен эмоционалдық ауыртпалық әкеледі. Бағаларды үнемі бақылап отыру, жоғалтқан ақшаны қайтаруға тырысу адамды күйзеліске түсіруі мүмкін.
📚 Терең білім керек — жай ғана графикалардың түріне қарап шешім қабылдау — жеткіліксіз. Қаржы нарығын, компаниялардың хал-жағдайын, экономикалық көрсеткіштерді, статистиканы білу керек.
🎭 Алаяқ көп — бұл алаңда да қаржылық сауаты төмен адамдарға «оңай табысты» уәде етіп, түрлі схемаларға тартып, ақшасын алдап алатындар көп.

Трейдер болғысы келетін адам:

 Қаржы нарығын түсінуі керек, ол дегеніміз — акциялар, форекс, криптовалюта, индекстер сияқты нарық құралдарын танып білу.
 Талдай білуі керек, ол дегеніміз — графикаларды оқи білу, компаниялардың қаржылық есебін талдау, макроэкономикалық жаңалықтарды бақылап жүру.
 Тәуекелді басқаруы (risk management) керек, ол дегеніміз — барлық ақшаны бір активке салмай, тәуекелді азайту әдістерін меңгеру.
 Эмоцияны басқара білуі керек, ол дегеніміз — ұтылған жағдайда сабырлы болу, паникаға берілмеуді үйрену.

Трейдингпен кімдер айналыса алады?

Әлбетте, кез келген адам. Ол бәрімізге қолжетімді құрал. Бірақ онда табыс табу үшін көп тәжірибе керек. Бұл салада мықты сарапшылардың өзі тұрақты табысқа қол жеткізу үшін жылдар бойы тәжірибе жинап, машықтанады екен. Жай ғана ақшаны салып қойып, автоматты түрде пайда табамын деу — қате түсінік.

🔴 Көпшілік жіберетін қателер:

 Тез байығысы келіп, үлкен ақшамен тәуекел етеді.
 Графикалар мен нарық заңдарын түсінбей, кездейсоқ сауда жасай береді.
 Алаяқтар мен «оңай ақша» схемаларына сенгіш келеді.

Түйін: Трейдингке кірмес бұрын не істеу керек?

✔️ Қаржылық білімді арттыру керек, ол дегеніміз — осы тақырыпқа арналған кітаптар оқу, сауатты әрі сенімді курстарға қатысып көру.
✔️ Демо-шот ашып, тәжірибе жинап көру керек, ол дегеніміз — қолдағы шынайы ақшаны салып жібермес бұрын виртуалды шотта сауда жасап көру.
✔️ Тәуекелді есептеп көру керек, ол дегеніміз — жоғалтуға дайын ақшамен ғана жұмыс істеу.
✔️ Эмоцияны бақылау керек, ол дегеніміз — трейдинг-алаңға келдің бе, барынша сабырлық сақтап, ойланбай әрекет етпеу.

Қысқасы, трейдингке:

– білімсіз, тәжірибесіз, қаржы нарығын түсінбей, тек «тез ақша табу» үшін бармау керек. Эмоцияға ерік беруден аулақ болайық.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

17 Feb, 11:22


Үй сатып аларда иесінің қарызы мойныңызда қалып қоймасын

Krisha.kz порталы осыған қатысты пайдалы мақала жариялаған екен, өте керек дүние болғандықтан, орыс тілінде жарық көрген материалды өз оқырманымызға тәпсірлеп берейік деп шештік.

Мысалы, сіз пәтер сатып алдыңыз делік. Үйіңізді жөндеп қойдыңыз. Кенет жарық өшіп қалады. Ал, үйдің пошта жәшігінде қарыз туралы хат пайда болады. Бұл не сонда? Сөйтсе, бұрынғы меншік иесінің қарызы қалып қойған. Енді оны сіз төлеуіңіз керек. Міне, «осындай жағдайға тап болмау үшін не істеу керек?» деген сұрақтың жауабын білу маңызды. Сол үшін үй сатып аларда мәміле (сделка) жасамас бұрын не нәрсеге назар аудару керектігін айтып көрейік.

1. Коммуналдық қызмет бойынша қарыздарды тексереміз

Тексеретініміз: электр қуаты, су, жылу, газ, қоқыс шығару бойынша төлемдер. Бұның бәрі коммуналдық түбіртекте көрсетіледі.

Қалай және қайдан тексереміз: ең қарапайым жолы — түбіртектерді түгендеп алу. Бірақ ол аздық етуі мүмкін. Қарыз қалмағанына әбден сенімді болу үшін қызмет көрсетуші/жеткізуші компанияларға қоңырау шалуға/баруға болады. Сұрауға болады. Ол үшін пәтердің жеке шот нөмірін білу қажет.

Мұндай тексеріс не береді: егер пәтер атында қарыз қалған болса, оны сатушымен келісіп шешуге болады. Не ол оны өтеп береді, не үй бағасын өтерде шегеріп қаласыз.

Сосын салқын/ыстық су, электр қуаты есептегіштерінде тұрған сандық көрсеткіштерді түбіртектегі деректермен салыстыру маңызды. Есептік құрылғыдағы мәлімет пен қағаздағы мәлімет сәйкесуі керек.

2. КСК/басқарушы компания қызметіне қарыз бар ма — тексереміз

Әрине, ҚР заңнамасына сәйкес, үйді күтіп-ұстауға қатысты қарыздар жаңа меншік иесіне өтпейді. Бірақ сонда да пікір қайшылығынан/дау-жанжалдан аулақ болған дұрыс. Сол кезде КСК немесе басқарушы компаниямен арада келіспеушілік болмайды.

Ең оңай жолы: Тікелей КСК/ОСИ немесе басқарушы компанияға барасыз да, сатушының өтелмеген міндеттемелері бар-жоғын білесіз.

3. Салық қарыздарын тексереміз

Яғни, мүлік салығы төленген бе? Бұл да маңызды. Сосын салық мына объектілерге салынатынын біліп жүріңіз: көп қабатты үй пәтеріне, жер үйге, саяжайға, ғимаратқа, гаражға, автотұрақ орнына, жер учаскесіне.

Әдетте, салық жылына бір рет, шілде айында есептеледі. Төлем 1 қазанға дейін жасалып болуы керек.

Тексеру жолы: ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында (kgd.gov.kz) «Электрондық сервистер» бөліміне өтесіз де, сатушының ЖСН/ИИН енгізесіз.

Салықты ұдайы тексеріп тұру сатушы үшін де маңызды. Өйткені өтелу керек салық бұрынғы меншік иесіне тиесілі болса да, егер ол уақытында төленбесе, арты өсімпұлға алып келеді. Тіпті, Қазақстаннан шығуға тыйым салынуы да мүмкін.

Сатып алушыға арналған чек-лист

 Ерінбей, бәрін өзіңіз тексеріп шығыңыз. Сатушы кей дүниелерді жасырып қалуы мүмкін, қателесуі де мүмкін.
 Коммуналдық төлем түбіртектерін талап етіңіз.
 Қызмет көрсетуші компаниямен, КСК және салық қызметімен байланысыңыз.
 Сатып алу-сату шартында сатушы мәмілеге (сделкаға) дейін барлық қарызды өтеуі міндетті деп көрсетіңіз.
 Егер сатушы бас тартатын болса — үйді саудаласқанда жеңілдік жасау жағын келісіп көріңіз.


Осылай ғана біз өзімізді түрлі тәуекелдерден қорғай аламыз. Сақтықта қорлық жоқ деген сол ғой. Өзгенің қарызымен алысып қалғанша, оның алдын алған әлдеқайда жақсы. Жүйке тыныш, қалтаң түгел.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

17 Feb, 07:19


«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» каналы сауалнама түрінде арагідік тест жүргізіп тұратыны бар. Бұл, әрине, еріккендік емес.

Біз құр жазбай, осында отырған қауымның не біліп жатқанын, біздің жазбаларымызды қаншалықты түсіне алғанын, нәтиже шығара алғанын бағалап көргіміз келеді.

Ол тесттердің бәрі де анонимді түрде өтеді. Яғни, жауапты таңдаған кезде нақты сіздің қалай жауап беріп жатқаныңызды ешкім білмейді. Админ де.

Соңғы тестті қорытындылайық. Сұрақ қойдық: «Шотыңыз бұғатталғаны жөнінде банк атынан SMS келді. Сілтемеге өтіп, деректерді енгізуді сұрайды. Сіз не істейсіз?» деп.

Қатысқандардың 50%-і дұрыс жауапты таңдай білген. Яғни, осындай SMS алған жағдайда өзіңіз қолданатын банктің ресми байланыс (колл-)орталығына хабарласып, білген жөн.

Одан кейін, 42%-і «SMS-ті елемей, өшіре салам» деген жауапты таңдаған. Жалпы, алаяқ көп заманда «елемеу» иммунитеті қалыптасқаны жақсы. Бірақ, дәл осы жағдайда елемей қалдыруға тағы болмайды. Себебі, расында да белгілі бір себептерге байланысты шотыңыз бұғатталып қалды. Әрі қарай себебін біліп, әрекет ету керек қой? Оны анықтап алу керек. Әйтпесе, айлық алатын кезде... өкініп қалуымыз мүмкін.

Қалған екі жауапты 4%-тен таңдаған. Иә, ол екі жауап та ыңғайға келмейтін нұсқа еді. Тест сұрағына жауап бергендер арасында бұрыс нұсқаны таңдаушылардың өте аз болғаны — сіз бен біздің қаржылық сауатымыздың артып келе жатқанын көрсетеді деп марқайып қойсақ та болады.

Әрине, 4% қауымды кінәлаудан аулақпыз. Себебі біздің каналға қосылып жатқан оқырман қарасы өте көп. Ол кісілер де уақыт өте келе бізбен бірге сауат ашып, келешекте дұрыс шешім қабылдап кететініне еш күмәніміз жоқ.

Қатарға енді қосылып жатқан оқырман, біздің алаңға қош келдіңіз! Сіз бұл жерден тек сапалы контент аласыз. Сеніңіз. Сену қиын болса, сұраңыз, пікір жазыңыз, өзге оқырман да біздің сөзімізді қуаттай түсетініне кәміл сенеміз.

Қысқасы, көбейе берейік! Сауатты болайық!

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

17 Feb, 04:02


Мемлекет басшысының өкімімен Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

(с) Ақорда

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

13 Feb, 09:32


Мемлекеттік борыш: әрқайсымыз шетелге 8 мың доллар қарыз екеніміз рас па?

Ел арасында көптен осындай пікір бар. Ол қаншалықты шындыққа жанасады? Мемлекеттік борыш деген не? Сыртқы қарыз деген не? Мемлекеттер не үшін қарыз алады? Қазақстан сыртқа қанша қарыз? Қарапайым адамға, яғни сіз бен бізге уайымдауға негіз бар ма? Ресми сандарды «сөйлете» отырып, бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік те «$8 000»-ға қатысты әңгімеге нүкте қояйық.

Іргелі БАҚ-тардың өзі, онда істейтін журналистер сыртқы қарыз бен мемлекеттік борыштың аржігін ажырата алмай жатады. Өйткені сыртқы қарыздың ішінде мемлекеттің өз еншісіне келетін қарыздар да бар, сонымен бірге жеке компаниялар алған қарыздар да бар. Оның бәріне МЕМЛЕКЕТ жауап береді деген сөз емес.

Сыртқы қарыз деген не?

Кімнің қанша қарызы бар екенін төменде есептеп көрсетерміз. Қазір осы сұраққа жауап тауып алайық.

Иә, мемлекеттер бір-бірінен қарыз алады. Бұл — әлемдік тәжірибе. Білмеген болсаңыз айтайық, экономикасы дамып кеткен АҚШ пен ЕО да осы тәжірибені қолданады. Яғни, олар да қарыз алады.

Біздің жағдай тұрғысынан баяндасақ, сыртқы қарыз деген — Қазақстанның басқа елдер мен халықаралық ұйымдардан алған қарызы. Ол ақша, займ, несие, облигация, бағалы қарыз қағаздары және басқа да міндеттемелер түрінде болуы мүмкін.

Мемлекеттер не үшін қарыз алады?

Әдетте, мемлекеттер қарызды, мысалы, жол салу секілді басқа да көптеген инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін алады. Кейде бюджет тапшылығын жабу үшін алады. Осылайша, сыртқы борышқа байланысты операциялар, көбіне, ел экономикасына инвестиция тарту үшін, инфрақұрылымды жақсарту үшін, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін және түсетін салық көлемін көбейту үшін жасалады. Бір жағынан қарыз боп келген қаражат елдің әлемдік экономикаға араласуына және өзі өндірген тауарларды жаңа нарықтарға шығаруға көмектесе алады.

Қазақстанның сыртқы борышы неден тұрады?

Біздің елде сыртқы борыш екі бөліктен тұрады: мемлекеттік сектордың борышы (Үкімет пен Ұлттық Банк) және жеке компаниялардың қарызы. Оның құрылымы мынадай:

1. Мемлекеттің сыртқы борышы — Қазақстанның халықаралық ұйымдар мен басқа елдерге берешегі. Ол — елдің жалпы сыртқы борышының шамамен 9,2%-ы.

Мысалы, қазір ресми дерек бойынша, Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы — 165 млрд 630 млн доллар. Соның ішінде мемлекеттің борышы — 9,2%. Демек, мемлекеттің бережағы — 15,24 млрд доллар ғана.

2. Жеке сектордың сыртқы борышы — коммерциялық банктер мен басқа да жеке ұйымдардың шетел кредиторларынан алған қарызы. Оның үлесі — 35,5%.

Есебін шығарайық: 165 630 000 000 × 0,355 = 58 млрд 698 млн доллар.

3. Корпоративтік сектордың борышы (фирмааралық берешек) — Қазақстанда жұмыс істейтін шетел корпорацияларының филиалдары мен еншілес компанияларының шетелдегі бас компанияларына берешегі. Бұл қарыз жалпы сыртқы қарыздың 55,3%-ындай болады.

Есебін шығарайық: 165 630 000 000 × 0,553 = 91 млрд 570 млн доллар.

Түйін: «Әр адам бережақ 8000 доллар» қайдан шығып еді? Әрине, 165 млрд жалпы қарызды 20 млн халыққа бөлген. Сол кезде шыққан сома. Әлбетте, мемлекеттің өзінің қарызы 165 млрд емес. Демек, сіз бен біз «шетелге 8 мың доллардан қарызбыз» деген сөз шындыққа жанаспайды.

Айтпақшы, Қазақстанның өзінің сенімді қоры, «қауіпсіздік жастығы» бар. Ол — Ұлттық қордағы қаражат пен алтын-валюта резервтері. Олардың жалпы көлемі сыртқы қарыздан әлдеқайда көп. Солай.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

13 Feb, 04:51


Қай банк «кредит төлеуді ұмытпа» деп жиі мазалайды?

Әр оқырман өз оқиғасын жаза кетсе. Жауаптарды саралап отырып, алғашқы үштікке енген банктерден оның себеп-салдарын анықтап көрейік. Бәлкім оның да бір сыры бар шығар клиент білуге тиіс.

Жалпы, әр банктің өз ережесі бар. Әрқайсы клиентпен өз бетінше жұмыс жүргізеді. Бұл жерде бәріне ортақ ереже болмауы мүмкін.

Ал, кейбір банктер демалыс күнге қарамай, клиентке қоңырау шалады екен. Кредит төлейтін күн келмесе де бірнеше күн бұрын жиі мазалайтын банктер көп адамның шамына тиетіні даусыз.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Анықтап көрейік. Бірақ, артық эмоциясыз, ойдан ештеңе қоспай, нақты жағдайды баяндап көріңіз. Пікір алаңымыз ашық.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

12 Feb, 12:14


Смартфондар жаппай бұғатталмайды

Соңғы бір-екі күндікте «телефонның IMEI-коды тексеріледі», «тексеруден өтпеген телефондар бұғатталады» деген сарында ақпарат тарады. Былай қарасаң, елдің бәрін жаппай телефондарын тексеруге үгіттегендей.

Цифрлық даму министрлігі бүгін ресми ақпарат жариялады. Онда 24 наурызда күшіне енетін жаңа ереже тек 24.03.2025 жылдан кейін елге әкелінетін жаңа құрылғыларға ғана қатысты екені айтылған.

Иә, мобильді құрылғылар верификациядан кейін «ақ тізім», «сұр тізім» және «қара тізім» болып үш категорияға бөлінетіні рас. Бірақ, елге жаппай дүрлігудің қажеті жоқ. Осы күнге дейін ресми тіркелген құрылғылардың иесі ештеңе істеуге міндетті емес. Яғни, бұраннан (тіркеліп) қолданып келе жатқан телефоныңыз еш шектеусіз жұмыс істей береді.

Ең бастысы, 24 наурыздан кейін телефон сатып алмас бұрын, оның IMEI-кодын imei.rfs.gov.kz сайтынан тексеріп алған дұрыс. Өйткені елге заңсыз әкелінген құрылғылар көп. Ресми ақпарат бойынша, қазір Қазақстанда IMEI-коды қайталанған 3,7 миллион құрылғы тіркелген екен. Оның бәрі экономикалық және әлеуметтік мәселе туындатады дейді министрлік.

Жаңа ереженің жаңашылдығы — мобильді құрылғылар верификациялау процедурасынан өтеді. Сол кезде:

🔸 құрылғыдағы IMEI-кодтың түпнұсқалығы;
🔸 IMEI-кодтың халықаралық GSMA базасында ұрланған, бұғатталған немесе жоғалған құрылғылар тізімінде бар-жоғы;
🔸 құрылғының Қазақстан аумағына заңды түрде әкелінгені
тексеріледі.

Бұрыннан ресми тізімде бар телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді және еш шектеусіз жұмысын жалғастырады.

Ақ тізімде — сәтті верификациядан өткен құрылғылар болады.
Сұр тізімде — уақытша рұқсат етілген құрылғылар болады. Олардың иесі 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауға тиіс.
Қара тізімде — заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар болады. Олар, әрине, бұғатталады.

Шетелден әкелінген құрылғы иелері шекарадан өткен күнді көрсетуі керек. Егер пайдаланушы 30 күн ішінде верификациядан өтпесе, кез келген уақытта телефонға келген сілтеме арқылы анкета толтырып, растау процесін аяқтай алады.

P.S. Айтпақшы, бұл науқанды да алаяқтар өз пайдасына шешіп кетуі мүмкін. «Сіз құрылғының тіркелгенін біз арқылы біле аласыз, ол үшін телефоныңызға келген SMS-кодты айтсаңыз жеткілікті» деп ауызымызды ұрып кетпесін. Сақ боларсыздар, үйдегі және ойда-қырда жүрген жақындарыңызға айта жүрерсіз.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

12 Feb, 08:16


Баламыз не ойнап жүр?

Бала. Смартфон/компьютер. Ойын. Осы үшжақты байланыс, сақтанбасақ, қауіпке айналатын түрі бар. Бірінші қаупі — ойынның түр-түрі барын ескерсек, олардың дені баланың психикасына әсер етіп, азарттық делебені жастай қоздырады. Екінші қаупі — ойындар троян вирустарын таратады және ойыншыдан «ақша сорады». Ақшаға ойнамадым дегеннің өзінде жасырын орнатылып кететін вирусты утилиттер смартфондағы банктік қосымшалардың, электронды пошталардың, аккаунттардың пароль-кодтарын емін-еркін ұрлай алады. Осының бәрі бізге қауіпті. Бүгін кезекті рет ChatGPT-дің көмегіне жүгіндік. «Қандай мобильді ойындар қауіпті?» «Баламызды қандай ойындардан сақтандыруымыз керек?» деп сауал қойдық. Жауабы төменде.

Оның нұсқасы бойынша, ата-ана мына қауіп-қатерге назар аударуы керек:

1. Құмар ойын элементтері және микротранзакциялар
Loot box — жәшік ішінен қандай сыйлық шығатыны белгісіз, сонысымен құмар ойындарға адамның азартын оятады. Келесі кезеңіне өту үшін ақы төлеу — баланы ақша жұмсауға итермелейді. Онлайн-казиноға ұқсас механика — виртуалды ставкалар арқылы тәуелділік (зависимость) қалыптастырады.
📌 Мысалы: Free Fire, Genshin Impact, FIFA Ultimate Team

2. Шектен тыс агрессия мен зорлық-зомбылық
Қан, қатігездік, кісі өлтіру әрекеті көп ойындар — адамның агрессиясын күшейтуі мүмкін. Олар тыйым салынған немесе қылмыстық әрекеттерді насихаттайды.
📌 Мысалы: Mortal Kombat, Call of Duty, GTA, PUBG

3. Психологиялық әсері және тәуелділік
Баланың миына ұзақ әсер ететін әсерлі графика, марапаттау жүйелері — адамады тәуелді ете бастайды. Оның соңы ұйқысыздыққа, зейіннің нашарлауына, агрессияға алып келуі мүмкін.
📌 Мысалы: Candy Crush, Roblox (жекелеген серверлер), Clash of Clans

4. Қауіпті онлайн-қауымдастықтар және кибербуллинг
Бейтаныс адамдармен еркін сөйлесуге мүмкіндік беретін ойындар — алаяқтар мен зиянды контентке жол ашады. Ол жерде ойыншының кибербуллингке ұшырау қаупі жоғары.
📌 Мысалы: Roblox, Among Us, Discord арқылы байланысатын кез келген ойын

5. Шынайы өмірге қауіп төндіретін ойындар
Қауіпті тапсырмаларды орындауға итермелейтін ойындар. Олар, әдетте, шынайы өмірде біреуге зиян келтіруді немесе қауіпті әрекеттерге баруға үгіттеуі (талап етуі) мүмкін.
📌 Мысалы: Blue Whale (Көк кит), Momo Challenge, Jonathan Galindo

Ата-анаға кеңес

Ойындарды зерттеңіз — жас шектеулеріне мән беріңіз.
Баламен ашық сөйлесіңіз — қандай ойындар ойнайтынын талқылаңыз.
Ойнау уақытын бақылаңыз — экран алдында ұзақ отырып қалмауын қадағалаңыз.
Қауіпсіздік баптауларын қолданыңыз — онлайн байланысқа шектеу қойыңыз.
Төлем жүргізуге тыйым салыңыз — балаға ойын үшін ақша жұмсауға рұқсат бермеу үшін пароль орнатыңыз.

Егер баланың мінез-құлқында өзгеріс байқалатын болса (агрессия, ұйқының бұзылуы, ойынға тәуелділік) — көп ұзатпай мамандармен (психолог, педагог) кеңескен жөн.

P.S. Кеше Астанада (лифтте) болған жағдайды көрген/естіген боларсыз. Сұмдық кадрды көрген ел шошып қалды. Әрине, дәл сол оқиғаның компьютерлік ойындарға байланысы жоқ та шығар, бірақ ұсталған жасөспірімнің өзі есепте тұрған бала екен. Қалғанын құзырлы орындар анықтай жатар. Кадрда бала компьютерлік ойындағыдай пышақты еркін және аяусыз сілтейді. Қорқынышты. Осыдан бір айдай уақыт бұрын Астанада тағы бір оқиға болған еді. Тепсе темір үзетін 20 жастағы жігіт «неге түнімен компьютер ойнайсың» деп ескерту жасаған үйіндегі аға-әпкесінің сөзін көтере алмай, аяусыз пышақтап тастады. Агрессия ма? Агрессия. Сондықтан, бұл қауіпті тенденция. Өсіп келе жатқан үйдегі өскіндерге де назар аударып қояйық, халайық. Өзіне де, телефонына да. Ойыннан от шығып жүрмесін...

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

11 Feb, 10:57


Қазақстан заңы криптовалютамен айналысуға рұқсат бере ме? Қандай жағдайда ол қылмыс саналады?

@qarzhylyq_sauat осы тақырыпты кеңінен ашу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) бірнеше сауал жолдады. Енді қолға түскен ақпаратты бірге саралап көрелік.

Жауаптан мынаны түсіндік: Қазақстан Республикасында цифрлық активтермен айналысуға тыйым салынбайды. Бірақ заңнамада сіз бен біз ескеруіміз керек бірқатар талап белгіленген.

Біздің елде жеке және заңды тұлғалар цифрлық активтермен жұмыс істегісі келсе, АХҚО алаңына келуі керек. Басқа жерде оған қатысты қызметтің бәрі — заңсыз.

Неге АХҚО? Өйткені ол жерде осы орталықтың арнайы лицензиясын алғандар қызмет көрсетеді. Оларды Цифрлық активтер биржасы дейді. Бұл биржаларға арнайы міндеттер жүктелген.

Өйткені цифрлық активтермен жұмыс кезінде, яғни, сатып алуға, иелік етуге және сол актвитермен операциялар жасауға байланысты процестерде тәуекел (риск) бар. Қазақстан заңнамасы бойынша Цифрлық активтер биржасы өз клиенттерін сол жайында хабардар етуге міндетті.

Қысқасы, АХҚО жанында Қаржылық қызмет көрсетуді реттейтін арнайы комитет бар. Оны «AFSA» деп атайды. Биржалар осының лицензиясымен жұмыс істейді. Олардың тізімі мында:

AFSA реттеуші құм жәшігіндегі (FinTech Lab) цифрлық актив биржалары

AFSA-ның толық лицензиясы бар цифрлық актив биржалары

«Басқаша айтқанда, криптовалюталарды заңды түрде сату үшін азаматтарда барлық мүмкіндік бар, бірақ оны тек АХҚО реттеушісінің лицензиясы бар криптобиржаларда ғана жасауға болады. Өзге алаңдарда сауда-саттық іс жүзінде жасалуы мүмкін, бірақ оған заңды түрде тыйым салынған және теріс салдары болуы мүмкін», - деп ескертеді АХҚО.

Цифрлық активтерді декларацияда көрсету керек пе?

Бұл сұраққа жауап іздеген кезде ҚР Азаматтық кодексіне (115-бап) сәйкес, цифрлық актив мүлік болып саналатынын ескеру керек. Ал, Салық кодексінде құн өсімінен (соның ішінде цифрлық активтерді сату кезінде) түскен пайда табыс саналады деп белгіленген. Демек, цифрлық актив бар болған жағдайда, оларды декларациялау қажет. Ал цифрлық активтерді сатып, пайда көрген кезде азамат жеке табыс салығын төлеуге міндетті.

Криптосауданы үйрену үшін АХҚО азаматтарға қандай көмек ұсына алады?

Біздің бұл сұрағымызға мынадай жауап келді: «АХҚО цифрлық активтерді сатып алу-сату жөнінде оқу өткізбейді. Алайда, лицензиясы бар платформалардың көбінің веб-сайтында цифрлық активтер мен оларға инвестиция салу тәсілдері туралы негізгі ақпарат қамтылған бөлімдер бар.»

Жалпы, бұған дейін де биржаға, соның ішінде қай формамен салық тапсыруға қатысты сұрақ көп түсетін. @qarzhylyq_sauat оны да білмек болып, Мемлекеттік кірістер комитетіне сауал жолдап қойды. Мәліметтер қолға түскен күні осы жерде жариялаймыз.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

10 Feb, 05:30


Қазақстандағы байлық психологиясы: неге біз бай болудан қорқамыз?

ChatGPT-ге біздің психологиялық мінез-құлқымызды сипаттап көрші деп команда бергем. Былай толғап шықты: Қазақстанда байлыққа деген көзқарас әлі де күрделі әрі қарама-қайшы. Бір жағынан, көп адам бай болуды армандайды, екінші жағынан, бай адамдарға деген сенімсіздік пен стереотиптер бар. Неліктен бұлай?

1. Кеңес дәуірінің мұрасы: «байлық — жаман»

Кеңес заманында бай болу жеке басқа емес, қоғам мүддесіне қайшы келетін нәрсе деп саналды. Бай адамдар «эксплуататор», «алыпсатар» немесе «халықтың еңбегін жегендер» деп сипатталды. Бұл идеология ұрпақтан-ұрпаққа сіңіп, әлі күнге дейін санамызда сақталып отыр.

Қазіргі көрінісі: Жұрт бай адамды көргенде: «бұл ақшаны адал жолмен тапты ма?» деген сұрақ қояды.

2. Байлық пен жемқорлық арасындағы байланыс

Қазақстанда бай адамның билікке жақын болу жиілігі жоғары. Сондықтан кейбір адамдар адал еңбекпен үлкен байлыққа жетуге болатынына сенбейді.

Қазіргі көрінісі: Егер біреу қымбат көлік мінсе, «жемқор шығар» немесе «біреу көмектесті» деген ойлар өздігінен пайда болады.

3. «Өз байлығыңды көрсету — қауіпті» деген ой

Көптеген адамдар өз табысын жасырын ұстауға тырысады, себебі:

🔹 «көз тиеді» деген сенім.
🔹 «көре алмаушылар көп» деген қорқыныш.
🔹 «мемлекет салық салуы мүмкін» деген күдік.

Қазіргі көрінісі: Кейбір кәсіпкерлер үлкен табысқа жеткеннен кейін өздерін қарапайым көрсетіп, байлығын жария етпеуге тырысады.

4. Қоғамдық пікір: байлар — сараң, кедейлер — жомарт

Біздің мәдениетте қолы ашық, көпке көмектесетін адам жақсы көрінеді. Ал бай адам үнемшіл болса, оны «сараң» деп қабылдауы мүмкін.

Қазіргі көрінісі: Бай адамдар қайырымдылық жасаса да, көпшілік оны «өз беделін көтеру үшін жасап жатыр» деп ойлайды.

5. Байлық пен руханият арасындағы қарама-қайшылық

Біреулер «ақша — адамды бұзады» немесе «бай болу — рухани өмірге қайшы» деген ойды ұстанады.

Қазіргі көрінісі: Табысты адамдардың кейбірі өзін ақтап алу үшін:

🔹 «мен бай емеспін, қарапайым адаммын» дейді.
🔹 немесе «бұл өзім үшін емес, балаларым үшін» деп түсіндіреді.

6. Қаржылық сауат деңгейінің төмендігі

Көп адам ақшаны тиімді басқару жолдарын білмейді, сондықтан бай болу деген — тек көп ақша табу деп ойлайды. Бірақ байлықты сақтау мен көбейту үшін:

🔹 қаржыны жоспарлай білу керек,
🔹 инвестициялап үйрену керек,
🔹 кәсіпкер тұрғысынан ойлау керек.

Қазіргі көрінісі: Біреу лотереядан қомақты ақша ұтып алса немесе мұраға байлық қалса, ақшаны тез жұмсап жіберу ықтималдығы жоғары.

Қалай өзгертуге болады?

1. Байлыққа деген көзқарасты өзгерту керек: бай болу жаман немесе қылмыс емес, бұл — еңбек пен дұрыс ойдың да жемісі бола алады.
2. Қаржылық біліміңді көтеру — ақшаны сақтай біліп, көбейту жолдарын үйрену.
3. Стереотиптен арылу — адал жолмен де үлкен табысқа жетуге болатынын түсіну.

Түйін: Қазақстанда байлық туралы сан ғасырлық стереотиптер мен сенім қалыптасқан. Сондықтан көп адам бай болғысы келсе де, одан қорқады немесе ұялады. Бұл көзқарасты өзгерту үшін қаржылық біліміңді көтеріп, табысты адамдарды қолдап, адал кәсіпкерлерге сенім қалыптастыру керек.

ChatGPT осылай деді. Ал, енді Сіздің ойыңызды білейік. Қалай ойлайсыз, Қазақстанда бай болу оңай ма?

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

07 Feb, 10:19


«НДС» мәселесі қайта қаралатын болыпты

Президент отандық бизнес өкілдерімен кездескен еді. Сол жиында Қ. Тоқаев Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырған.

– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс.

Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс.

Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын.

Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек.

Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет,
– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

07 Feb, 07:37


Орташа жалақы және бақыт деңгейі

📌 Қазақстанда орташа жалақы: 450 000 — 500 000 теңге (2024 жылғы мәлімет бойынша).

📌 Орташа медиандық жалақы (көбіне кездесетін жалақы деңгейі): 250 000 — 300 000 теңге.

«Бақытты өмір сүру» үшін қажет табыс:

• Жалғызбасты адам үшін — 600 000 – 800 000 теңге.
• Отбасы (2 ересек + 1-2 бала) — 1 200 000 — 1 500 000 теңге.

🚨 Егер адамның табысы 300 000 теңгеден төмен болса, ол тек қажеттіліктерді ғана өтейді, қосымша ақша жинауға мүмкіндік азаяды деген сөз.

«Бақытты өмір» үшін не маңызды?

Жалақының көлемі маңызды. Бірақ бақыт тек ақшамен өлшенбейді. Бақытты өмір үшін:

Қаржылық тұрақтылық — қарызсыз, несиеге тәуелді болмау
Жинағыңның болуы — күтпеген жағдайға дайын болу
Жақсы жұмыс/Life balance — табыс үшін отбасы мен денсаулықты құрбан етпеу
Өзіңді дамыту — білім алу, саяхаттау, хоббиге уақыт бөлу.


Қорыта айтқанда: Қазақстанда өмір сүретін бізге қанша табыс жеткілікті?

🔹 Бір адамның жайлы өмір сүруіне — 600 000 — 800 000 теңге.
🔹 Отбасылы адамға — 1,2 — 1,5 млн теңге (4 адамға).
🔹 Егер ақша міндетті шығындардан артылмайтын болса, оның келер жолдарын іздеу керек — қосымша табыс, инвестиция, бизнес.

Енді сізге сұрақ: «Бақытты өмір» сүру үшін Сізге қанша табыс жеткілікті?😊

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

07 Feb, 07:35


www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

07 Feb, 07:34


Қазақстанда бақытты өмір сүру үшін адамға қанша табыс жеткілікті?

Кенет осы сұраққа жауап іздеп көргіміз келді. Әрине, бұл сұрақтың жауабы адамның өмір салтына, отбасылық жағдайына, яғни тұрмысына, сосын тұратын жеріне (қала/аудан/ауыл) және адамның өзінің жеке қажеттіліктеріне байланысты.

Дегенмен, бізге есеп керек. Сосын статистика керек. Ол, әлбетте, үлкен дерек. Сөйттік те, интернет-кеңістікті тез шарлап, сүзіп шығатын ChatGPT-дің көмегіне жүгініп көрейік деп шештік. Ол, алдымен, ең басты шығындарды есептеп көрейікші деді. Мақұл!

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Feb, 10:23


Бізде де бюджетте шығын көп қой. Бүгін Сенатта төраға Мәулен Әшімбаев осы Илон Масктің ісін мысалға алды.

Сенаторлар Бюджет кодексінің жаңа жобасын талқылаған еді. Сонда Сенат спикері былай деді:

АҚШ-қа көпшіліктің назары ауғаны рас. Соның ішіне жаңа ұйымның не тындыратынын бақылаушылар көп. Олар жаңа министрлік құрды. Үкіметтің тиімділігі жөніндегі министрлік құрамына Илон Маск та кіріп отыр. Бұл ведомство мемлекеттік органдардың бюджетін оңтайландырып, тиімділігін талдайды. Тиімсіз және қажетсіз шығындарды қысқартады. Енді олардың қалай үнемдейтінін бағамдап көрейік. Әрине, бізге өзге елдердің тәжірибесін тура қайталаудың қажеті жоқ, бірақ шығындарымызды қайтсек реттейміз деп ойлану маңызды.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Feb, 10:04


2 миллион шенеунікке жалқаусың деп хат жазып...

The New York Times газетінің Вашингтондағы 6 журналисі бірігіп, Илон Масктің үкіметтегі екі аптадағы жұмысы туралы анализ жазыпты. Үлгілі журналистік жұмыс деуге болады.

Мақала аккаунтында Ақ үйде істейтін анонимді ресурстар да бар, бұрын істеген шенеуніктер де бар. Журналистердің жазуынша, Маск Ақ үйден екі блок жердегі үкімет ғимаратында кеңсе құрып, сонда күні-түні үкімет бюджетінің миллиондаған құжатын ақтарып жатыр екен. Тіпті сонда ұйықтап жүр дейді.

Маск командасы қазына департаментінің төлемдер операциясын бақылайтын құралын иемденіп, қаражат қайда қалай бөлініп жатқанын қарап отыр екен. Федералды билікте істейтін 2 миллион шенеунікке жалқаусың деп хат жазып, жұмыстан өз еркімен кету ұсынысын жіберіпті.

Қаражаттың жұмсалу тиімділігін реттеу үшін жасанды интеллектіні пайдаланып жатыр дейді инсайдерлер. Ал Ақ үйдің артқы есігінен кіріп, Трамптың жиындарына жоспарсыз кіріп кете береді екен.

Бірер күн бұрын USAID жобасын сынап, оның төлемдеріп тоқтатып тастады. Жобаны жабуға Трамп келісіп отыр депті Маск. Миллиардер Твиттерді қалай меншіктесе, үкіметті солай меншіктей бастады дейді инсайдерлер.

Демократтар Масктің Қазына департаментін реттеуді шектейтін заң ұсынып жатыр екен. Бірақ Конгрессте республикалықтар саны басым екенін ескерсек, заң өтпей қалатыны белгілі.

Үкіметтегі шенеуніктер Масктің DOGE департаментінің қызметкерлеріне алыстан тани бастапты. Олар бірдей жейде киеді дейді. Сосын есіктерге DOGE стикерін жабыстырып кетеді екен. Бұл департаментті тексеруге DOGE келді дегенді білдіреді екен.

Авторы: Жолдас Өрісбаев

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Feb, 08:27


«Станок қосылсын, ақша басылсын»

Кеше Парламент төрінде қызық ұсыныс айтылды. Депутат Серік Егізбаев «станокты» қосыңдар, ақшаны басыңдар» деп Ұлттық банкке үн қатты. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысатын аграрларда ақша жоқ. Егер Ұлттық банк ақша басып шығаратын болса, шаруалар оның орнын өз тауарларымен толықтырар еді дейді мәжілісмен.

Ұлттық банк не дейді?

Бүгін Сенатта тілшілер қауымы қаумалап жүріп Ұлттық банк басышының орынбасарын сөзге тартты. Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, яғни реттеушінің позициясы бойынша, бұл — тығырықтан шығатын жол емес. Себебі ақша басып шығару тек инфляцияны күшейтеді.

«Бұл — «кедейлерге салынған салық». Ол ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға ауыр тиеді. Олардың табысы құнсызданады. Ал, орта таптағы азаматтардың жинап отырған жинағы құнын жоғалтады. Сондықтан мұндай ұсынысқа жақсылап ойлану керек. Бұл тығырықтан шығатын жол емес», — дейді Ақылжан Баймағамбетов.

Жалпы, біз, қарапайым адамдар ойлуымыз мүмкін, елге (экономикаға) ақша керек, онда неге ол мәселені осылай ақша басып шығарумен шешпеске деп. Иә, бізге ол оңай көрінеді. Станокты қостың, ақшаны бастың, біз енді баймыз. Қолымызда ақша көп...

Білесіз бе, саланың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі экономистер мұнымен келіспейді. Өйткені нарықта ақша массасы көбейген сайын оны жұмсайтын да жер табылады. Ақшаны біз көп жұмсаған сайын, тұтына берген сайын нарықта сұраныс күшейеді. Сол кезде бағаға баға қосылады да, инфляция ауыздықсыз қалады. Экономистер сол жағынан қауіптенеді.

Ақша массасы деген не?

Осы тақырыпты ашайықшы деп қаңтар айында Ұлттық банкке сауал жолдағанбыз. Елде айналымда қанша ақша бар? Ақша массасының көп болуы экономикаға несімен қауіпті? Ұлттық банк қандай жағдайда станок қосып ақша басып шығарады, ол үшін өз бетінше шешім қабылдай ма, әлде президенттің рұқсатын ала ма? — деп сұрақтар жібергенбіз. Соған берілген ресми жауапқа сүйене отырып, тақырып қызып тұған шағында қысқаша шолып кетейік.

Тұтас бір елде қанша ақша бар, соның бәрі — ақша массасы. «Масса» сөзі бұл жерде белгілі бір мөлшерді білдіреді. Бірақ ол мөлшер тек қолма-қол ақшаның ғана санын білдірмейді. Айналымдағы қағаздай (монеталай) ақша да, қағазсыз (электрондық) ақша да — ақша массасын құрайды. Мемлекеттің есебіндегі, халықтың қолындағы, заңды тұлғалардың шотындағы ақшалардың бәрі айналымда жүрген ақшалардың өлшемін көрсетеді.

Қазақстанда қанша ақша айналымда жүр?

Ұлттық банк берген ақпаратта былай айтылған: 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша айналымдағы қолма-қол теңгелердің мөлшері — 4,7 трлн теңге. 2024 жылғы осы кезеңдегі жағдаймен салыстырғанда, 15,2%-ға көп.

Ақшаның шаман тыс көп болуы несімен қауіпті?

Экономикада ақша массасы қалай өседі дегенге Ұлттық банк 3 факторды алға тартыпты. Олар — банктер экономиканы кредиттегенде, бюджет тапшы болғанда және сыртқы активтер ұлғайғанда.

Мысалы, елде тауарлар мен қызмет өндірісі бар делік. Олардың өндіріс қарқыны не өседі, не түседі. Ал егер тұтынушы тараптан сұраныс көбейетін болса, онда инфляция күшейеді деген қауіп бар. Бұның кері жағы да жоқ емес. Оны дефляциялық қысым дейді.

«Егер тауарлар мен қызметтердің бағасы жылдан жылға төмендеп, экономика дефляциялық спиральге түссе, экономикалық белсенділік бәсеңдеп, бұрын Жапонияда байқалғандай, пайыздық ставкалар нөлге дейін төмендейді. Мұндай жағдайда ақша массасының өсуі экономика үшін аса қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ, бұл сценарий Қазақстан үшін қазір өзекті емес», — деп жазылған жауапта.

Ұлттық банктің ақша басып шығару саясаты қандай?

Инфляциялық таргеттеу режимінде біздің назарымыз ақша көлемін реттеуге емес, оның құнын базалық ставка арқылы реттеуге аударылады, дейді реттеуші.

Әрі қарай былай түсіндіреді: «Базалық ставка — Ұлттық банктің негізгі құралы. Соның күшімен депозит пен кредиттің пайыздық ставкалары қалыптасады. Түптеп келгенде ол инфляциялық процестерге ықпал етеді».

Енді сіздер ақша массасының не екенін, оның шамадан тыс көп болуы несімен қауіпті екенін және елде қанша ақша бар екенін білесіздер.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

05 Feb, 10:59


Алаяқ жүр үйіңде...

«Осы каналда үй мәселесін шешеміз» деген желеумен подъездерге QR арқылы ортақ чатқа шақыратын қағаздар ілініп жатыр екен.

QR-кодты ойланбай сканерлеген адам фишингтік сайтқа тап болуы мүмкін. Ондай сайттар қауіпті. Тіпті кейбір сілтемелер телефоныңызға автоматты түрде мәлімет (банктік реквизиттер, карта, мобильді қосымшалардың парольдері) ұрлайтын вирус орнатады.

Жалпы, осыған ұқсас қандай да бір оғаш әрекет жасап қойсаңыз, банкке хабарласқан дұрыс. Қолдан келсе, шоттың паролін өзгертіп, мобильдік қосымшадан интернет-төлемді ажыратып қою керек. Сақ боларсыз.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

05 Feb, 08:26


Өсек — манипуляция

PR саласының өкілі Назым Жанғазинова іскерлік ортаға арнап, пайдалы кеңес ұсыныпты.

— Сізде мынадай жағдай болды ма? Кездесу белгіленеді, сіз онда маңызды мәселе талқыланады деп ойлап келесіз. Ал кездесуге келген адам оның орнына өсек тарата бастайды. Жай ғана қауесет айтып қоймай, «білесіз бе, біреу сіз туралы жаман нәрселер айтып жүр» деп тұспалдап жеткізеді. Мұндайда не істеу керек? — деп сауал тастаған автор өзі ұстанатын әдісті ортаға салады.

— Өз әдісіммен бөлісейін, — дейді Назым замандас. — Тығырықтан шығатын ең ұтымды дипломатиялық қадам — «сізді жамандаған» адамды мақтау. Шынымен сөйтіңіз. Бірден тіксініп қалмай, керісінше, сол адам туралы жақсы сөз айтыңыз. Бұл әдіс сізге шекараны белгілеп береді. Сіз:

🔹 өсекке ермейсіз.
🔹 интриганы құптамайсыз.
🔹 алдыңыздағы адамды да ренжітпей, ондай «ойындарға» алданбайтыныңызды анық көрсетесіз.


— Тағы бір маңызды нәрсе бар, — дейді PR-шы. — Егер біреу: «Сіз туралы әңгіме естідім...» десе, бірден сене салмаңыз. 90% жағдайда бұл — манипуляция. Ол не үшін айтылуы мүмкін? Сіздің ойыңызды бұзып, райыңыздан тайдырып, түкке қажеті жоқ кикілжіңге ұрындырғысы келуі мүмкін, болмаса, біреулердің интригасына тартпақ болады.

Өсек — өзін жоғары ұстайтын адамдардың ермегі емес. Егер сіз шынымен де кәсіби маман, өз ісінің шебері болсаңыз, мұндай «ит тірлікке» уақытыңыз да болмауы керек. Өзіңізге, істеп жатқан ісіңізге адал болыңыз, қалғаны маңызды емес, — дейді Назым Жанғазинова.

P.S. Құр ақша санай бергеннен, кейде осындай кейстер де тұрмыс-тіршілігіміз үшін пайдалы боп жатады. Іскерлік ортада өзіңді қалай ұстау керек, серіктеспен қалай диалог орнату керек, бизнес жайлы қалай сөйлесу керек, алдыңа келген адамнан не алып қалу керек, нені біліп үлгеру керек — бұл да бізге қажет дүниелер. Бес дұшпаның деп Абай бабамыз нені меңзеп еді? Әрине, ол — «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ». 😉

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

04 Feb, 11:19


Пирамида құрып, жұрттың ақшасына шетел аралаған алаяқтар ортамызда жүріпті

«Автолюкс» инвестициялық пирамидасы туралы естуіңіз бар ма еді? Қаржылық мониторинг агенттігі осы факті бойынша іс тіркепті.

Бар болғаны 3 ай жұмыс істеген қаржы пирамидасы Павлодар, Алматы, Ақтөбе секілді басқа да облыстарға тарап үлгерген екен.

Қалай жұмыс істеді деп ойлайсыз?

Пирамида құрғандар интернет-дүкен платформасын дайындаған. Сөйтіп, тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу үшін клиенттеріне ақша салып қоюды ұсынған және әр 10 күн сайын 5%-дан 15%-ға дейін үстіне процент төлеуге уәде берген.

Негізінде тауар сатып алынбайды. Бірақ салымшылар жоқ тауарға ақша төлей береді. Осы схеманы іске асырғандар көптің ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып, ойын-сауыққа жұмсайды, шетел аралап, БАӘ, Таиланд секілді мемлекеттерде демалады.

Не керек, пирамидаға 150-ден астам адамды тартып үлгерген ғой. Оған иланған жұрт 100 млн теңгеден астам қаражатты салып жіберген. Осы соманы пирамидаға тартылған адамдардың басына шағып көрсек, орта есеппен әрқайсысы кемінде 700 мыңдай теңгеден берген боп шығады.

Тағы бір қызығын айтсақ, ұсталған күдіктілер пирамидадан түскен ақшаға Mercedes Benz пен Toyota Camry сатып алған көрінеді. Әрине, ол мүліктің бәрі соттың санкциясымен тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігі былтыр ел ішінде 42 қаржы пирмидасы жойылғанын айтады. Оларға жұрт 20 МИЛЛИАРД теңге салып жіберген...

Біздің халық, негізі, бай. Әйтпесе, көрінген адамға миллиондап ақша ұстатпас еді ғой...

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

04 Feb, 05:43


Отбасы банк депозитті мерзімінен бұрын жапқан жағдайда комиссия ұстай ма?

@QsauatBot-қа осы жөнінде сауал түскен. Онда оқырман былай деп жазды:

«Отбасы банктегі жинағымның шетінен 900 мың теңге ақша шешіп алдым. Сол ақшаның үстінен банк 120 мың теңге ұстап қалды. Енді жинағымды түгел шешіп алсам, банктің өз пайызын ұстап қалуы дұрыс па?»

«Қаржылық сауат» осы мәселені алға тартып, банкке хат жазған-ды. Банк біздің сауалды жауапсыз қалдырған жоқ. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін біз арқылы клиенттің жеке деректерін сұратқаны да рас. Бірақ диалог кезінде бізге хат жазған оқырман банкке өзі жолығатынын айтты.

Әрине, оған толық қақы бар және банк ресми жауабында да былай деді: «Бұл жағдайды егжей-тегжейлі қарастыру үшін Банк клиентке жақын жердегі бөлімшеге жүгініп, жеке кеңес алуға кеңес береді.»

Сонымен, басты сұраққа келейік. Біз Отбасы банкіндегі депозитімізді уақытынан бұрын жауып, ақшамызды шешіп алатын болсақ, банк комиссия ұстап қалуы мүмкін бе? Ұстаса, депозиттегі жалпы соманың қанша процентін ұстайды?

Ресми жауаптан ұққанымыз: бұл банкте депозиттің ең аз қолданылу мерзімі — 3 жыл. Егер банк салымшысы, яғни сіз бен біз өз депозитімізді мерзімінен бұрын жабатын болсақ, Банк комиссия алуы мүмкін.

Банкте тарифтер мен комиссиялық алымдардың мөлшерін реттейтін құжат бар екен. Соған сәйкес, депозиттегі қаражат мерзімінен бұрын шешілген жағдайда банк комиссиясы алынатын соманың 1%-ын құрайды деп жазылған бізге берілген жауапта. Ұсталатын комиссияның ең аз сомасы — 5 000 теңге.

Егер депозиттегі қаражатты сақтау мерзімі күнтізбелік 30 күннен асса, комиссия белгіленген 5 000 теңгесін ұстайды. Ал, салым күнтізбелік 30 күннен аз сақталған жағдайда комиссия соманың 1%-ын алып қалады.

Енді бізге хат жазған жоғарыдағы клиенттің жағдайымен айтсақ, оның сақтау мерзімі күнтізбелік 30 күннен аз болса және шоттан 900 000 теңге алынса, ұсталатын комиссияның мөлшері 9 000 теңгеден аспауы керек.

Ал, егер жинақ мерзімі 3 жылдан аз болса, яғни банк пен клиент арасында жасалған шарт мерзімінен бұрын бұзылатын болса, онда депозитке қосылған мемлекеттің сыйлықақысы ұсталып қалады. Ол ақша кері республикалық бюджетке қайтарылады делінген ресми жауапта.

Жалпы, банк клиенті ретінде біз өз жинақ ақшамызды кез келген уақытта шешіп ала аламыз. Ол үшін, әрине, банкке алдын ала шартты бұзуға өтініш береміз. Банк өз кезегінде сол өтініш түскен бойда күнтізбелік 7 (жеті) күннен кешіктірмей депозиттегі ақшамызды қолымызға беруге міндетті.

Ол үшін клиенттің банк алдындағы несиесі (бар болса) жабылуы керек және шотқа заң бойынша тыйым салынбаған болуы шарт.

Банк ұстайтын комиссия — айыппұл емес, ол банк көрсеткен қызметке ғана алынған алым деп түсінерсіз.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

03 Feb, 09:49


Микроқаржы ұйымы жабылған жағдайда клиент қарызын қайтаруға міндетті ме?

1. Микроқаржы ұйымы деген не?
2. Оның банктен қандай айырмашылығы бар?
3. Микроқаржы ұйымын қалай таңдау керек?
4. 2024 жылы қанша микроқаржы ұйымы жабылды?


1. Микроқаржы ұйымы (МҚҰ) — аты айтып тұрғандай, өз клиентіне микрозайм ұсынатын мекеме. Бірақ банктік мекемеге жатпайды. Рас, арнайы лицензиямен жұмыс істейді. Оны беретін де, қажет болса лицензиясынан айыратын да — ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік).

2. Банктен айырмашылығы — қарыз беру тәсіліндегі жеңілдік болар. Бұған дейін МҚҰ-лар өз клиентіне банк қоятын талапты жеңіл ұсынатын. Көп құжат сұратпай, мақұлдау шешімін ұзартпай, ақша беру процесін тез орындай қоятын.

Әрине, қазір цифрланған заманда банктер де бұл процестің денін жеңілдетіп қойды. Займ алудағы барлық шаруаны қаржы ұйымдарының мобильді қосымшасы арқылы оңай тындыра бересің. Бірақ, не дегенмен, МҚҰ-ға қарағанда банктің тексеру процедурасы қаталдау.

Аяқ астынан ақша іздеген адам банктің талабына шыдай бермейді. Сол үшін осы ұйымдардан ақша ала салғанды құп көреді. Бірақ МҚҰ-ның ең қатал тұсы (бәлкім, минусы) — проценті тым жоғары.

3. МҚҰ-ны қалай таңдау керек — қандай да бір МҚҰ-дан қарыз алмас бұрын оның лицензиясы бар-жоғын тексеріп алған дұрыс. Өйткені бұл салада да алаяқтар кезігуі мүмкін. Яғни, нарықтан төмен процент ұсынатын беймәлім ұйымдарға құжат ұсына берудің қажеті жоқ деген сөз. МҚҰ-ның лицензиясын (бар ма, біржола тоқтатылды ма, уақытша тоқтатылды ма) Агенттіктің ресми сайтынан білуге болады.

4. МҚҰ жабылған жағдайда клиент қарызын қайтаруға міндетті ме — міндетті.

@qarzhylyq_sauat бұл сұрақты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдаған еді. Бізге жолдаған жауабында Агенттік оны былай түсіндірген:

«Азаматтық кодекстің 722-бабының 1-тармағында қарыз алушы шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарыз нысанасын қайтаруға міндетті екендігі белгіленген. Осылайша, қарыз алушы азаматтық заңнамаға сәйкес қарыз нысанасын және оны пайдаланғаны үшін сыйақыны қайтару бойынша шарттық міндеттемелерді толық орындауға міндетті.»

Яғни, МҚҰ лицензиясынан айырылып, қызметін тоқтатқан күнде де кезінде ол ұйымнан қарыз алып, екіжақты шарт жасасқан клиент негізгі займды да, оған қосылатын проценттік үстемені де қосып қайтаруға міндетті болады.

Агенттік берген ақпарат бойынша, 2024 жылы Қазақстанда 17 микроқаржы ұйымы лицензиясын өз еркімен қайтарған. Ал 12 МҚҰ лицензиясынан мәжбүрлі түрде айырылды.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 216 микроқаржы ұйымы ресми жұмыс істеп тұр.


https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

31 Jan, 10:49


Тек 1 млн теңгеден асатын мобильді аударымдар тексерілуі мүмкін

Қазір осы бағытта талқы жүріп жатыр екен.

Бұған дейін не айтылып еді?

Үш ай бойы әртүрлі адамнан ай сайын 100-ден астам төлем түссе, ол шоттың иесі «күдікке ілігеді» деп еді. Демек, ол адам кәсіппен айналысады, салық төлеуге міндетті деп саналуы керек болатын. Сосын 255 мың теңге шекті сома белгіленеді деп те айтылған еді.

Енді Қаржы министрлігі ол шекті соманы 1 млн теңгеден асатын мөлшерде бекітуді көздеп отыр.

«Бұл — 12 ең төменгі жалақы, яғни 1,02 млн теңге (айына 333 мың теңгеден астам). Егер аударым сомасы осы межеге жетсе, банктер бұл операцияларды жүргізген жеке тұлғаларға қатысты ақпаратты бізге береді. Осыдан кейін біз тиісті шаралар қабылдай бастаймыз. Яғни, бақылау шегін шамамен төрт есе ұлғайтып отырмыз», – деп түсіндіріп беріпті қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Енді не айтылып жатыр?

LS ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім талқылау барысында Ұлттық банкпен бірге қабылданып қойған.

— Қазір біз Ұлттық банкпен бірге мобильді аударымдарды бақылауға арналған төменгі шекті қайта қарап жатырмыз. Бұл шешім өзарамызда қабылданды. Енді техникалық тұрғыда іске асыру мәселесін пысықтап жатырмыз. Банктер өз жауабын беруі керек. Содан кейін біз бұл жүйені көп ұзатпай іске қосамыз, — деп түйеді вице-министр.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

30 Jan, 14:51


Каналға жаңа тіркелген қауымға ұсына кетейік:

https://t.me/qarzhylyq_sauat/769

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

30 Jan, 13:06


«Ұлттық қор — балаларға»: биыл 18-ге толмаған әр бала 129 доллар 38 центтен алады

Informburo.kz ол ақшалар балалар шотына 31 қаңтар күні аударылады деп хабарлайды. Биыл өз үлесін алатындардың жалпы саны — 6 921 035 бала.

«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының сайты бар екенін білесіздер ғой. Балаларыңыздың шотына ақша түскенін келесі айдың басынан бастап сол жерден көре аласыз. Сайт адресі мыннау — https://kids.enpf.kz/.

Былтыр бұл бағдарламаға 6,918 млн бала қатысып еді. Ол кезде 100 доллардан аударылды. 18-ге толғандары жалпы сомасы 5,3 млн долларды өз мақсаттарына бағыттай алды. Олар:

2,96 млн долларды — тұрғын үй жайын жақсартуға;
2,35 млн долларды — оқу ақысын төлеуге бағыттады.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

30 Jan, 11:36


Еуропада босқын статусын алған Аида

Бүгін жазу алаңындағы бағытымызды сәл бұрған — соғыс алаңынан жаңалық таратып жүрген қазақ қызының ерлігі болды. Ол туралы оқып отырып, аттап кете алмадық. Тек қара басыңды ойлайтын заманда кәсібіңді сүю, еңбекке адал болу — бүгінде ең сирек кездесетін адами қасиетке айналып тұр.

Аида Қыдырбай. Украинада қазақстандық телеарналарға репортаж жасап жүрген жүректі журналист. Кезінде республикалық арнада қызметтес болдық. Сыртта жүрген әріптесін іздеп, жағдайын білген журналист Мөлдір Бақыт сұхбатын былай бастайды:

«Киевке өзі қызмет ететін телеарнаның тілшілер қосынын құруға келген қазақстандық жас журналист Аида Қыдырбай ә дегеннен сергелдеңге тап болды. Тағдырлы Украинаның «тар жол, тайғақ кешу сәттерін» |...| өз көзімен көріп, басынан өткерді. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген аласапыран уақытта оқиға ортасында жүрген Аида тілші ғана емес, перзентінің болашағы үшін алаңдайтын ана еді. |...| Оқ пен оттың ортасында қиналып жүрген сәттеріңді бөліскенде, «мына қыз неге елге оралмайды» деген ой еріксіз келеді. Қызыңды алып, Қазақстанға неге қайтып келмедің?..».

Аида «8 жылға созылған іссапар» кітабын шығарыпты. Сол арқылы Қазақстандағы әріптестері оны жаңа қырынан танып жатыр. Сұхбатта қазақ қызы былай ашылады:

«Украинаның тұрғынымын. Ішкі жағдайды жаңалықтан емес, өз көзіммен көрдім. Жан-тәніммен сезіндім… Ал бірақ, бұл соғыс ел күткендей болмады. Ащы ішектей созылып кетті. Қарапайым халық, шыны керек, шаршап, арып-ашып тозып кетті... Соғыстың еш мемлекетке опа бермейтінін түсінді. Иә, соғыс бірді-екілі үлкен фигуралар үшін бизнес көзі болуы да мүмкін. Бірақ бүтін бір ұлт үшін нағыз геноцид дер ем. |...| «Жеңіс» деген позиция енді кеш... Өйткені миллиондаған өлім, жап-жас қыршыннан қиылған тағдырлар, психикасына зақым келген жанұя, мүгедек, тұтқындар, қанша шаңырақ ортасына түсті, табиғатқа келген залал қанша, қарызды қай ұрпағы қайтарады? Бұл шығынның орнын енді ешқандай жеңіс толтыра алмас. |...| Түрлі сойқанды көзбен көрген адам ретінде айтайын, СОҒЫС ешкімді аямайды. Тек құрдымға жетелейді. Елімнен соғыстың беті аулақ болсын, ешқандай жағдай соғысқа жеткізбесін...»

Аида әріптесімізге және отбасына амандық тілей отырып, сұхбаттың толық нұсқасына сілтеме бере кетуді жөн көрдік. Оны мына жерден оқи аласыздар.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

29 Jan, 04:36


Енді той-томалақ пен жерлеу рәсімінде ысырапшылдыққа жол бергендер айыппұл арқалауы мүмкін

Aikyn.kz көршілес Қырғыз Республикасының Парламенті салт-дәстүр жоралғыларын, рәсімдер мен мерекелерді өткізу кезінде артық шығынды шектеу жолдарын ұсынып жатқанын жазыпты. Заң талаптарын бұзғаны үшін той, шара иесіне және мекеме иесіне айыппұл салу көзделген дейді.

Заң жобасы қазір қоғамдық талқылауда екен. Онда отбасылық іс-шараларды реттеу үшін мынадай шаралар ұсынылыпты:

жерлеу кезінде ұсақ малды, жылқы немесе ірі қара малды союға жол берілмейді;

марқұмды жерлеген соң үш күннен кейін бір жылқы немесе ірі қара мал сойып, Құран оқып, ас беруге рұқсат етіледі;

3 күн, 7 күн, 40 күндігі және жылдық асын өткізуге тыйым салынады;

тойға саны 250-ден аспайтын адам шақыруға және бір сиыр немесе жылқы союға рұқсат етіледі;

«қыз ұзатуға» бір сиыр немесе жылқы сойып, 100 адамнан артық шақыруға болмайды;

үйлену тойы мен қыз ұзатуды бірге өткізу кезінде бір сиыр немесе жылқы сойып, 350-ден аспайтын адам шақыруға рұқсат етіледі;

үйлену кортежінде үш көліктен артық болмауы керек;

жоғарыда аталған салт-жораларды, мерекелерді және салт-дәстүрлерді өткізу кезінде «киіт кигізу», «себет тарту» секілді басқа да осыған ұқсас ғұрыптарға қажетсіз шығын шығаруға тыйым салынады.

Осы құжатқа бастамашы болғандар кейінгі кезде елде той-томалақ пен жерлеу рәсімдеріне байланысты халықтың төл әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне сәйкес келмейтін келеңсіз құбылыстар көбейіп кеткенін алға тартып, осының барлығы отбасы бюджетіне ауыр салмақ салып жатыр деген. Заң жобасы қабылдана ма, жоқ па — оны уақытында көреміз.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

28 Jan, 03:55


Ескертеміз: СПАМ тарататын оқырман блокталады

Каналда пікір алаңы ашылғалы түрлі спам таратып, күдікті қызметтер ұсынатын адамдар арагідік көзге түсіп қалып жатыр. Алғашында біреулеріне жәй ғана ескерту бердік, есесіне, агрессия көрсетті. Әрине, аккаунтына блок қойдық. Ортақ ережемізге көнбейтін адамның көретін күні осы болады. Өзіміз қалың аудиторияны түрлі алаяқтардан қорғауға шақырып отырғанда мына жақтан неше түрлі қызмет, жарнама ұсынып үлгеріп қалып жатқандар бар. Ондайға жол бере алмаймыз.

Қызмет демекші, «Қазақстанда жалған брокерлер ұрлаған қаражатты қайтару үшін арнайы қызмет құрылды» деген ақпарат тарапты. Үкімет жарлығымен құрылғаны туралы айтылады. Ақпарат жұртшылыққа сенімді көрінуі үшін хабарламада Киберпол, ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы /ОДКБ/) сияқты ұйым атаулары аталады.

www.stopfake.kz порталы бұл жаңалықты ФЕЙК деп атады. Себебі, бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін ең алдымен Үкімет сайтын шолып шығуға болады. Әлбетте, ол жақта мұны растайтын ақпарат жоқ.

Сосын осы типтес хабарламаларда алаяқтардың шетелдік доменді қолданатындарын аңғаруға болады. Ол, әрине, «қақпан-сайт» — фишингтік сілтеме болады.

Мысалы, осы туралы ақпаратта алаяқтар «.uno» домендік порталына шығаратын «Байланысу» батырмасын ұсынады. Ал, Қазақстан «.kz» домендік аймағында тіркелген. Оны барлық мемлекеттік ұйымдар пайдаланады.

Түйін: Қазақстанда жалған брокерлер ұрлаған қаражатты қайтару үшін арнайы қызмет құрылған жоқ.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

25 Jan, 12:55


Алаяқтық пирамидасы қалай жұмыс істейтінін қарапайым тілмен түсіндіріп көрейін.

Бұндай схеманы алғаш бастаған Чарльз Понци деген кісі. 1919 жылы АҚШ-та бастапты. Италиядан көшіп келген кезде қалтасында дым ақшасы болмаған. Бірақ жұртты бір нәрсеге көндіру қабілеті мықты болыпты.

Құнды қағаздар кеңсесін ашып, салымшыларға әр 1000$ үшін 90 күннен кейін 1500$ төлейтін болған. Қазіргі 1000 доллармен салыстырғанда ол кезде көп ақша ол.

Басында салғандарға кейін салғандардың ақшасынан төлеп отырған. Осылайша салымшылар ақшаларын алып, кейін құнығып, одан сайын көп салып отырған. Чарльз ағай 1 жылда миллиондаған доллар істеп алған.

Кейін алаяқтығы білініп, сотталады. Италияға кері депорт жасалыпты. Муссолиниге кеңесші болған, ағылшын мұғалімі де болыпты.

Жалпы әлі күнге дейін пирамида жүйесі өзгермеді. Басында береді, сосын көп ақша жиналғанда жабылып, қашып кетеді

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

19 Jan, 08:27


ЦИФРЛЫ ЗАМАН

Қызық заманда өмір сүріп жатырмыз. Айналамызға қарап отырсақ, өміріміз КОД-тан тұрады екен. Код дегеніміз — сандар мен символардың жиынтығы ғой. Олар көп. Ал, біз сол сандарды жаттап жүрмесек, өмір сүру қиын. Сонымен, мына деректерді жаттап жүруге мәжбүр екенбіз:

- Жеке куәлік нөмірі
- Паспорт нөмірі
- ЖСН (ИИН)
- ЭЦҚ (ЭЦП) паролі
- egov порталының паролі
- Көлігіңнің мемлекеттік нөмірі, сериясы
- Үй компьютерінің/ноутбук паролі
- Жұмыс компьютерінің/ноутбук паролі


FaceID болса да:

- Телефонның экран коды
- WhatsApp/Telegram коды
- iCloud паролі
- Электрондық пошты паролі (олар бірнешеу)
- Instagram паролі
- TikTok паролі
- Facebook паролі
- Түрлі сайттарға кіретін пароль
- Банк қосымшаларының коды (олар бірнешеу)

- Банк картасының нөмірі
- Банк картасының мерзімі/CVV-код
- Домофон коды (өз үйіңнің, туыс/достарыңның)
- Тұратын қалаңның индекстік коды
- Үй ішіңдегі, айналаңдағы ең жақын адамдардың телефон нөмірі


Еске түскені осы болды. Тағы болуы мүмкін.

Ал, енді ойлап көріңізші, соңғы екі он жылдықта осы кодтар (көбі) біздің өмірімізге керек болды ма?

Миымыз қандай мықты, ә? Ақпарат (“мусор”) көп заманда мұның бәрін есте сақтап жүру де оңай емес.

Ал, негізі, өзіңнің жеке мәліметтеріңді әлемнен қорғағың келсе, пароль деген дүниенің өзін (эл. пошта, әлеуметтік желідегі парақшаларды) кемінде үш ай сайын ауыстырып тұру керек. Оның өзі басқа (жаңарған) дерек. Оны да есте сақтап жүруге тура келеді…

Сіз бен бізге сабыр берсін.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

18 Jan, 14:15


Төмендегі 3 сұраққа жауап жазып көріңізші.

1. Егер ақша сізбен сөйлесе алатын болса, қай арманыңызды орындатып алар едіңіз?

2. Егер сізге өмір бойы тек үш затқа ақша жұмсауға рұқсат етілсе, ол не болар еді?

3. Егер ақша “уақыт машинасы” бола алса, оны өткенге оралуға жұмсар ма едіңіз, әлде болашаққа саяхаттауға жұмсар ма едіңіз? Неліктен?

Кеттік!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

17 Jan, 04:48


Қазақ тілділер өмір бақи орыс тілін білуге міндетті болып келді. Жұмысқа да солай қабылдайды. Әлі күнге дейін солай.

Ал орыс тілділерге қазақ тілін білу міндеттелмейді. Жұмыста оларды әлі күнге дейін ешкім қазақ тілін білмегені үшін жазғырмайды.

Сосын менің ең жыным келетіні — вакансиялардағы үш тілді білу, бірақ жалақының оған сай болмауы. О жұмысқа орыс тілділер бармайды. Ондай талаптан өтпейді, біріншіден, ондай ақшаға пысқырмайтыны тағы бар.

Екі тілді адамды талап еткен жер екі адамның жұмысын істейтінін түсіне отырып, соған сай жалақы төлеу дегенді неге ойламайды? Соны түсінбей келем әлі күнге дейін.

Автор: Қаракөз Тұрмағанбетқызы, журналист

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

17 Jan, 04:06


Apple-мен байланыстамыз!😎

Кеше Әділхан Қопабаевтың министр жазбасындағы аккаунтына сәлем-хат жолдап көргенбіз. Қызметімен құттықтап. Жаңалығын елге жеткізгенімізді айтып.

Таңда оянсақ, Apple-ге басшылық қызметке барып жатқан отандасымыз қарапайымдылығынан таймай, бізбен амандасып, кері байланысқа шығыпты. Риза боп қалдық.

Онысына рахмет айттық. Сосын өз саласында біздің елге жеткізер тың жаңалығы болса, өзі секілді алғыр азаматтардың (қазақстандықтардың деп оқырсыз) ашып жатқан қандай да бір ғылыми жаңалығы болса, бізге жеткізуге асығуын сұрадық.

Егер келешекте Apple тарапынан, Әділханнан жаңалық ала алсақ, оны, әлбетте, Сіздерге жеткізуге біз де асығамыз. Сол күнге жеткізсін!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

16 Jan, 15:53


Ақшаға қатысты өміріңізде қандай үлкен қателік жібердіңіз? Не өкіндіреді?

Әңгімелейік, достар.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

16 Jan, 06:39


Қазақ жігіті Apple компаниясына басшылық қызметке барып жатыр

Мұндай қуанышты жаңалықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жеткізіп отыр. Өз парақшасында ол былай деп жазды:

«Біздің отандасымыз, digital nomad @adilkhankopabayev, Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалғанын хабарлауға қуаныштымын! Енді Әділхан Орталық Азия және Армения аймағын қадағалайтын болады.»

29 жастағы Әділхан Қопабаев Ақтөбе өңірінің тумасы екен. Отандасымыз Apple компаниясында басшылық қызметке тағайындалған тұңғыш қазақ атанып отыр.

Құтты болсын!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

16 Jan, 05:12


«Олигархтарды басқа жерден іздеп жүрсіздер...»

Қазір әңгіме мобильді аударымдарды бақылау жайында болады. «Ақ жол» фракциясы кеше Парламент қабырғасында осы мәселені көтеріп, бақылау параметрін қайта қараңдар, мобильді аударымдарды тексереміз деп оны азаматтар мен шағын бизнеске қысым жасайтын құралға айналдырмаңдар деп талап қойып, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдапты.

Сауалда фракция мүшелері сарапшы Олжас Байдельдиновтің пікірін алға тартады. Онда ол: «Төлемдерді жаппай бақылау арқылы түрік моделін қайталауымыз мүмкін. Оларда қолма-қол төлемдерге қарағанда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құны 10%-ға қымбаттады. Бұл елде инфляцияның күрт өсуіне себеп болады» депті.

Яғни, депутаттардың пайымдауынша, мұндай қысым бизнесті экономикалық және әлеуметтік шығындарға тіреп, азаматтардың қаржылық әл-ауқатына қауіп төндіреді. Сол үшін шетелдік үздік тәжірибеге сүйене отырып, мобильді аударымдарды бақылау форматын қайта қарауды ұсынады.

Азат Перуашев бастаған фракция Ресейдің тәжірибесін алға тартып отыр. Көрші елде күніне 30-дан астам аударым алатын тұлғалар ғана мониторингке жатады екен. Бірақ олардың әрбір төлемі 1 мың рубльден жоғары болуы керек те, бір айдағы жалпы сомасы 1 млн рубльден жоғары болуы шарт. Сонда ол біздің ұлттық ақшамен — 5,5 млн теңгеге пара-пар.

Сонда біздегі бақылауға (100 төлемнің есебін шығару үшін) ұсақ төлемдер де түсіп қалып тұр және 255 мың теңге — Ресейдегі шек — 5,5 млн-ға қарағанда 20 есе аз. Осынша қажетсіз ақпараттың мұндай ауқымынан кімге және қандай пайда?, - деп сауал тастаған мәжілісмендер мониторингке жататын әр төлемнің төменгі шегін — 3-5 мың теңгеден және одан да көп мөлшерде белгілеу қажет деп санайды.

«Төлемдер сомасын кәсіпкердің таза пайдасы ретінде қарастыруға болмайды. Тәжірибеде шағын бизнестің табыстылығы 15-20 пайызды құрайды, яғни, 255 мың теңге (3 ТЖМ) айналымнан оның табысы — 50-60 мың теңге. Демек, төменгі жалақыдан да аз. Таза пайда жоғарыда аталған 255 мың теңгені құрауы үшін кәсіпкердің айналымы айына 1 миллион теңгеден көп болуы керек. Осыған байланысты «Ақ жол» демпартиясы айына 1 миллион теңге сомасынан басталатын мобильді төлемдерге мониторинг жүргізуді ұсынады» деген жолдар бар ресми сауалда.

«Шағын және микробизнес — бұл кішігірім дүкендерде, кафелерде не аз-кем қызмет көрсету саласында еңбек ететін қарапайым адамдар. Бюджеттен ұрлап жатқандар да, оффшорлық есепшоттарға миллиардтарды аударатындар да олар емес. Егер мұндай кәсіпкер артық 10-20 мың теңге тапса, ол бұл ақшаны елде қалдырады — мысалы, баласына киім-кешек сатып алады немесе шағын кәсібін сәл кеңейтеді» деп дәйек келтірген «ақжолдықтар» олигархтарды басқа жерден іздеп жүрсіздер, шенеунік мырзалар, миллиардтарды жымқырып жатқандарды іздеңіздер, - дейді.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

15 Jan, 07:14


«КЕЛЕШЕК»: 5 ЖАСҚА ТОЛҒАН БАЛАҒА ҒАНА АҚША ТҮСЕ МЕ?

Президент қол қойды деп сүйіншілегелі бұл жүйеге қатысты сұрақ көбейді. Солай ма? Сөзді көбейтпей, нағыз керек ақпаратқа, нақты цифрға көшейік.

Жобаға 5-18 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Бірақ, тиісті Заңға Президент биыл ғана қол қойғандықтан, 2025 жылы 5-ке толатын балалардың шотына ғана мемлекеттен алғашқы капитал түседі.

Бұған дейін жазғанымыздай, ол — 60 АЕК (235 920 теңге). Жетім балаларға 120 АЕК (471 840 теңге) аударылады.

Одан кейінгі жастағы (6-7-8... аралығындағы) балаларға ол жарна түспейді. Неліктен мұндай талап? Өйткені ЖОО-да білім алуға керек қаражатты жинап үлгеру үшін орташа есеппен 13 жыл уақыт керек екен. Одан аз уақытта тиісті сомаға жеткізу қиын. Яғни, 5-18 жас аралығында жүйе талаптары толық орындалатын болса, әр баланың шотында шамамен 7,5 млн теңге жинақталу керек.

Талап деп отырғанымыз — әр ата-ана баласына шот аштырған жағдайда ай сайын 8 мың теңге көлемінде қаражат салып отыруы керек. Әлеуметтік осал топқа жататын балалар шотына 4 мың теңге салынады. Жылына шығатын соманы жинап баланың шотына бір реттік операциямен де салуға болады, ай сайын бөліп аударуға да болады. «Егер оны орындай алмасаңыз, я болмаса, бала азаматтығын ауыстырса немесе басқа елге қоныс аударатын болса, онда мемлекет өзі салған капиталын кері қайтарып алады», деп жазады egemen.kz.

Егер мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінде есепшотыңыз ашылып қойған болса, ондағы барлық жинақтарыңыз бен сыйақыларыңызды жоғалтпастан «Келешек» жобасына ауыса аласыз. Жалпы, бұл жерде ескеретін нәрсе — ата-ана «Келешек» жүйесімен шот ашуға міндеттенбейді. Ашу-ашпау өз еркіңізде.

Мектепті аяқтағаннан кейін жиналған қаражатты колледждер мен ЖОО-да оқу ақысын төлеуге болады. Білім беру грантын алған жағдайда жинақты:

📌 басқа техникалық және жоғары білім алуға;

📌 жинақтауды жалғастыруға;

📌 үшінші тұлғаға (туысы ҚР азаматы болуы керек) аударуға;

📌 үй алуға пайдалануға;

📌 білім туралы құжат ұсынылған жағдайда жинақталған қаражатты қолға алуға болады.


Шотты қайда ашамыз? Әрине, екінші деңгейлі банктерде. Олар да бала шотына 12%-дан төмен емес ставкамен сыйақы бөліп отыруға тиіс. Сонда биылдан бастап 5 жасқа толған баланың шотына — мемлекеттен, банктен және ата-ананың қорынан ақша түседі деген сөз. Егер бір үйден бірнеше балаға шот ашылатын болса, мемлекет тарапынан олардың әрқайсына 5% емес, 7% сыйақы төленеді.

Енді бәрі түсінікті болды деп ойлаймыз.

t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

14 Jan, 12:23


Инвестициялық портфель деген не? Ол не үшін керек, қалай құру керек?

Биржа туралы біршама жаздық. Бірақ инвест-портфель туралы сөз арасында атап кеткеніміз болмаса, түсін түстеп, сипаттап көрмеген сияқтымыз. Бүгін сол олқылықтың орнын толтырып көрейік.

Шындығын айтқанда, біз де биржа әлемін зерттеушіміз. Біз де сіз секілді бұл салада «сары ауыз балапынбыз». Бірақ қол қусырып, отыра беруге тағы болмайды. Сол үшін ізденеміз. Интернет ақтарамыз.

Жауапты бірге іздеп көрейік. Ашық дереккөздерде бұл сұраққа ақпарат баршылық. Түсінгеніміз мынау: биржада табыс тапқысы келетін кез келген адамға бұл портфельсіз жұмыс істеу қиын болатын сияқты. Өйткені биржада табыс та бар, шығын да (тәуекел/риск) бар.

Инвестициялық портфель — сол екеуін тепе-тең ұстауға мүмкіндік беретін баланс құралы. Егер сіз сол балансқа ие бола алсаңыз, түбінде күймейсіз, керісінше, қоржыныңыз майлана түседі.

Инвест-портфельдің миссиясын дұрыс түсіну үшін оны өз тілімізге салып, ҚОРЖЫН деп алайық. Сол Қоржында акциялар мен облигациялар жинақталуы керек. Жалпы, қор нарығында (биржада) активтің екі түрі болады:

1. Қаржылық актив. Ол дегеніміз — әрине, қолма-қол ақша, алтын, акция, облигация (ETF).
2. Қаржылық емес активтер. Ол дегеніміз — шикізат тауарлары, жылжымайтын мүлік және басқа да материалдық құнды дүниелер.

Сонымен, қолымызда Қоржын тұр дейік. Ішіне не саламыз? Салған дүниені (активтерді) қаншалықты ұзақ сақтағымыз келеді? Яғни, Қоржынға не салатынымыз — әр адамның таңдауына, көздеген мақсатына, жоспарына, тәуекелге қалай төтеп бере алатынына байланысты.

Ең бастысы — активтер сан алуан болуы керек. Ол өте маңызды. Тіпті, спортта да команда әр позициялы ойыншыдан құралады ғой. Мысалы, футбол командасы бірыңғай қақпашыдан тұрмайды немесе бірыңғай шабуылшыдан я қорғаушыдан тұрмайды. Бұлардың бәрі — бір-бірін толықтырып тұрушы.

Біз сол команданы басқаратын адам секілді Қоржындағы активтерді де басқаруымыз керек қой, қысқасы. «Маған анау керек — табысы жақсы, маған мынау керек — экономикасы қуатты» деген сияқты.

Сонда кейбір акциялар нарықта әлсіздік танытып жатқанда күшті де қуатты акциялар сол төмен кеткен позициялардың орнын толықтырып отырады. Сонда Қоржынымыз тесіліп кетпейді, ішіндегі өзге активтердің күшімен жамала береді.

Бірақ, инвест-портфельді аша салумен инвестициялау процесі тоқтап қалмайды. Оған да «күтім» керек. Уақыт керек. Балаңдай мәпелеп отыруың керек. Сол үшін үнемі нарықты зерттейсің, жаңалықтардан құлақ алмайсың, әлемде (нарықта) болып жатқан ахуалды «күзетесің». Қоржындағы акциялардың балансын реттеп отыру керек.

Тәуекелі аз (көп ақша жоғалтпайтын) құралдарға — «кэшке» жақын қысқамерзімді мемлекеттік облигациялар жатады екен. Ал тәуекелі жоғарысы — нарықта жаңа пайда болған «жас» компаниялардың акциясы. Сондықтан, биржаны санаға енді сіңіріп жатқан сіз бен бізге кәсіби аналитиктердің де кеңесі артық болмайды.

Ең бастысы, Қоржын толтырарда өзіңіз жақсы түсінетін бизнес-саладағы компаниялардың акциясына мән берген дұрыс дейді білетіндер. Егер нақты бір салаға таңдау жасасақ, сол бағыттағы бизнес-лидерлерге акцент қоюға болады екен. Ал, «опцион», «депозит» және «фьючерс» секілді тәуекелі жоғары қаржы құралдарын Қоржынға салуға асықпау керек деп ескертеді ашық дереккөздер.

Әзірге жиған-тергеніміз осы. Тоқтамаймыз. Зерттей түсеміз.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

14 Jan, 10:53


Спекуляцияға жол жоқ!

Енді валюта айырбастау орындары ойына келген бағасын қоя алмайды. Өйткені Ұлттық банк шетел валюталарын сату және сатып алу арасында ауытқу болмас үшін бағаға шек қоюға шешім қабылдап отыр. Бұл доллар мен еуроға қатысты жағдай.

Бұл нені білдіреді?

Валюта айырбастау пунктері енді жаңа талапқа сәйкес, шетелдік қос валютаны алып-сатарда Ұлттық банк бекіткен ресми бағамнан долларға — 7 теңгеден, ал еуроға — 10 теңгеден артық айырмашалықпен баға қоя алмайды.

«Ұсынылған өзгерістер, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді төмендетуге, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілтуге бағытталған. Бұл шектеулер қолма-қол ақшасыз нысанда жүргізілетін айырбастау операцияларына әсер етпейді», делінген ресми хабарламада.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

13 Jan, 12:22


Бүйрек сату қылмыс па?

Ақпараттық сайттарды шолып отырып, осыған қатысты Ақтөбеде қозғалып жатқан қылмыстық іске көзіміз түсіп отыр. 27 жастағы атыраулық азамат қарызынан құтылу үшін өзінің бүйрегін сатпақ болыпты...

Прокурорлардың позициясы бойынша, заң тілімен айтқанда, адамның өз бүйрегін сатуы — қасақана ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыс.

Кәмелетке толмаған екі баласы бар жұмыссыз жігіт өз ағзасын сату үшін Telegram-ға жүгінген екен. Сол жерде бүйрегін сататынын айтып, пікір қалдырады. Оны байқаған ақтөбелік полицейлер диалог орнататын адамды алдын ала бекітіп, сол арқылы «донормен» байланысады да, «бүйрегін сатып алатын» болып келіседі.

Оқиға былтыр маусым айында болыпты. Атыраулық азамат өзінің бір бүйрегін 9 млн теңгеге бағалайды. Органды сатып алатынын айтқан адам «донорды» Ақтөбеге шақырып, жол пұлын өтеп, қаладан пәтер жалдап қояды. Ақтөбеге жеткен жігіт медициналық тексеруден де өтеді. Барлық процесс өзіне шынайы көрінеді. Сөйтіп, клиентпен өзара келісу арқылы операцияға дейін 5 млн теңге авансын алады. Сол кезде ол полиция қолына түседі.

Қазір сотта қаралып жатқан іс бойынша, азамат Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 116-бабының 1 бөлігі бойынша заңбұзу әрекетіне барған боп саналады.

Сотта сөз алған «донор» былай депті:

«Қарызым болды. Сосын ашу үстінде Telegram арқылы жазба қалдырдым да каналдан шығып кеттім. Маған қыркүйек айында хабарласты. Ақтөбеге шақырып ақшасын төледі, пәтер жалдап берді. Қолма-қол ақша бергенде ұсталдым. 9 млн теңгеге келістік. Отаға дейін және кейін бөліп беретін болды. 5 млн теңгені алып кетіп бара жатқанда ұстады. Өзім толық мойындаймын, өкінемін»

📌 P.S. Оқырманға ой салу үшін жарияладық. Адам болғасын кейде мойында қарыз да қатар жүреді. Бірақ бүйрек секілді өз органыңды өз бетіңше сату — тығырықтан шығатын жалғыз жол емес. Ескерерсіз. Құқық қорғау органдары да әлеуметтік желілерді ұдайы сүзіп отырады. Онсыз да қарызға батып жүрген адамның басына іс тілеп алуы жақсы емес. Артық эмоцияға беріліп, ашу үстінде шешім қабылдамаған жөн. Өзіңіз білесіз, ашу — дұшпан...

#ОйСалар

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

13 Jan, 08:52


10 сотық жер алуға кезекке тұрдыңыз ба?

Әрбір Қазақстан азаматы 10 сотық жер алуға құқылы. Бұдан хабардар боларсыз? Бірақ кей адамдар «кезекке тұрып қою керек еді» деп жүре беруі мүмкін. Оған салғырт қарамау керек.

Ешқайда бармайсыз. Egov.kz порталы ол процесті жеңілдетіп қойғанына да бірнеше жыл болды. ЭЦҚ болса — жеткілікті. Ал, жерге өтініш жазу үшін әкімдіктің табалдырығын тозыру — бұрынғының талабы. Қазір олай жүрмейсіз.

Әрине, әр өтінішке шетінен жер беріп жатқан мемлекет жоқ, бірақ бар мүмкіндікті қазірден пайдаланып отырған дұрыс болады деп санаймыз. Мысалы, балаларымыздың атынан өтініш беріп қоюға не кедергі? Ерте болсын, кеш болсын, әйтеуір ол жерге иелік ететін күн де келер? Осыны есіңізге тағы бір салып қояйық деп шештік.

Инструкциясы былай:

- www.egov.kz сайтына кіреміз
- ЭЦҚ арқылы авторизация жасаймыз
- «Жылжымайтын мүлік» бөліміне өтеміз
- Сол жақ бағаннан «Жер қатынастары» таңдаймыз
- Оң жақтан мына жазуды тауып аламыз: «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру»
- «Онлайн сұрау» тетігін басамыз
- Өтініш түрін таңдаймыз. Үш түрі болады:

1. Кезекке қою
2. Бұрын берілген өтініштердің деректерін өзектендіру
3. Кезектен шығару


10 сотық жерге өтініш беру үшін «Кезекке қою» нұсқасын таңдаймыз. Сол кезде сайт республика бойынша таңдауға мүмкіндік ұсынады.

Бірден айтып қояйық, Астана мен Алматы қалаларынан жер алуға мүмкіндік жоқ. Олардың бірін таңдасаңыз да, сізге мынадай ескерту шығады:

«Құрметті көрсетілетін қызметті алушы, бос аумақтардың болмауына байланысты (бекітілген Бас жоспарға сәйкес), осы өңірде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға арнайы есепке алудың (кезек) жүргізілмейтінін хабарлаймыз»

Сондықтан, басқа облыстардан таңдау жасауға тура келеді. Ол тізбек былай:

облыс ➡️ аудан ➡️ ауылдық ➡️ округ ➡️ ауыл

Мекенді таңдайсыз да, «Мен бұрын жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін жер участкісің алмағанымды растаймын» деген жерге белгі қойып, өтінішіңізді жолдайсыз. Бір жақсысы, кез келген уақытта онлайн тексеруге болады.

Каналға жазылып қоюды ұмытпаңыз: https://t.me/qarzhylyq_sauat

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

13 Jan, 07:11


AQYL мен «КЕЛЕШЕК» жинақтау жүйесінде қандай айырмашылық бар?

Оқырманнан осындай сауал түсті. Біліп жүру үшін жақсы сұрақ. Осы жерде сол жайында жаза кетейік деп шештік.

AQYL — бұл да білім депозиті. Ол тек балаға арналмаған. Кез келген адам өз біліміне де, балаларының біліміне де осы депозиттің көмегімен қаражат жинай алады. Ең күшті жері — жиналған ақшамен Қазақстанда да, шетелде де оқу ақысын төлеуге болады.

AQYL депозитін кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашылады. Егер депозит үш жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша жылдық ставка 12% (ЖТСМ 13,1% дейін) тең болады. Егер депозит 5 жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме 9,5% (ЖТСМ 10,1% дейін) тең болады, деп жазылған hcsbk.kz сайтында.

Банктің сыйақысы ай сайын капиталдандырылады.

Қандай артықшылықтары бар?

🔸 Шотты баланың атына рәсімдеуге болады. Ол кезде шот арестке түсе алмайды және белгілі бір (мысалы, сот) шешімдерге байланысты ішіндегі ақша мәжбүрлі түрде шешілмейді.
🔸 Егер балаңыз грант иегері болып жатса, депозиттегі ақшаны басқа балаға пайдалануға болады немесе пайызы мен мемлекет аударған сыйлықақыны қосып, шешіп алуға болады.
🔸 Бағдарламаға қатысушы банктер арасында ақша аудару проблема болмайды.

«AQYL» депозитін аштыру үшін қатысушы банктердің мобильді қосымшасын пайдалануға немесе банктің өзіне барып білуге болады деп ойлаймыз.

«КЕЛЕШЕК» жинақтау жүйесі

Қазақстан балаларына арналады. Мемлекеттің беретін капиталы бар. 5 жастан бастап 18 жасқа толғанша қаржыны тұрақты түрде жинақтау керек. Кейін ол ақшаны елде және шетелде білім беру қызметтеріне жұмсауға болады. Жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлей аламыз.

Артықшылығы:

🔹 2025 жылы 5 жасқа толған балаларға мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы белгіленеді. Оның мөлшері — 60 АЕК (235 920 теңге);

🔹 жетім балаларға белгіленетін капитал — 120 АЕК (471 840 теңге);

🔹 екінші деңгейлі банктің сыйақысы немесе сақтандыру компаниясының инвестициялық кірісі болады;

🔹 жыл сайын 5-7% мөлшерінде мемлекеттік сыйақы төленеді.

«Келешек» шоттарын екінші деңгейлі банктерде ашуға болады. Ата-ана шотты ашқаннан кейін жыл сайын әлеуметтік осал топтағы бала үшін 12 АЕК (айына 4 мың теңге шамасында) және басқа балалар үшін 24 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна төлеп отыруға тиіс.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

12 Jan, 13:29


"7-20-25" пен "Баспана хит" ипотекасында салық шегерімдері ашылды

Осыдан төрт жыл бұрын Салық кодексінде ортақ ипотекаға арналған салық шегерімдерінің күшіне енуі 2025 жылға дейін кейінге қалдырылған болатын. Ол уақытта шегерім тек тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істеп тұрды.

Енді, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бері шегерім барлық ипотеканы қамтиды. Оның ішінде "7-20-25" пен "Баспана хит" ипотекалары да бар.

Шегерім сізге айлықтан төленетін жеке табыс салық мөлшерін қысқартып, қолыңызға көбірек жалақы алуға мүмкіндік береді. Сәл де болса үнемдейсіз. Ай сайын ипотекаға төлейтін соманың ішіндегі банк проценті осы шегерім ішіне кіреді.

Мысалы, сіздің жалақыңыз (оклад) 400 000 теңгені құрайды дейік.
Одан алынатын зейнатақы жарнасын есептейік: 400 000 / 10% = 40 000 теңге.
Ал сізден алынатын жеке табыс салығы былай есептелінеді:

(Жалақы – зейнетақы жарнасы – 1 төменгі айлық көрсеткіш) / 10%.

Тиісінше ол (400 000 – 40 000 – 85 000) / 10% = 27 500 теңге.

Сонда 400 мың теңге айлығыңыз болса, сіз:

27 500 теңге табыс салығын (ИПН) төлейсіз,
40 000 теңге зейнетақы қорына кетеді,
8 000 теңге ОСМС алынады.

Қолыңызға тиетіні — 324 500 теңге.

Енді, егер сіз ай сайын ипотека төлеп отырсаңыз, салық шегерімдері арқылы қандай сома үнемдейтініңізді есептеп көрейік.

Мысалы, сіз 4 жыл бұрын «7-20-25» ипотекасын алғансыз. Қазір төлеп жүрсіз дейік:

Пәтер құны — 20 000 000 теңге
Алғашқы жарна — 20% — 4 000 000 теңге
Несие мөлшері - 16 000 000 теңге
Төлем типі - аннуитет
Проценті - 7%
Несие мерзімі — 15 жыл.

Айына төлейтін ипотекаңыз 143 800 теңге. Оның ішінде шамамен қазіргі уақытта (180 айдың 60 айы өткеннен кейін) банк проценті 72 000 теңгедей болуы керек. Ай сайын ол шамамен 450 теңгеге азайып отырады.

Енді салық шегерімін іске қоссақ, қанша сома үнемдейміз?

Оклад – зейнатақы жарнасы – 1 төменгі айлық көрсеткіш — ОСМС — (ай сайынғы ипотекалық төлемнің ішіндегі банк сыйақысы) / 10%, демек (400 000 – 40 000 – 85 000 – 8 000 - 72 000) / 10% = 19 500 теңге.

Бұл біз төлейтін жеке табыс салығы. Оның алдындағы 27 500 салыққа қарағанда 8 000 теңгеге аз. Демек қолымызға енді 332 500 теңге тиіп отырады. Шегерімге дейін қолға 324 500 алып келген едік.

Сонымен, егер ипотекалық шегерімдерді іске қоссақ, онда біз айына дәл қазір 8 000 теңгедей үнемдейміз. Бірақ ай сайын банк сыйақысы 450 теңгеге азайып отыратынын ескерсек, біздің үнемдеуіміз де ай сайын шамамен 45 теңгеге қысқарып отырады.

Егер сіз ресми бір жерде жұмыс істеп, айлық алатын болсаңыз және "7-20-25" немесе "Баспана хит" ипотекасы төлеп жүрсеңіз, осы қарыз келісімшартын, оның ішіндегі графикті бірге алып, өз бухгалтерияңызға барыңыз. Онда салық шегеріміне өтініш жазасыз. Бухгалтеріңіз сізге ай сайын шегерім есептеп отыратын болады.

Автор: Айбар Олжаев

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

10 Jan, 12:36


«Келешек» жинақтау жүйесін енгізуді көздейтін Заңға Президент қол қойды

Ақ Орданың ресми телеграм-каналы осындай жаңалық таратты.

«Келешек» туралы бізден оқырман көп сұрайтын. Бұл жинақтау жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекет:

бастапқы білім беру капиталын құяды;
жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы төленеді;
инвестициялық табыс қарастырылады.

«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі 5 (бес) жастан асқан балаларды қамтиды.

«Біржолғы бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы және одан кейінгі жылдары 5 жасқа толатын балаларға төленеді. Оның мөлшері Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына сай есептеледі», - деп жазылған ресми хабарламада.

Қазір қолданыста Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бар. «Келешек» осы жүйемен бірге балаңыздың болашағы үшін қаражат жинауға мүмкіндік береді.

Яғни:

🔹 5% — жыл сайын бөлінетін мемлекеттік сыйлықақы;
🔹 7% — халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін көзделген мемлекеттік сыйлықақы көзделіп отыр.

Жиналған қаржыны техникалық және кәсіптік білім алуға, орта мектеп бітіргеннен кейін жоғары білім алуға және жоғары оқу орнынан кейін білімін жетілдіруге, сондай-ақ тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

10 Jan, 05:03


🏦 ҚМА азаматтардың назарын валюталық операцияларды жүзеге асыру кезінде сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығына аударады

Желіде азаматтар шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшамен шатастыратын бейнелер таралуда.

Бұл бейнероликтер адамдар тиісті назар аудармай, шынайы ақшаны жалған немесе сувенирлік ақшадан ажырата алмайтынын және заңсыз операцияларға қатысу сияқты жағымсыз салдарға әкеп соғатынын көрсетеді.

2024 жылдың басынан бастап Қазақстан аумағында айналымнан 2 мыңға жуық жалған банкнота алынып, қаржылық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндірді.

Жалпы алынған жалған ақшалардың сомасы 80 миллион теңгеден асты.

Жалған банкнота жасаумен және сатумен айналысқан 8 адам сотталған. Олар 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

⚠️ Мұндай жағдайларды болдырмау үшін ақшалай операциялар кезінде банкноталарды тексеріңіз. Ақша қағазының сапасына, қорғаныш элементтеріне (мөртаңбасы, микроэлементтер, белгілі бір жарықта көрінетін белгілері) және текстура мен шрифтіне назар аударыңыз.

Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болып қалмау және қылмыстық қудалауға түспеу үшін, бөтен адамдармен ақша алмастырып, валюта айырбастау бойынша қолайлы курс ұсынса да делдалдармен мәміле жасамағаныңыз дұрыс.

❗️Сақ және абай болыңыздар! Егер жалған немесе күмәнді банкноталарды тапсаңыз оны сатуға тырыспаңыз. Дереу ҚМА немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша құқық қорғау органдарына хабарласып, қажетті тексерулерді жүргізгеніңіз жөн.

#Заң_мен_тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП

📞 Call-center: 1458
_______________
@afm_rk
📱 Facebook | 📱 Instagram | 📱 TikTok

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

09 Jan, 05:29


Аз жалақымен қалай ақша жинауға болады?

Биржа акциялары туралы жазба сұрайтын оқырман қарасы көп. Бұл, әлбетте, жақсылықтың нышаны. Ең бастысы ниет қой. Үйренейін, ізденейін деген. Сол «сөніп» қалмаса болды.

Еліміз қол жеткізген жетістіктердің бірі — цифрлық технология. Бізге биржа әлі күнге дейін алыс әлем сияқты көрінгенімен, екінші деңгейлі банктер өзінің мобильді қолданбаларында акция сатып алуды оңайлатып тастады. Акцияның не екенін түсініп, нарықтағы компанияларды зерттей білген адамға «кнопка» басып, акция сатып алу проблема емес қазір.

Біздің түсінуімізше, биржада өте қысқа уақытта мол пайдаға кенелу қиындау. Өйткені оның тәуекелі /риск/ жоғары. Ал, асықпай, аптықпай, салқын ойлап, артық эмоцияға берілмей, нарықты бақылап, акцияларын шығарып қойған компаниялар туралы ізденіп жүрсеңіз, ұзақ мерзімге жоспар құру арқылы акция сатып алып тұруға болатынын ешкім жоққа шығармас.

Инвест-портфельге бірнеше компанияның акциясын топтастыра алсаңыз, күні ертең бір компанияның акциясы құлдырай қалса, тасы өрге домалаған екінші компанияның акциясы сол олқылықтың орнын жауып жататын кездер де болады. Ұзақ мерзімде құбылу болады, бірақ акциялар үнемі құлдилап құлдырай бермейді.

Сонымен, тақырыпқа келейік. Naryk.kz сайтында
инвестиция калькуляторы біраздан бері тұр. Автор жақсы аргумент келтірген. Былай дейді:

«Мамандар ақша жинау үшін «алдымен өзіңе төле» қағидасын ұстануға кеңес береді. Яғни табыс қолға түскен бойда оның 10%-ын инвестициялау қажет. Оны әдетке айналдыру үшін жалақы немесе басқа кез келген кіріс түскенде бірден қолға алу керек. Сонда келешекте нақты табыс әкелетін қаржы капиталын құруға болады. Бірақ ең басты ережені ұмытпау керек. Ол — инвестиция жасауды ай сайын әдетке айналдыру. Қаржылай капитал құрам десеңіз, жай ғана ақша жинау аздық етеді. Жинаған ақшаны көбейте білу өте маңызды.»

Дейді де, Қазақстан қор биржасының (KASE) индексіне кіретін TOP-5 компанияның акцияларын инвестиция құралы ретінде қарастырады. Сайттағы калькулятормен танысып көріңіз. Онда акциялардың құны қоса көрсетілген.

Айлық табысыңызды көрсетесіз (шамамен болса да). Сосын табыстың қанша пайызын акция сатып алуға жұмсай аласыз, соны белгілейсіз. Мысалы, 10% деп көрсетсеңіз, калькулятор сізге:

«Табысыңыздың 10%-на осыншалықты акция ала аласыз:...» деп акция санын шығарып береді. Әрі қарай шешім қабылдау өзіңізде қалады.

Ескеріңіз, ешбір маман, қаржыгер, экономист, брокер қанша жерден «супер-пупер» білікті болса да, сізге 100% сеніммен «мына акция байлық әкеледі» деп нақты жол көрсете алмайды. Ол әркімнің жеке шаруасы. Оның бәрі сіз жинақтаған білімге, анализге, тәжірибеге байланысты екенін ешқашан ұмытпаңыз.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

08 Jan, 11:10


Балалар банк картасына ие болсын!

Құрметті ата-аналар, үйдегі балаларға (әсіресе, студенттерге) мына жағдайды мұқият ескертіп қойыңыздар.

Ел ішінде өзінің банк картасын «жалдап» қоятын жастар көбейіпті. Жеңіл ақшаның буына мастанған балалар оның салдары болатынын, кейін қылмыстық жауапқа тартылатынын біле бермейді. Бала түгілі үлкендердің өзі де білмеуі мүмкін.

Оны ДРОППЕР дейді. Ол жайында каналда бұған дейін де жазылды. Міндетті түрде оқып шығыңыз — https://t.me/qarzhylyq_sauat/686.

Алаяқтар ондай қызметті интернетте, мессенджерлерде ұсынады. Ондай қылмыс қалай жасалады?

Интернеттен хабарлама көресіз. Онда банк картасы бар адамдарды жақсы ақыға «жұмысқа» шақырады. «Жұмыс берушіге» карта деректеріңді бересің, ол өзгелердің сыртынан кредит рәсімдеп алған ақшаларын сенің шотың арқылы айналдырады. Сол қызметіңе жақсы процент уәде етуі мүмкін.

Былай қарасаң, оп-оңай, қиналмайтын, тез ақша әкелетін жұмыс. Жастар жағы осыған тез алданып қалып жатыр. Бірақ транзакцияда «із» қалатынын ескеру керек. Күні ертең алаяқтық жолмен біреудің атына алынған кредит сіздің (немесе баланың) банктік шотыңыз арқылы шешілген/аударылған болса, кінәлі — шот иесі боп шыға келеді.

Сол кезде сот сізді кінәлі етіп, шығынды мойныңызға іледі. Осындай жағдай қазірдің өзінде болып жатыр. ҚР Жоғарғы соты 19 жастағы екі дроппер-студенттің атына шағым түскенін растап отыр.

Істі Қостанай облысының Қарабалық аудандық соты қарап жатыр екен. Арыз иесі олардың әрқайсысынан 9 млн теңгеден астам соманы өндіріп беруін сұраған. Студенттердің екеуі де 9 млн теңгеден астам ақшаның барлығын алаяқ көрсеткен есепшоттарға аударған. Енді шот иесі ретінде екеуі жауапқа тартылып отыр.

Бұл кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай екенін ұғуымыз керек. Осы жағдайды үйдегі балаларға қатаң ескертіп, ұлды да, қызды да оңай табыс табудан аулақ жүруге үгіттеңіз. Банктік картамызға ие болайық, халайық!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

03 Jan, 08:13


Теңгенің тағдыры. Кезектен тыс президент сайлауы. Президент Елбасымен қаншалықты жиі хабарласып тұрады?

Ақпарат алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты талқыға түсіп жатыр. Осы елдің азаматы әрі айналамызда болып жатқан жаңалықтарға бей-жай қарай алмайтын болғандықтан, біз де жұрт қатарлы шолып шықтық. Сұхбат көлемді. Өз оқырманымызға «дәмді» жерін ұсынайық деп шештік.

– 2024 жылдың қараша айын­да теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кетті. Оны белгілі бір психологиялық меже деуге болады. Ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығына нарықтағы түрлі фактор әсер ететіні түсінікті. Дегенмен мұндай қаржы-валюта саясаты қаншалықты орынды? Бұл жағдай экономикалық реформаларды жүзеге асыруға бөгет болмай ма?

– Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, теңгеге сыртқы факторлар әсерін тигізбей қоймайды. Доллардың нығаюынан дамушы елдердің валютасы қысым көреді. Зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастады. Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды.

Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген са­уалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу.

Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда Премьер-Министр Олжас Бектеновпен кез­дескенде осы мәселені талқыладық.

– Нұрсұлтан Әбішұлымен жиі хабарласып тұрасыз ба?

– Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат. /.../ Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді.

Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді.

Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді.

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

03 Jan, 08:13


Алайда қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек. Мен Президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа алуға, ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндеттімін.

Сіздің сұрағыңызға келсек, қазір біз шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз.

– Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Биліктен кеткеннен кейін бес жылдан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсек.

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды.

– Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма?

– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдеріс­тердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін.

Сұхбаттың толық нұсқасы мында – https://anatili.kazgazeta.kz/news/63674

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

31 Dec, 17:17


Жыл қорытындысы осы.

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

31 Dec, 14:07


Құрметті қазақстандықтар!
Қадірлі оқырман!

Есік қағып келіп тұрған жаңа жылымыз құтты болсын!

- алаяққа алданбайтын
- кредитке шырмалмайтын
- қарызға байланбайтын
- қиындыққа тайсалмайтын

ТАБЫСТЫ ЖЫЛ БОЛСЫН!

2024 — біздің канал үшін жақсы жыл болды. Ең алдымен өзіңіздей ДОС таптық. Біздің алаңда жарияланған материалдар екі мәрте байқауда топ жарып, жеңіп шықты. Ресми сайтымызды (https://qsauat.kz/) ашып, Ақпарат министрлігінен арнайы Куәлік алдық.

Мектептер мен ЖОО-да оқушылар мен студенттерге қаржылық сауат тақырыбында дәріс оқыдық. Әрбір қазақстандық азаматтың қаржылай ауқатты, білімді болғанын қалап, алаяқтарға алданбауын тіледік. Келер жылы да бұл жұмыстар жалғасады.

Бар болғандарыңызға рахмет!

Құрметпен,
«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» ЖОБАСЫ

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

13 Dec, 10:16


Ақшасы көп адамның бәрі бай бола бермейді

Егер қолыңа мұрадан байлық қалса да, ол ақшаны басқара алмасаң, нарықта болып жатқан жаңалықтардан сауатың болмаса — ертеңгі потенциалды кедейсің. Қатты айтты демеңіз, әсілінде — солай.

Әлемнің бар байлығын уысында ұстап отырған дәулетті кісілердің өзі күнделікті (газет-журнал-кітап, мақала, сұхбат, роман) оқиды, сауат ашады, нарықты сүзіп отырады. Басқа басқа, бірақ, оқуға уақыт табады! Өйткені трендтен қалып қоймау керек!

Біз де іштен біліп туған жоқпыз. Асып бара жатқан ештеңеміз жоқ. Бірақ біз оқуға тырысамыз, БАҚ-қа, ақпараттық-сараптамалық порталдарға тілге қарамай мониторинг жүргізіп, шолып отырамыз. Білген-түйгенімізді сіздерге ұсынамыз. Тек оқитын дүние болса!

Қаржы саласы күн тәртібінен енді түспейді-ау. Қолдағы ақшаны үлестіріп, бір-біріне қосып, құрап, жоқтан бар жасап үйрене берсек, түбі жаман болмаспыз.

Бұл бағытта қазақша сапалы контент ұсынуға тырысатын каналдар да көбейіп келеді. Шынымды айтайын ба? Өз басым соған қуанам. Елдің бас газеті саналатын «Егемен» де заман талабын ескеріп, EGEMEN FINANCE телеграм-каналын ашыпты.

Енді, әрине, штаттық тілшілері бар басылым ол жақта үздіксіз материал жариялап тұратыны анық. Бұл каналда авторлардың қаржы, экономика, ауыл, инвестиция беттеріне дайындалған сараптамаларды теріп беріп отырмақ ниетін жақсы түсініп отырмын. Оқитын дүние көп болады-ау. Канал жүргізіп отырған әріптестердің қазіргі аяқ алысы да жаман емес.

Айшықты инфографика, цифр мен сөз үйлесім тапқан арнаға қолдау көрсеткім келді. Жазылушы саны біршама көбейгенде Facebook-тен біржола кетеміз деп жазды авторлардың бірі. Ал 4 мыңға жеткенде оқырман арасында қымбат сый-сыяпаттар ойнатамыз дейді.

Айтпақшы, бүгін әріптестер «Егемен Қазақстан» газетінің 105 жылдық мерейтойын тойлап жатыр!

Тойға менің тартуым — ОСЫ!😉

Ал, ендеше, EGEMEN FINANCE-қа жазылып қоюды ұмытпайық — https://t.me/egemenfinance

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

13 Dec, 07:48


«Ұлттық қор — балаларға»: бізден бір инструкция!

18 жасқа толған балаға тиесілі Ұлттық қордың ақшасын қалай өзімізге (баланың «Отбасы банктегі» шотына) аударып аламыз? Соны тәптіштеп түсіндіріп жіберейін деп шештім. Көп сөзсіз іске көшейік!

Бізге керек сайт осы: https://enpf-otbasy.kz/

1. Баланың ЭЦҚ-сы арқылы авторизация жасаймыз (комп/ноутқа NCAlayer сертификаты қондырылуы керек, оны мына жерден жүктеп аламыз: https://ncl.pki.gov.kz)

2. «Ұлттық қор» бөлімін таңдаймыз. Сайт 4 құжат ұсынады:
- БЖЗҚ-дағы жеке деректерді жинауға/өңдеуге рұқсат беру;
- Отбасы банктегі жеке деректерді жинауға рұқсат беру;
- Міндеттемелер
- Келісімшарттың стандартты шарттарына қосылу туралы өтініш


Сол бетте ЭЦҚ арқылы қол қойып шығамыз. (Тез бітетін рәсім)

3. Мақсатыңызды анықтайсыз. Яғни, Ұлттық қордан түсетін ақшаны қайда бағыттайсыз? Екі жолы бар: үй мәселесін шешуге және оқу ақысын төлеуге.

Біз бұл мысалда үй мәселесін шешуге бағыттап көреміз. «Мақсатты таңдаңыз» деген бөлімде «Тұрғын үй сатып алу» деген тараудан: «Одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымды толықтыру» деген мақсатты белгілейсіз.

4. «Соманы көрсетіңіз». Бұл жерде Ұлттық қордан 18-ге толған балаңызға тиесілі ақша доллар эквивалентінде көрініп тұрады. Сол сомадан көрсетесіз. Бәрін немесе бір бөлігін.

5. «Өтінімді қалыптастыру» дегенді басып, «Мақсатты жинақтарды төлеуге өтінім» деген цифрлық құжатқа ЭЦҚ-мен қол қоясыз. Сосын «Өтінімді жібересіз».

6. Егер Отбасы банкте баланың атына шетелдік валютада шот ашылмаған болса, платформаның өзі осы сәтте цифрлық құжат ұсынады. Ол — «АҚШ доллары шетел валютасында шот ашуға өтінім» деп талады. Оған да ЭЦҚ-мен қол қоясыз да «Өтінімді жібересіз». Осымен алғашқы процесті аяқтайсыз.

Ол — БЖЗҚ сіздің өтініміңізді қабылдады деген сөз. Берген өтінішіңіз 5 жұмыс күні ішінде тексеруден өтеді. Сіз сол сайтта өз статусыңызды күтесіз. БЖЗҚ тарапынан жауап 5 күннен ерте келуі де мүмкін.

7. Сіздің өтінімді БЖЗҚ мақұлдаса, статус бетінде мына мағынада хабарлама аласыз: «Бізден жақсы жаңалық! Мақсатты жинағыңыздың төлем сомасы Сіздің шотыңызға түсті. Ол төлемді әрі қарай қолдану үшін Сізге өз мақсатыңызды құптау керек.»

8. Платформа осы жерде бізге мақсатымызды құптауға немесе өзгертуге (мысалы, үй алудан оқу ақысын төлеуге ауыстыратын болсақ) мүмкіндік ұсынады. Өз таңдауымызды жасаймыз.

9. Енді бізде (баланың атында) Отбасы банкте ұлттық валюта — теңгеге арналған шот болуы керек. Егер ол ашылмаған болса, сайт сізге тағы цифрлық құжат ұсынады. Ол — «Ұлттық валюта теңгеде шот ашуға өтінім» деп аталады. Оған да ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жолдайсыз.

10. Бұл пункте Ұлттық қордан доллармен түскен ақшамыз теңгеге конвертация жасалуы керек. Сайт сізге мынадай хабарлама жібереді: «Құрметті клиент! Валюта бағамын белгілеу процесі жүріп жатыр. Күте тұрыңыз!»

Конвертацияға келісім беру үшін де цифрлық құжатқа ЭЦҚ-мен қол қоямыз. Бірақ бұл процесс ТЕК жұмыс күндері және сағат 10.00 – 15.00 аралығында орындалу керек.

11. Конвертация аяқталған соң тұрғын депозитімізді көрсетеміз. Ол — біздің ТЕҢГЕдегі шотымыз. Соны таңдаймыз да, мақсатты жинағымызды сол депозитке аударуға келісім беру үшін өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қоямыз.

12. Сосын бізге платформа келесі бетте мына мағынада хабарлама жібереді: «Құттықтаймыз! Сіз жинақ төлеміңізді өз мақсатыңызға қолдандыңыз. Өтінім беру процесі сәтті аяқталды!»

💬 Осылай, достар! Биыл екінші қызым 18-ге толған еді. Оған Ұлттық қордан тиесілі ақшасын қалай аударып аламыз деген сұрақ алдымнан шыққан кезде ойланып қалыппын. Несін жасырайын. Сосын іздене келе осы процестен өттік. Қызымның өз депозиті бар болатын. Соған қосатын боп шештік. Үй алуына тілекшімін! Оқырманға да пайдалы болар деп ерінбей тізіп шыққан түрім ғой. Игілігіңізге жарасын!

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-каналына жазылып алыңыз👇

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

10 Dec, 11:43


Жүз мыңдап айыппұл төлеп жүрмейік

Жолдағы апаттардың санын азайтуға бағытталған Заң 4 желтоқсан күні күшіне енген еді. Онда «орташа жылдамдықты» сақтамаған жүргізушіге үлкен жауапкершілік жүктелген. 40 АЕК-ке дейін айыппұл арқалайсың деген ақпаратты таратушы тараптан — сол «орташа жылдамдықтың» не екенін, қалай есептелетінін түсіндіріп жатқан адам аз. Тіпті, жоқтың қасы. Ал, әлеуметтік желіде соның не екенін сұраушы кісі қарасы көп.

Кішігірім сауат ашып жіберейік. Әйтпесе, қалааралық жолдарда көп жүретін ағайын айыппұлдың астында қалайын деп тұр.

Қазақстан — жолында адам көп өлетін елдердің бірі. «Мұнша адам соғыста да қырылмайды» деп ауыр статистика келтіргендер де болған кезінде. Әрине, оған біржақты қарауға болмайды. Жолдың сапасы да, жүргізушінің жауапсыздығы да өз алдына бөлек фактор. Сондықтан, ең алдымен тәртіп керек. Қоғамда ол тәртіпті айыппұлмен шегелемесең, реттеу қиын.

Сонымен, «лириканы» осы жерден доғарайық та, Заңға оралайық. Жобаласақ, онда былай делінген: «Орташа жылдамдық халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда жүріп өткен жолды сол жолды жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі». Кім не түсінді?

Мұндағы «орташа жылдамдық» деген не? Қалай есептеледі?

Әрине, Заңда біз ойлағандай орташа жылдамдық көрсеткіші нақты санмен (мысалы, 90, 120 деп) бекітілмеген. Себебі әр участокте көліктердің орташа жүру жылдамдығы әр түрлі.

Мысалы, Астанадан шыққан жүргізуші Қарағандыға шартты түрде 2 сағатта жетуі керек дейік. Егер жүргізуші далалықта ешқандай камера жоқ, менің қалай жүргенімді ешкім дәлелдей алмайды деп «басыңқырап-басыңқырап» Қарағандыға 1 сағат 20 минутта кіріп барса, жолда жылдамдықты арттырды деген сөз.

Қалаға кіре берісте «күтіп алатын» тіркеуші камера ол көліктің иесіне автоматты түрде айыппұл арқалатады. Сол арқылы сіздің екі ортада жылдамдықты қаншалықты арттырғаныңызды есептеп шығарады. Қосқан жылдамдығыңыз көп болған сайын төлейтін айыппұлыңыз да соншалық «қымбат» болады.

Айыппұл мөлшері 5-40 АЕК (айлық есептiк көрсеткiш) аралығында есептеледі. Биылғы 1 АЕК — 3 692 теңге екенін ескерсек, «штраф» — 18 460 теңгеден 147 680 теңгеге дейін барады деген сөз. Көрдіңіз ғой, бізге бұл жағынан да кішігірім сауат керек болды. Заңды білмесек, түсінбесек, қалта «тесілейін» деп тұр...

💬 P.S. Заң баршаға ортақ. Жалпыға бірдей тәртіпке бағынуға тура келеді. Басқа жол жоқ. Айыппұл арқаламаудың жалғыз жолы — әр трассада белгіленген жылдамдық белгісін сақтау. Қала маңындағы жолдарда әрбір үшінші адам жылдамдық асырғанның кесірінен қайтыс болады екен. Жол мұраты — жету десек, асыққан — шайтан ісі екенін де естен шығармайық. Жол амандығын тіледім!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

09 Dec, 10:14


«Менің персоналым қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті емес!»

Бұл — бүгінгі қазақ бизнесінің сиқы. Қазақ жерінде тұрып бизнес жүргізгісі келеді, нан тапқысы келеді, оған және QAZAQ деген әдемі атау береді. Бірақ сөзі мен ісі қабыспайды.

Біздің бизнес-ортада тілге қатысты осындай кейс көп. Бірақ өзгелер сабақ алғысы келмейді. Есі дұрыс адам өзінің потенциалды клиентіне «менің персоналым қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті емес!» деп жаза ма?!

Енді кешірім сұраған болып отыр. Бірақ коммуникациясы бәрібір дұрыс емес. Біріншіден, өзі қолайсыз жағдайда тұрып «кешірім сұрау» жазбасының әр сөйлемін леп белгісімен (!) аяқтайды. Екіншіден, қазақ тіліне қатысты дауға қала отырып, қазақ әріптерін қолдануды білмейді. Үшіншіден, «стажёрға» сілтейді.

Сенімді ме? Әрине, жоқ. Стажёрдың қанша жерден «екі басы» болса да, ол ешуақытта «менің персоналым...» деп жаза қоймас.

💬 P.S. Біз мұнда экономиканы да, бизнесті де қазақшалайық, қазақша сөйлетейік, көпшілік (ұлт құраушы — қазақ халқы) мемлекеттік тілде дұрыс ақпарат алсын, сауат ашсын, қаржы тілін өз ана тілінде үйренсін дейміз. Ал, мында «бизнесмендер» өз аудиториясын зерттеп алмай, нарықтың талабын біліп алмай, нан тапқысы келеді. Өзі керек етпеген тілдің иесінен (қазақтан) пайда көргісі келеді. Логика қайда?

«qazaq coffee», отыр, 2! Бизнес сабағынан түк оқымағансың!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Dec, 14:58


Біз туралы пікір

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Dec, 11:31


Сүйінші!

Қаржылық сауат бойынша ЕҢ ҮЗДІК ЖОБА атандық!

Бұл бәрімізге ортақ жеңіс! Құтты болсын!

Осында отырған әр оқырманымды құшақтадым!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Dec, 07:40


Таза алтын құймалардың кескіні осындай. Арнайы қаптамада шығарылады. Қасында сапа сертификаты қоса беріледі.

Сатып алған жағдайда, алтынды өз қаптамасынан ашып алмаған дұрыс. Сол кезде сіз оны кері сатқанда нарықтағы бағасына өткізе аласыз.

Бұлар Қазақстанның өз Теңге сарайында дайындалады. Сапасына Ұлттық банк кепілдік береді.

Алтын құймаларды банктер мен жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алуға болады. Нақты қай банктерден алуға және қалай қайта сатып жіберуге болатыны туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында толық берілген.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Dec, 07:14


Алтын алу мен оны сақтау жолдарын біле бермейміз екен

Оны әлеуметтік желілерде көпшілік сұрап жазған пікірлерден білуге болады.

Жалпы, алтын — өте қымбат металл. Ұлттық банктің ресми сайтында 1 грамм таза алтынның бүгінгі бағасы — 44 685 теңге деп көрсетілген. Бұл алтынның сырға-сақина түріндегі алтындардан айырмашылығы жер мен көктей. Ол өте таза алтын. Сынамасы — 999,9.

Отандық банктерде сатылатын алтын құймалардың салмағы 5 грамнан басталады. Ең үлкені — 100 грамм. Егер бүгінгі бағамен 5 грамдық бір алтын құйма сатып алатын болсаңыз:

5 х 44 685 = 223 425 теңге
10 х 44 685 = 446 850 теңге
20 х 44 685 = 893 700 теңге
50 х 44 685 = 2 234 250 теңге
100 х 44 685 = 4 468 500 теңге

Көрдіңіз ғой, мұндай дүниені сақтау да оңай емес. Әрине, әр адам дүниесін қалай, қайда сақтағысы келсе де өзі біледі. Ол әркімнің өз қалауы. Әрине, үйде көзден таса жерде шағын сейф ұстап, сонда сақтауға да болады. Бірақ ол 100% қауіпсіз деп айтуға тағы келмейді.

Алтын сақтаудың қандай жолдары бар?

Қауіпсіз бір жер болса, ол — банктегі ұяшық (ячейка). Бірақ ол қызмет — ақылы. Қазақстанда ондай қызметті барлық банк ұсына алмайды екен. Әрине, жарнама болмас үшін мен аттарын атамаймын, бірақ ақпарат білейін деп бірнеше банктің call-орталығына шықтым.

Не білдім? Бір банктер ондай қызмет жоқ деді. Ал, сақтау қоймасын ұсынатын банктерде депозитарий ұяшықтың механизмі мен көлеміне қарай баға әртүрлі болып шықты. Көп банктің бірінде 1 күнге 400 теңгеден — 12 айға 110 мың теңгеге дейін барады.

Ұяшықтың мехнизмі жағынан екі түрі бар екен:

- механикалық сейфтік ұяшық
- биометрикалық бақылауы бар ұяшық.

Сейфтің 3 түрі бар екен:

- кіші сейф (биіктігі 100 мм дейін)
- орташа сейф (биіктігі 101-294 мм дейін)
- үлкен сейф (биіктігі 295-600 мм дейін)

Мысалы, бірнеше алтын құйма сақтауға кіші сейфтің көлемі келіп қалу керек. Олай болса, механикалық сейфті таңдасақ:
1 күнге — 400 теңге
1 айға — 5 000 теңге
1 жылға — 39 000 теңге ақы алады.

Биометрикасы бар сейфті таңдасақ:
1 күнге — 1 000 теңге
1 айға — 10 000 теңге
1 жылға — 50 000 теңге ақы алады.

Алтын сенімді инвестиция ма?

Бір нәрсе анық — алтын үнемі өсе беретін металл емес. Жиі қымбаттайтыны рас, бірақ нарықта бағасы бірде өсіп, бірде түсіп тұрады. Салыстырмалы түрде белгілі бір көлемде пайда табуға мүмкіндік беретін инвест-құрал.

Алысқа бармай, соңғы 3 жылдағы «жүрісін» бағамдап көрейік. Ол үшін Ұлттық банктің сайтын қолданамыз. Мысалы, орташа есеппен алтынның 1 грамы минимум:

2021 жылы желтоқсанда — 24 000 теңге болған
2022 жылы желтоқсанда — 26 000 теңге болған
2023 жылы желтоқсанда — 29 000 теңге болған
2024 жылы желтоқсанда — 40 000 теңге болған

Бүгінгі датаға нақты құны — 44 685 теңге. Соңғы 3 жылда 1 грамм алтынның құны минимум 20 мың теңгеге өскен.

Оны былай да көрсетейін. Мысалы, сіз 2021 жылы 480 000 теңгеге 20 грамдық алтын құйма сатып алған болсаңыз, бүгін оның құны 893 700 теңге болар еді.

Алтынға ақша салуға тұра ма, жоқ па — енді оны ойланып, өзіңіз шешіп көріңіз.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

03 Dec, 08:08


Қалай ақша жинап үйренуге болады?

ChatGPT-ден сұрап көргем ғой. Ақылды чат ақыл-кеңесін үйіп-төкті дейсің.

Мынадай тәсілдер ұсынады, оқып көрейікші:

1. Мақсат қоя біл

• Ақшаны не үшін жинағың келеді, алдымен мақсатыңды нақтылап ал: үйге, көлікке, демалысқа, білімге немесе өзіңнің сақтық қорыңа.
• Мақсатыңның құнын анықтап ал да, қажет соманы кезең-кезеңімен жинауға шешім қабылда.

2. Бюджет құра біл

• Ай сайынғы табыс пен шығынды қағазға түсір, анализ жаса.
• 50/30/20 ережесін қолдан:
50% қажеттілікке жұмса (азық-түлік, коммуналдық қызметтер).
30% қалауыңа жұмса (демалыс, ойын-сауық).
20% жинағыңа сал, қарызыңды жабуға жұмса.

3. Ақша жинауды әдетке айналдыра біл

• Әр табыстан міндетті түрде жинағыңа 10-20% бөл.
• Банкте автоматты түрде аударым жасау функциясын пайдалан.
• Арнайы депозит ашып, оған тиіспеймін деп шешім қабылда.

4. Қажетсіз шығындарды азайта біл

• Көшеден тамақтану, бренд киім алу әдетіңді шекте.
• Тауарды жеңілдікпен сатып алуды немесе арзан балама түрлерін таңдауды әдетке айналдыр.

5. Қарыздан құтыла біл

• Ең алдымен жоғары пайыздық қарыздарыңды өте.
• Несие аларда ойлан, оны тек шұғыл шаруаға ғана ала біл.

6. Қаржылық құралдарды пайдалана біл

• Депозит: жинақтарыңды инфляциядан қорғау үшін банктік депозит ашып ал.
• Инвестиция: егер тәуекел етуге дайын болсаң, акция, облигация секілді басқа да қаржы құралдарына инвестиция жасап көр.

7. Мотивацияңды жоғалтпа

• Кез келген жетістігіңді бағалай біл және оны үзбей жалғастыр.
• Жинақтарыңның қалай өсіп жатқанын көзіңмен көріп, мақсатыңа жақындап келе жатқаныңды сезіне біл.

8. Қосымша табыс тап

• Қосымша жұмыс, фриланс немесе хобби арқылы табыс көзін арттыруды ойластыр.

9. Қаржылық біліміңді арттыра түс

• Қаржы тақырыбына арналған кітаптар оқы, курстарға қатыс (мысалы, Роберт Кийосакидің “Бай әке, кедей әке” кітабы).
• Қаржылық жоспар құруға көмектесетін мобильді қосымшаларды қолданып үйрен (мысалы, Money Manager немесе CoinKeeper).

Ең бастысы, осы қағидалар алдында «тәртіпті» болуың керек. Өзіңнің қаржылық әлеуетіңді жақсартуға деген ниетіңді сақтай біл. Уақыт өте бұл әдет өміріңнің айнымас бір бөлігіне айналады.

💬 P.S. Ештеңе алып-қосқан жоқпын. Тек мағынасын сақтай отырып сәл ғана өңдедім. ChatGPT бізге жаман нәрсе ұсынбаған секілді. Өзіме келсем, кіріс пен шығысты ерінбей қағазға түсіруді әдетке айналдырып келем. Сосын табысымның (айлық жалақы/премия/көрімдік/байғазы) 10%-ын міндетті түрде жинағыма шегеріп қалам. Шығармашылыққа тән қосымша жұмыс істеймін (мәтін аударам, жарнама оқимын, деректі фильмдерге, еске алуға сценарий жазамын т.б.) Ақша жиналады екен. Сеніңіз. Істеп көріңіз. Ең бастысы, оны айнымас әдетке айналдырып алу керек. Соған берік болсаң, қалтаң да жұқа болмайды.😉

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

29 Nov, 06:08


- Базалық ставка неге көтерілді?
- Неліктен мұндай шешім қабылданды?
- Теңге неге әлсіреді, доллардың қымбаттау себебі неде?


Дәл қазір Ұлттық банк басшылары БАҚ өкілдерін жинап брифинг өткізіп жатыр.

Нарықта не болып жатқанын сала мамандарының өз аузынан естіп білетін сәт туып тұр.

Тікелей трансляцияның сілтемесін қалдырайын — https://www.youtube.com/live/H58DlhzjiHs

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

29 Nov, 05:06


Ұлттық банк базалық ставканы 15,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

Дәл осы меже жыл басында болған еді. Содан күні бүгінге дейін ставка 14,25%-ға дейін түсті.

Нарықта және әлемдік экономикада соңғы күндерде болып жатқан жағдай бүгінгі шешімге кәдімгідей әсер еткенге ұқсайды.

Нақты себебін мына жерден оқып білуге болады — https://www.nationalbank.kz/kz/news/press-relizy/17173

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

28 Nov, 08:02


Сауалнама нәтижесімен танысып, ой қорыта отырыңыз. Мұндай тесттерді жиі беруге тырысам. Сол арқылы білімімізді тексереміз. Қатысып тұрыңыз. Ол аноним-сауалнама. Нақты сіздің жауап екенін ешкім білмейді.

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

28 Nov, 06:37


«Мама, ақша аударшы»: 17 адам алаяқтарға алданып қалған

Оқиға Батыс Қазақстан облысында болыпты. Бірақ алданғандар арасында басқа өңірдің де тұрғындары бар екен.

Жергілікті полицияның қолына түскен қылмыстық топ үш жігіттен тұрады. Олардың бірі педагогтер арасында құрылған ортақ чатқа кіріп алған. Ондағы жазбалармен жақсылап танысып алған әккі чаттағы адамдарға жеке шығып, баласы болып сөйлескен.

Телефоным сөніп қалды деген желеумен «ата-анасынан» ақша сұраған. Тіпті кейбір ата-ана аңғалдық танытып, өзінің карта деректері мен CVV-кодтарын қоса жіберіпті. Алаяқтар жәбірленуші тараптың шотындағы ақшаларды түгел шешіп, өз таныстары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып алған. Сол «қызметіне» ортадағы делдалға (дропперге) ақысын да берген.

Қазір 17 факт тергеліп жатыр. Жалпы шығын мөлшері — 10 млн теңгеге парапар.

💬 P.S. Кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай. Салғырт қарамау керек. Телефон (әсіресе, WhatsApp) арқылы ақша туралы диалог болған кезде уақыт бөліп, сұрап тұрған адамның кім екеніне көз жеткізіп алған дұрыс. Жалпы, чаттарда банк картасына қатысты деректерді ашықтан-ашық жариялай беруге болмайды, оның үстіне бейтаныс нөмірден байланысқа шығып тұрса. Ол балаңыз бола ма, анаңыз бола ма — алдымен тексеріп алыңыз. Сонда ақшаңыз түгел, жүйкеңіз тыныш болады.

Сурет пен негізгі ақпарат Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің сайтынан алынды.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

25 Nov, 13:34


Енді кез келген адам үй алуға кезекке тұра алады

Бұрын (көп балалы отбасы, жетім өскен, мүгедек, мемлекеттік қызметші секілді) арнайы категориядағы азаматтарға басымдық берілетін. Енді оның бәрі артта қалды. Қысқасы, үй алуға — әркімнің бар таласы.

Баспанаға мұқтаж азаматтарды іріктеу тәртібі 2025 жылы өзгергелі отыр. Кезекке тұру үшін жоғарыда аталған санатта болу шарт емес. Яғни, кез келген адам үй алуға кезекке тұра алады. Ең бастысы, екі талапқа сай келу керек:

1. Соңғы 5 жылда өз атыңда үй болмауы шарт
2. Жалғыз үйің апатты жағдайда деп танылуы шарт.

Бұрын баспанаға мұқтаж азаматтарды үй кезегіне алу ісімен әкімдіктер айналысатын. Енді ол процесс Отбасы банкіне өтетін болды. Себебі бұл банкке «Ұлттық даму институты» деген мәртебе беріліп отыр. Бұл — Отбасы банктің өкілеттігі кеңейді деген сөз.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

25 Nov, 10:08


Ломбардтан алған қарыз кредит тарихына әсер ете ме?

Әсер етеді екен. Көп адам соны біле бермейді. Өйткені жұрт ойлайды, алған қарызымның орнына мүлкімді (алтын/гауһартас/техника/бағалы киім) тастап кеттім, қарызымның өтеуі — сол, алған ақшаны қайтармасам да болады деп.

Бұл қате түсінік. Бір танысымнан кейс ұсынайын.

Ақша керек болған кезде алтын сақиналары мен сырғасын тапсырып, ломбардтан 100 мың теңге көлемінде қарыз алған. Тапсырғандарының ішінде сынған (бүлінген) сақиналар болғандықтан, оларды кері тапсырмаймын деп саналы түрде шешім қабылдапты. Бір жағынан, ол үшін 100 мың теңге де едәуір ақша еді.

Бірақ ломбард SMS жіберген, жалпы мағынасы былай: «уақытында қайтарылмай жатқан қарыз күндеріңіз кредит тарихыңызда кешіктірілген күн /просрочка/ боп жазылады».

Иә, бұл ақпаратты «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТҚА» Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де растады. Агенттік берген мәлімет бойынша, ломбардтан қарыз алған клиентке 30 күн уақыт беріледі. Бұл мерзім таусылғанда ломбард қарыз орнына қабылдап алған бағалы бұйымды сатуға немесе өз меншігіне қалдыруға құқылы. Ол кезде клиент ломбард алдындағы қарызынан босатылады.

Бірақ, 30 күн — азаматтың кредит тарихына «просрочка» деген белгі қалдырады. Демек, уақытында қайтпай қалған қарыз клиенттің кредиттік рейтингін түсіреді деген сөз. Яғни, азамат келешекте банктен несие алатын кезде кредитор оған қарыз бермей қоюы әбден мүмкін.

Түйін: Сізге қарызға ақша берген кез келген ломбард кредиттік рейтингіңізге ықпал ете алады. Ойыңызда жүрсін.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

15 Nov, 12:00


@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

15 Nov, 09:47


Банктер арасында QR-код ортақ болады

Ол не деген сөз?

Қай банктің мобильді қосымшасын қолдансаңыз да, тауар мен қызметті сатып алу кезінде кәсіпкер ұсынған QR-мен төлей бересіз.

📎Бір банктің QR-ын екінші банктің мобильді қосымшасы оқи береді деген сөз.

📎Сосын бизнес клиенттен төлем қабылдау үшін әр банктің терминалын алып шығындалмайды. Керемет емес пе?!

Қашан көшеміз?

Бірыңғай (ортақ) QR-кодқа 2025 жылы көше бастайтынымызды Ұлттық банк өкілдері бүгін Алматыда өтіп жатқан Қаржыгерлер Конгресінде айтты.

Конгресте жобаны ұсынушы тарап екі банкті өзара байланыстырып, алғашқы транзакцияны да жасап көрді.

💬 P.S. Осы күндері Алматыда жүрмін. Қоғамдық тамақтандыру орындары мен қолданбайтын банктің терминалын ұсынады. Оның QR-ын мендегі мобильді қосымша оқи алмайтын болғандықтан, нөмірге аударуға тура келеді. Ол бір жағынан бизнеске салықтан жалтаруға итермелейді. Сондықтан, бүгінгі жаңалық көп нәрсені өз орнына қоятыны анық. ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ бұл жүйе туралы алдағы уақытта көбірек ақпарат беруге тырысады. Әзірге осыны қорыта жүріңіз.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

15 Nov, 03:19


ТЕҢГЕМІЗДІҢ ТУҒАН КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Осыдан 31 жыл бұрын ұлттық валютамыз айналымға енген болатын. Қазір дизайны жағынан әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі саналады. Халықаралық деңгейде мойындалған!

Ең бастысы, өз ақшамыз бар. Ұлттық валюта экономикамыздың дербестігін біліреді. Тәуелсіздігіміздің тірегі.

Былтыр осы күні «Неге таңдау «теңгеге» түсті?» деген жазба жариялаған едім.

Каналға жаңа қосылған құрметті қауымға патриоттық сезіммен бір оқып шығуға кеңес бергім келіп тұр.

Мінекиhttps://t.me/qarzhylyq_sauat/292

Бүгін бір жақсы жаңалық болады. Оны осы арнада ең алғашқылардың бірі болып біле аласыздар. Күтіңіздер.

Теңге күні құтты болсын!🇰🇿


@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

12 Nov, 07:00


Автодилер алдамасын, ал Сіз алданбаңыз!

Автодилер дегеніміз — кәдімгі көлік сатушы салондар. Әдетте олар қалай «ақша жасаушы» еді? Иә, сатқан көлігіне қосымша (ақылы) қызмет ұсынып, түрлі аксессуарлар мен жабдықтарды нарықтағы бағадан қымбатырақ сатады. Сосын «алған көлігің құтты болсын» деп жымия шығарып салатын. Осы дүниелерді тұтынушыға, яғни сіз бен бізге мәжбүрлі түрде таңып қоятынын қайтерсің. Қазір де солай екеніне еш күмән жоқ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы бассыздықты тоқтату үшін монополияға қарсы шаралар қабылдап жатыр екен. Өте құптарлық іс! Өйткені бағаға баға қосылғасын, көліктің құны артады, тұтынушының таңдау мүмкіндігі шектеледі. Абсурд.

Мұндай «қызықтың көкесі» 2022 жылы болыпты. Ол кезде жеңілдетілген автокредит бағдарламасы іске қосылған еді. Әрине, шарты жеңіл (пайызы төмен) кредит бар жерде сатып алушы да көп болады.

Аксессуар сату

Нарықтағы жойқын сұранысты жақсы білген автодилерлер клиентті — көліктің дабыл қағу жүйесін, дефлекторды, картер қорғағышын, тіпті коврик секілді басқа да аксессуарларды өздерінен сатып алуға мәжбүрлеген. Басқа басқа, енді, коврик сату деген тіпті ұят қой?!

Кейбір салондар клиентке: «2 млн теңгеге шығатын осындай қосымша жабдықтарды сатып алуға келіссең, көлікті тез жеткізіп береміз» деген де «қызмет» ұсынған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі — Агенттік) мәліметтеріне қарап отырсам, Алматы қаласындағы ресми дилерлердің бірі — «Toyota» — автокөліктерінің 82%-ын қосымша жабдықтармен сатқан, ал олардың бағасы 3 млн теңгеге жеткен.

Сақтандыру полисін сату

Сосын автодилерлер несиеге көлік алатын клиенттерді өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттеген. Бұл да Азаматтық кодекстің нормаларына қайшы келетін әрекет деп бағалайды Агенттік.

Май ауыстыру қызметін сату

Иә, Сіз де білесіз, біз де білеміз, сервис қызметін сататын дилерлер де бар. Әдетте, олар көлікке берген «гарантиямен» «қорқытады». Сөйтеді де, май ауыстыру секілді сервистік қызметті басқа орталықтарда ауыстыруға тыйым салады.

«Осындай үшінші тараптың қызметін пайдаланған клиенттерді гарантиялық қызметтен алып тастау — жосықсыз кәсіпкерлік тәжірибе екенін еске саламыз» дейді Агенттік. Ресми органның позициясы бойынша, автодилерлердің бұл әрекеті — бәсекелестікке кедергі келтіреді әрі нарыққа теріс әсер етеді.

Автодилер ұсынатын баға қаншалықты қымбат?

Агенттік өкілдері оған да салыстырмалы талдау жүргізген. Анықтай келе, дәл сондай тауарлар мен қызметтерді ұсынатын үшінші тараптың бағалары орташа есеппен автодилер ұсынатын бағадан 20-30%-ға төмен екен.

💬Биыл жаңа көлік мінген адам ретінде бұл да маған таныс жағдай болып шықты. Салон сақтандыруды міндеттеді, автосигнализацияны өздерінде орнатуға міндеттеді, май ауыстыруды да міндеттеп қойды. Бұның үшеуін де жасап үлгердім. Яғни, салон (менің жағдайымда Terra Motors) дегенін істетті, мақсатына жетті, пайдасын көрді. Біз көне береді екенбіз. Қысқасы, «они — «диктуют», мы — «буксуем»...

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

11 Nov, 10:55


25 000 000 теңгең болса, ол ақшамен не істер едің?

Бұл жазба алдыңғы постқа «тұздық» болсын. Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан өз парақшасында базалық ставканың қалай жұмыс істейтінін қарапайым мысалмен келтіруге тырысқан. Ойлану үшін, біліп жүру үшін өте пайдалы жазба. Оқиық:

Көп әріптес/туыс/таныс үнемі менен сұрайды: «осы сендер неге базалық ставка туралы зарлай бересіңдер, қарапайым халыққа одан келіп-кетер ештеңе жоқ қой» деген тәрізді. Баспана нарығын мысалға алып, саралап көрсек.

«Егер 25 000 000 теңгең болса, ол ақшамен не істер едің?» деп айналаңыздан сұрап көріңізші. Көбісі пәтер алып қоямын деп жауап беретініне кепіл беруге болады. Себебі көп қазақтың арманы — баспаналы болу. Ал егер үйлі болса, тағы бір пәтер алып қойып, жалға беріп, пайда тапқысы келеді.

Енді есептеп көрейік: 25 млн-ға Астанада «евродвушка» сатып алуға болады. Ондай пәтерді жалға беру құны — орташа есеппен 200 мың теңге. Яғни, төлем қабілеті тәуір, ұқыпты арендатор тапсаңыз, ай сайын еш алаңсыз 200 мың таза пайда тауып отыруға болады.

Ал, егер арендатор уақытылы төлемесе, пәтердегі сантехника/жиһаз бүлінсе, онда бәрін қалпына келтіруге шығындалу керек болады. Яғни, табыстан айырыласыз, оның үстіне ремонтқа шығындаласыз. Нерв құриды.

Ал, егер, сол 25 млн теңгені банктегі депозитке салып қойсаңыз, қалай болады екен? Ұлттық банктің базалық ставкасы — 14,25%. Сондықтан, екінші деңгейлі банктердегі депозит бойынша сыйақы ставкасының ең кемі — 14%.

Сыйақы көлемін есептеп көрейік: депозит мөлшерін 0,14-ке көбейтеміз және нәтижесін 12 айға бөлеміз.

25 000 000 * 0,14 / 12 ай = 291 667.

Яғни, банк сізге ай сайын кемінде 291 мың теңге төлеп отырады.

Енді салыстырып көріңіз:

1) Пәтер бағасы — 25 000 000 тг. Оны жалға беруден түсетін айлық табыс — 200 000 тг.

2) Депозит салымы — 25 000 000 тг. Одан түсетін ай сайынғы сыйақы — 291 667 тг.

Демек, Ұлттық банктің базалық ставкасы жоғары болғанда ақшаны банктегі депозитке салып қою әлдеқайда тиімдірек.

Әрине, бұл постты оқыған аудитория «бізде мұндай ақша жоқ, қайтеміз» деуі мүмкін. Бірақ, ондай ақшасы бар қалталы азаматтар да жоқ емес.

Бұрын олар салынып жатқан үйден ондаған пәтер алып қойып, бизнес қылатын. Демек, құрылыс компаниялары да салынған пәтерді қалай сатамын деп бас қатырмайтын, себебі тұрақты сұраныс болды.

Бірақ, қалталылар ақшаның есебін біледі. Сондықтан базалық ставка жоғарылаған кезде баспанаға инвестицияламайды. Құрылыс компаниялары енді пәтер сатудың басқа амалдарын іздейді.

Инвесторлар кетіп барады, ипотека барлығына бірдей қолжетімсіз жағдайда құрылыс компаниялары өздерінің таза пайдасын азайтып, бағасын түсіруге мәжбүр болады.

Сайып келгенде, Ұлттық банктің жоғары базалық ставкасы нарықтағы сұранысты «суытып», бағалардың өсу қарқынын әлдеқайда тежейді.

Осы жазбаға нарық шолушысы Бауыржан Мұқанов та пікір білдірген екен. Ол жазады:

«Иә, бәрінің айтатыны — кредитті арзандат. Базалық мөлшерлеме түскенде (кредит) арзандағанымен, тауар қымбаттайды. Айналып келгенде сол шығын — қымбат кредитке арзан тауар алу мен арзан кредитке қымбат тауар алу…»


@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

11 Nov, 07:54


@QsauatBot-қа осындай сауал түсті. Өте жақсы әрі пайдалы сұрақ.

Иә, пәтер сатқан адамға салық салу тәртібі бар. Ол екіге бөлінеді: Пәтер өз иелегіне өткеннен кейін 1 жыл ішінде сату және 1 жылдан кейін сату.

1 жыл ішінде пәтер сатқан адамға:

Жеке тұлғаларға арналған табыс салығы салынады. Салық мөлшері — 10%. Бірақ, ол үйдің құнына емес, сіз көрген «пайдаға» есептеледі.

Мысалы, сіз пәтерді 15 млн-ға сатып алып, 20 млн-ға сатсаңыз, салық ортадағы айырмашылық — 5 млн-ға есептеледі.

5 млн-ның 10%-ы — 500 мың теңге. Бұл — сіз төлейтін салық.

1 жылдан кейін пәтер сатқан адамға:

Салық салынбайды. Иә, солай. Бұл жағдайда пәтер сатудан түскен табыс салықтан босатылады.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» бізді ресми дерекпен сүйемелдеген ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне алғыс айтады.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

08 Nov, 14:46


Байлар табысқа қалай жетеді?

Әлемнің иен байлығын қолында ұстап отырған бай-бағландар кез келген адамның қолынан келе беретін қарапайым әдеттер мен жүріп-тұратын тәртіп болады, мейілінше соған «адал» болу керектігін айтады.

Әдет-салттың түрі көп. Миллионерлер де табысқа жету жолында белгілі бір әдеттер мен ұстанымға берік келеді екен. Дәулетті адамдар білім үшін және өзін дамыту үшін кітап кеміргенді жақсы көретінін біз бұған дейін де жазғанбыз.

Олар әдебиеттің 3 түрлі жанрын құп көреді дедік:

📌 атақты тұлғалардың биографиясы;
📌 тарихи еңбектер;
📌 өз-өзін дамытуға арналған кітаптар.


Қанша жерден шаруа бастан асып жатса да, табысты адамдар кітап оқуға уақыт табуға тырысады екен. Бұл олар үшін — №1 әдет.

Microsoft негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс те сүйікті дағдыларының бірі кітап оқуға — күнде кешкілік кемінде бір сағатын арнаған.

Әдебиет адамның ақыл-ой қабілетіне әсер етіп қана қоймайды, ұйықтар алдында оқу күнделікті күйзелісті жеңілдетеді. Кітап оқыған адамның психикасы күшті жүктемелерге қарсы тұра алады.

Сосын, қағаз немесе электронды кітап оқу тез ұйықтауға көмектеседі дейді. Қысқасы, сіздерді де шама келсе, кітап парақтауға шақырар едім.

Болмаса, «КІТАП ҮЗІНДІЛЕРІ» телеграм-каналы неше түрлі қызықты еңбектерден қысқа-нұсқа үзінділер ұсынып жүр. Оқып тұруға кеңес берем: @kitapuzindisi.📖

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

08 Nov, 11:45


2025 жылы «7-20-25» бағдарламасына өзгеріс енгізіледі

1 қаңтардан бастап жаңа талаптар күшіне енейін деп отыр. Енді басты талаптың бірі – кейінгі 18 айда қарыз алушы мен жұбайының меншігінде үй болмауы керек.

Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер ипотека төлемдерін қызмет етіп жатқан кезінде және одан кейін тағы 60 күнге дейін кейінге шегере алады.

Бұл нормалар баспанаға мұқтаж азаматтарды мейілінше көбірек қамту үшін енгізіліп отыр. Сондай-ақ, заңнамадағы өзгерістер де ескерілді, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Бірақ, кредит шартында өзгеріс жоқ.

2025 жылы да бағдарлама бюджеті 100 млрд теңге болады.

А, иә, «7-20-25» бағдарламасы 2029 жылға дейін жұмыс істейді.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

08 Nov, 07:11


«...Көп студент стипендиясын басқара алмай жүр. 18-ге толғасын ойланбай кредит алады. Сосын оны қайтарам деп жұмыс іздеп кетеді. Оқуын да қарқ қылмай, шығып кетіп жатқандар бар...»

Бұл – Астана қаласындағы ЖОО оқытушысының маған телефонмен айтып бірген әңгімесі. Студентпен тікелей жұмыс істейтін адамнан өтірік әңгіме шықпайды. Расында да қоғамда болып жатқан жағдай бұл.

Телефон соққан адам Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің оқытушысы екен. Телеграм-каналымды оқып тұратынын айтып, студенттерге қаржылық сауат тақырыбында дәріс өткізіп кетуге ұсыныс білдірді.

– Студенттің стипендияны бар керегіне жеткізе алмайтыны рас қой, енді – деп жалғады әңгімесін. – Бірақ, кредитке неге үйірсіңдер деп сұраймын ғой арасында. Сонда бір жігіттің айтқаны бар: «Ағай, қалай кредит алмайсың, қызбен жүргің келеді, оған 15 мыңның дұрыс гүлін алуың керек, қыдыртасың, бірге тамақтанасың, қасында жақсы киім киіп жүргің келеді. Осының бәрі ақша ғой. Кредитті 50 мың теңгеден бастап алдым. Кейін солай үсті-үстіне алып, қарызым 300 мыңға қалай шыққанын өзім де білмей қалдым». Көрдіңіз ғой, мұндай жастар көп, телеграмда жақсы дүниелер жазасыз ғой, жастармен кездесіп, кеңес беріп кеткеніңіз дұрыс еді – деп бір кесті.

Мұндай диалогтан кейін ұсыныстан бас тартуға қалай дәтің барады?!

«Созаемщик» тартқан студентке стипендиясы да табыс көзі ретінде қаралатын программалар бар екенін білесіздер ме?» деген сұрағыма жалпылай «иә» деп жауап қатқанымен, жастар жағы нақты қандай программа екенін дөп басып айта алмады.

Бұл нені білдіреді? Ізденбеген, үйге ақша жинау туралы ойланбаған деген сөз. Ол олқылықтың да орнын толтырдық. Қандай бағдарламаларға арқа сүйей алатындарын айтып бердік. Ол туралы осында да жазғанбыз — https://t.me/qarzhylyq_sauat/712.

Оқу орындарының қаржылық сауат мәселесіне көңіл бөле бастағаны шынымен де қуантады. Цифрлық гигиенаны қатты талап ететін бүгінгідей заманда сауатың жетпей жатса – қиын.

Презентация жасап алып барғанмын. Сонда:

БЕС НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ:

импульсивті саудадан

қарыз тәуелділігінен (кредит/рассрочка)

құмар ойындардан (казино/ставка/лохотрон)

қаржы пирамидаларынан

дроппер болудан

БЕС НӘРСЕГЕ АСЫҚ БОЛ:

табысың мен шығыныңды қағазға түсіруге

ақшалай қор жинап үйренуге

айналаңа табысты адамды жинауға

қаржылай біліміңді көтеруге/оқуға

қайырымдылық жасауға

- дедік. Әр пунктке жеке тоқталдық. Айттық. Түсіндірдік. Кейін видеоға іліккен кадрларға қарап отырсақ, дәптерге түртіп алып жатқан жастар да бар екен. Көз қуанды. Бұл өзім үшін кезекті жақсы тәжірибе болды.

Бұған дейін Ақмола облысына қарайтын екі мектепте болғаным бар. Оқу орындары осы ізденістерін тоқтатпаса, біздің қоғам әлі-ақ қаржылай сауатты болады. Үмітсіз – шайтан ғана.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Nov, 11:10


«Банк жүйесінде «сбой» болады, «наличка» шығарып алыңдар» деген сарындағы жазбаны көбіңіз әлеуметтік желіден оқыған боларсыз.

Осы жайында мессенджерлерде аудио-хабарлама тарап кеткен. Онда белгісіз дауыс иесі былай баяндайды:

«Бізде банктер жағында мынадай өзгерістер болып жатыр. 11 ноябрьден бастап Қазақстанның бүкіл банкі «жаңа версияға» көшеді. ISO деген программаға. Сол кезде ақша жіберу операциялары жүрмей қалуы мүмкін. 1-2 күн сбой болады. База жұмыс істемеуі мүмкін. Сондықтан, қолдан келгенше картада ақша қалдырмай, наличка шығарып алған дұрыс...»

Ұлттық банк осы жағдайға қатысты өз позициясын білдіріп жатыр. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

Ұлттық банк қазір екінші деңгейлі банктермен бірге Қазақстанның төлем жүйелеріне ISO 20022 халықаралық стандартын енгізіп жатқаны рас. Бірақ, жаңа стандартқа көшу процесі жеке тұлғалардың төлем жасауына еш кедергі келтірмейді.

«Бұл стандартты қолдану банктерде клиентке қаржы қызметін көрсету тәртібін өзгертпейді. Ол жұмыстардың карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ. Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады» деп жазылған ресми хабарламада.

t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

06 Nov, 09:16


Жаңа ғана қасымда отырған адамға осындай SMS келді. Аздап шок алды. Сілтемеге баспа деп айтып үлгердім.

Мұндай SMS көп адамға келе бастауы мүмкін. Білмейтіндер бұл не займ деп немесе 0% екеніне қызығып, сілтемеге өте салуы мүмкін.

Бұл, әрине, алаяқтардың бізге құрған құрығы. Игнор жасаймыз. Болды.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

05 Nov, 13:22


Неге Еуропаның егде жастағы қариялары бізге бай көрінеді?

Әрине, өзімізді батыспен салыстыра алмаймыз. Тұрмыс деңгейінен бұрын менталитетіміз бар. Біздегі ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің өмір сүру салты қалай, британдық «бабушкалар» мен аталардың болмысы қандай? Айырмашылық – жер мен көктей.

Сөйтсек, мәселе зейнетақыда екен. Өзін тәуелсіз қаржы кеңесшісі деп таныстыратын Аман Алимбаевтың авторлық каналына көз салып тұратыным бар.

Бүгінгі жазбасында ол Еуропада балқып-шалқып өмір сүретін зейнеткерлердің зейнетақысы туралы баяндайды. Жаһандаған заманда келешекте қайда барып өмір сүретінімізді кім білсін, батыстың да жүйесін біле жүрейік деген ой ғой. Автор қызықты 3 деректі алға тартады. Соны өз каналымда тәпсірлеп берейін деп шештім.

1. Бай «пенсионерлер» туралы миф. Жалпы, қай елде болмасын, мемлекеттік зейнетақының жоғары болуы өте сирек жағдай. Бұл құбылыс Еуропаға да тән деп сендіреді автор. Мысалы, зейнетақысы жоғары саналатын Данияда оның мөлшері орташа жалақының 100%-ын емес, тек 78%-ын құрайды екен. Германияда мемлекеттік зейнетақы орташа жалақының 58%-ын, Швейцарияда 45%-ын құрайды.

Білген адамға бұлар – ең дамыған елдердің бірі! Сонда еуропалық бай «пенсионерлер» туралы миф қайдан шыққан? «Сеніңіз, бұл ешқандай да миф емес!» дейді сарапшы. Себебі:

Еуропада азаматтың мемлекеттік зейнетақысы жалпы зейнетақының үштен бір бөлігін ғана құрауы керек. Еуропаның зейнетақы жүйесі осылай жұмыс істейді. Яғни, онда азаматтардың зейнетақысы 3 бөліктен құралады:

📌 Мемлекеттік зейнетақыдан
📌 Корпоративтік зейнетақыдан
📌 Инвестициялық зейнетақыдан


2. Мемлекеттік зейнетақымен «күн көрмейді». Бір қызығы, еуропалықтардың өзі зейнетақы жүйесі туралы өте жақсы біледі дейді. Сол үшін де олар мемлекеттік зейнетақыға телміріп отырмайды екен. Яғни, жастайынан өздеріне қосымша зейнетақы жинайды (түрлі инвестициялық құралдар арқылы).

Қазір шет елде көп қыдырамыз ғой, сіз де көріп жүрсіз, батыс елдерінің жұртында әдемі қарттық бар – мейрамхана мен круиз толы қария. Солай ғой? «Ол адамдар, біз ойлағандай, өмірін мемлекеттік зейнетақымен өткізіп жатқан жоқ» деп сендіреді қаржы кеңесшісі.

3. 50 жасыңда да зейнетке шығасың. Еуропада азамат зейнет жасқа жеткенше оның мемлекеттік зейнетақысынан ақша алынбайды. Жүйе солай құрылған.

Есесіне, ол жақта зейнеткерлік жас үнемі өсіп отырады. Бүгінгі зейнеткерлер 60-67 жаста демалысқа шығады. Ал, қазір жас, 35-40 жас аралығындағы азаматтар мемлекеттік зейнетақы алу құқығына ие болу үшін 70 жасқа дейін жұмыс істеуге міндетті болады.

Өмірдің зейнетін, яғни қарттық демалысты ерте бастағысы келетіндер зейнетақы капиталын инвестиция арқылы жинауы керек. Мысалы, сіздің жеке инвестицияңызда бағалы қағаздар бар делік. «Егер капиталыңыз жетіп тұрса, онда 50 жаста да зейнетке шыға аласыз» деп ойын түйіндейді сарапшы.

💬 Қазақстанның да өзіндік зейнетақы жүйесі бар. Оны реттейтін мемлекеттік ұйым – «БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі – Қор). Оның зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады. Яғни, қазақстандықтардың да зейнетақысына инвестициялық табыс есептеледі.

«Келешек зейнетақымызды бүгіннен жоспарлау керек» деген принципті ұстанатын Қор зейнетақысы жүріп тұрған әр азаматтың қалауына өз қаражатының 50%-ын жеке инвест-компаниялардың басқаруына ұсына алатын мүмкіндікті беріп қойғанына да біршама уақыт өтті. Ол жайында бұған дейін де жаздық. Қатарға жаңа қосылып жатқан оқырманға үлкен ілтипатпен қалдыра кетейін:


Зейнетке шыққан соң қанша зейнетақы алғың келеді? – https://t.me/qarzhylyq_sauat/715

Зейнетақы жарнасы уақытылы түспесе, еңбек өтіліңіз есептелмейді – https://t.me/qarzhylyq_sauat/717

ЕАЭО елдерінен зейнетақымызды қалай ала аламыз? – https://t.me/qarzhylyq_sauat/728

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

04 Nov, 05:55


Түнгі әуежай. Такси 8 минуттан соң келді. Жүргізуші 30 жастағы жігіт. Пысық келіншегі, төрт баласы және аздап кредиті бар екен.

- Кредитті не үшін алдың?
- Әке-шешеме “пенсия-той” + екі балама сүндет той жасағанмын.
- Той өз шығынын ақтамады ма?
- Ақтаған сияқты.
- Онда кредит неге жабылмады?
- Жұмсап қойдық қой (түскен ақшаны).
- Келін екеуің жұмыс істейді екенсіңдер. Табыстарың аз ба, несиеге жүгінетіндей не болды?
- Мен автопаркте моторшымын, жалақым - 450 мың теңге. Әйелім 500 мыңдай табады. Қолым бос кезде өстіп таксилетемін. Мысалы (бүгін сенбі), түстен бері 25 мың теңге таптым.
- Айына миллион теңгедей табады екенсің ғой. Жарайсың. Үйің бар ма?
- Жалдап тұрамыз, жеті жыл болды.
- Пәтер алуға ақша жинап жатқан шығарсыңдар?
- Жоқ. Ішеміз, жейміз, қыдырамыз, сосын той-пойға кетіп қалады көбінесе.
- Бұл дұрыс емес, бауырым. Табыс табуын табады екенсің, бірақ өйтіп шашып-төге бермеңдер. Ертең өзің ауырып қалсаң, айтқан жерден аулақ, бірдеңе болып қалсаң, әлгі төрт балаң мен келіншегің далада қалады ғой, үйсіз-күйсіз…
- Сол жағын ойламаппын…
- Пәтерге ақша жина. Қыдырысты азайт. Балаларыңды жақсы мектепте оқытуға тырыс, жақсы үйірмелерге бер (мысалы, математикаға). Ең бастысы, маңдай теріңмен тапқан-таянғаныңды ысырап қылмай отбасыңның игілігі мен балаларыңның біліміне жұмса.

Таксиші жігіт ойланып қалды. Біраз уақыт үнсіз отырды. Мен де ойланғансыдым.

Көліктен түсіп жатқанымда “сіздің айтқаныңыз дұрыс екен аға” дегендей болды. Еее… (дедім ішімнен)
Түнгі такси. Алматы.

(с) Серік Абас-шах

#ОйСалар

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

01 Nov, 12:22


Отбасы банкінің мобильді қосымшасына сіз де кіре алмай жүрсіз бе?

Соңғы кезде банктің көптеген клиенті смартфон арқылы өз кабинетіне кіре алмай әлек. Банктің не өзгертіп жатқаны белгісіз, әйтеуір, жұрт: «мобильді қосымшаны қолданудан қалдық, аша алмай жатырмыз» деп әлеуметтік желілерде көп жаза бастады.

(Себеп – суретте).

Банктің клиенті ретінде мен де мұндай жағдайға кезіктім. Бірақ алдымнан шыққан мәселе лезде шешіле қойды. Ең бастысы, телефон нөмірі мен парольді қайта енгізу арқылы кіруге әрекет ету керек. Ол кезде (суреттегі ескерту шыққанда) «Логин мен құпиясөз бойынша кіру» батырмасын басасыз.

Бұл жағынан менде еш қиындық болмады. Егер парольді ұмытып қалсаңыз, нөміріңіз қосулы ғой, телефон арқылы қайта қалпына келтіріп алыңыз.

Одан кейінгі әрекетіңіз былай болу керек:

Меню қазақша қойылғанда: қосымшаның оң жақ астында «Тағы» деген бөлім болады. Соған басып, «Баптау» деген бөлімге өтесіз. Сол жерде «Пасскод» пен «Биометриялық сәйкестендіруді» өзгертесіз. Соңғысында жадыда сақталған ескі биометрияны өшіріп, жаңадан қайта енгізу керек. Еш қиындығы жоқ.

Осы әрекеттерден кейін мобильді қосымшаны әдеттегідей қолдана бересіз. Жаңа енгізілген биометрия немесе пасскод келесі кіргенде еш қиындық туғызбайды. Мен бұл операцияны бір рет жасап, қазір күнделікті қолданып жүрмін. Қосымшаға еркін кіріп-шыға берем. Істеп көріңіз.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

01 Nov, 10:45


Facebook-тен мына қызықты көріп қалдым.

Шынымды айтсам, ең алдымен, аккаунтқа көзім түсті. Nursultan Nazarbaev Airport деп жазылыпты. Постты оқып болып суретке қараймын. Ойымда еш күдік жоқ. Әуежайда расында да осындай «қызмет» бар екен-ау деп ойлап қоям. Адамдар осынша заттарын қалдырып, іздеп келмейтін болғаны ма деп неше түрлі ойға кетіп жатырмын.

Астындағы пікірлерді оқығанда ғана алаяқтардың ісі екеніне көзім жетті. Адамдарың аты-жөні мен пікірлер шынайы емес. «Вот, сұмырай!» дегенсің ғой.

Суретті жақсы монтаждаған екен. «Жоғалған багаж. 1060 т» деген жазуы бар «табличка» да менмұндалап тұр. Бәрі шынайы көрінеді. Посттың өзі таргетке жіберілген.

«Тапсырыс беру үшін хабарландырудағы түймені басыңыз!» Қалай қызықтырады, ә? «Заказать» түймесін бассақ, фишингтік сайтқа тап болар ек. Ол кезде алаяқтар гаджетімізге вирус кіргізіп, болмаса, жеке деректерімізді қағып алар еді.

Иә, бұның бәрі бізге қастық ойлаған адамдардың ісі. Сіздерге де ескертіп қояйын деп жазып отырмын.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

01 Nov, 05:50


ТОП-40

Телеграмда тіркелген каналдар мен чаттардың статистикасын жүргізетін арнайы сайт бар – kaz.tgstat.com. Мұнда әр тақырыптық бағыт бойынша оқырман санына қарай рейтинг те түзіледі.

«Экономика» бағыты бойынша рейтингті бір сүзіп шыққанмын. Біз жазып, Сіз оқитын «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» Қазақстандағы телеграм-каналдар арасында ТОП-40 ішінде екен. Орналасқан орны – 32. (https://kaz.tgstat.com/economics)

32-нің ішінде 28 канал – орыс тілінде немесе екі тілде жазады. Олардың арасында авторлық каналдар мен мемлекеттік мекемелердің ресми каналдары бар.

Қалған қазақша төртеуі де авторлық канал деп ұқтым. Төртіншісі – біз. Бірақ салыстырмалы түрде ұсынып отырған контенттеріміз, материалды беру стиліміз, орфографиямыз әртүрлі. Өзгелер биржаға, акция сатып алуға қатысты бір бағытты ұстанатынын байқадым. Енді бірі шығарған (бәлкім аударған) кітабынан үзінділерді өз даусымен оқып беріп отырады екен. Көбісі аудио. Қысқасы, әркім өз бетінше әрекет етіп жатыр. Оқырман өзіне керегін алады.

Бұл жерде тағы бір мән беретін нәрсе – орыс тілді каналдарда оқырманның көп болуы. Енді, әрине, қаржы, экономика, бизнес – ресми тілге жақын сала. Бірақ олай отыра беруге тағы болмайды. Қолдан келгенше жазамыз. Саланы қазақашалауға бейімдей береміз. Естіген құлақты да, көрген көзді де қазақ тіліндегі ақпараттарға үйрете беруіміз керек. Бәрі ниетке, әрекетке байланысты.

Өйткені Қазақстанда мемлекеттік тілде ақпарат тұтынатын халық саны өсіп келеді. Ол – факт. Осы ретте оқырманды бір болуға шақырғым келеді. Көпке пайдалы болады-ау деген мақсатпен материалдар жариялап келем. Шындап келгенде, авторлық канал болғандықтан, бұл алаңдағы жұмысыма ешкім ақы төлемейді. Жұмыс арасында уақыт табуға тырысам. Мақсат біреу ғана – халықтың көзін, қаржылық сауатын ашу. Соған титтей де болса үлес қосу.

Шама келсе, пайдалы ақпараттарымызды көбірек таратып жүріңіздер. «Сен жүргізетін каналды көп адам оқу керек, әлі де білмей жатыр» деп өз парақшаларында шын ниетімен жариялап, бөлісіп жүрген әріптес достарға, repost жасайтын әріптес-каналдарға, жазбамызды тұрақты оқып, реакция білдіріп отыратын көпшілікке алғыс айтам.

Ендігі меже – 5000. Толықтыруға сіз де атсалыса аласыз. Каналға көрсеткен құрметім болсын десеңіз, біз жайлы көбірек бөлісе жүріңіз, айта жүріңіз – https://t.me/qarzhylyq_sauat.

Жұмыс тоқтамайды, қуат берсін, жазатын дүниені жазамыз!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

31 Oct, 06:29


1414

Бәрімізге таныс нөмір. «Электронды үкімет» порталына тиесілі екенін жақсы білеміз. Көп адамның жұмысын жеңілдеткен электрондық жүйе мемлекеттік қызметтерді қашықтан, яғни онлайн алғысы келетін халықпен осылай да байланыс орнататын.

Енді 1414 – алаяқтардың «ошағына» айналып шыға келгендей. Дұрыс түсініңіз, 1414 дейтін «Электронды үкіметтің» ресми нөмірі де бар, дәл осы сандардан тұратын абоненттен жалған SMS жіберетін алаяқтар да пайда болып жатыр. Халықтың жаппай осы қызметті қолданатынын біліп алған қаскөйлер абоненттерге (сіз бен бізге) түпнұсқаға ұқсас «ресми» SMS-тер жіберуге көшкен.

Бір мысалы былай:

«Сіздің атыңызға нұсқама бойынша айыппұл тіркелген. Осы смс алған сәттен бастап 7 тәулік ішінде жеңілдікпен айыппұл сомасы 18460.0 теңге. За Вами зарегистрирован штраф по предписанию. В течение 7 суток с момента получения данного смс сумма штрафа со скидкой 18460.0. Толығырақ/поробнее – ...»

Немесе:

«Сіздің #001056851600 құжатыңыз дайын. Сондай-ақ, қызметтерді |...| Телеграм-боты арқылы алуға болады. Ваш документ #001056851600 готов. Также, Вы можете получить услугу через Телеграм-бот» деп сілтеме ұсынады.

Қулығын көрдіңіз бе? Кәдімгі ресми порталдан келетін SMS тәрізді хабарламаны екі тілде қатар беруді білген және 7 күн ішінде төлесе, айыппұл мөлшері азаятынына да акцент беруді ұмытпаған.

Бір қарағанда, өте «сенімді» SMS. Мұны алған кез келген адам еріксіз иланып қалуы мүмкін. «Штраф» десе (келсе) үркіп қалатын халықпыз ғой, тағы не бүлдіріппін деп ойланбастан сілтемеге өте саламыз. Алаяқтарға да керегі сол еді. Өйткені ол сілтеме біздің деректерімізді онлайн ұрлауға әдейі жасалған.

Ол, тіпті, вирус-сілтеме болса, онда бізге қастық ойлағандар гаджеттерімізді сырттан басқара алатын программаларын орнатып үлгерді деген сөз. Сосын шотымызды, банктің мобильді қосымшаларын еркін басқарып, ойына келгенін істейді. Беті аулақ.

Не айтқымыз келді?

1414-тен осындай хабарламалар көп келуі мүмкін. Түсініңіз, біз қызмет алатын мұндай ресми нөмір де бар, алаяқтар жасап алған нөмір де бар.

SMS келсе не істеу керек?

Ондағы сілтемеге өтпеу керек. Тіпті, атыңызға айыппұл келген-келмегенін анықтап алғыңыз келсе, «e-Salyq Azamat» қолданбасының өзі көмекші құрал. Басқа сұрақ мазаласа, 1414-ке тіке хабарласыңыз, қандай смс келгенін айтыңыз, оператор рас-өтірігін айтып береді.

Пошта қызметімен де алдайтын алаяқтар әлі бар. Кез келген SMS-ке сенбеңіз, онда берілген «команданы» орындауға да асықпаңыз. Әр ұйымның call-орталығы болады. Ерінбей тауып алып, хабарласып, мән-жайды сұрап алыңыз. Сол арқылы ғана біз өзімізді алаяқтардан қорғай аламыз. Сақ болыңыз!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

29 Oct, 11:14


20 000 000 000

Цифрды таныған адам бұны 20 миллиард деп ұғады. Дұрыс. Бұл не сан дейсіз ғой? Ресми дерек оны жыл басынан бері қаржы пирамидаларынан келген шығын мөлшері дейді. Біз оны қазақстандықтардың пирамидаға салып жіберген ақшасы деп ұқтық.

Иә, қаржы пирамидасына ақша салатын адамдар арамызда әлі бар екен. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: пирамидаға ақша салған адам ақымақ па, әлде оларды алдай білген алаяқ ақылды ма?

Енді мына атауға назар аударып көріңіз: «World Business Consulting». Осы ұйым Ақтөбеде жұрттың 60 млн теңгедей ақшасын иемденіп үлгерген дейді. Өздерін Қазақстанда ресми тіркелген халықаралық инвестициялық компания өкілдері ретінде тансытырып, қалада презентациялар өткізген.

Түрлі инвестициялар ұсынып, тиімді пайызбен несие рәсімдеуге болатынын айтқан, әлемнің кез келген жерінен пәтер, көлік сатып ала алатындарын айтып қызықтырған. Жаңа салымшыларды тартып, ай сайын ақша салсаң, дивиденд түрінде сыйақы аласың деп сендірген. Ондаған миллион ақшаны қалтаға басып үлгергеніне қарағанда, жұрт оларға еріксіз сенген секілді...

ҚР ҚМА қаржы пирамидасына тән жұмыс істеп тұрған 10 мыңнан астам сайт пен сілтеме бұғаттауға жолданғанын хабарлап отыр. «WhatsApp» пен «Telegram»-да 300-ге жуық чат бұғатталған. Осының бәрі көп нәрседен хабары жоқ аңғал адамдарды алдап, ақшасын қағып алып жатыр деген сөз.

Тіпті, қандай да бір компанияға ақша салғыңыз келсе, оны осы Телеграмда арнайы боттың көмегімен тексеріп алуға болады. @BAIQApiramidaBOT сіз ұсынған компанияның қаржы пирамидасына тән белгілері бар-жоғын анықтап береді. Дұрысы – осы. Сонда ғана ақшаңызды сақтап қала аласыз.

Бұрын қаржы пирамидалары кооператив түрінде еркін жұмыс істей беретін. Қазір олар заңсыз қызметін жасырып бағу үшін түрлі маскировкалар ойлап табады. Kapital.kz олардың 3 түрін ұсыныпты:

1. Пирамиданың классикалық түрі. Мұнда қандай да бір жобаға қатысып, үстінен өз «пайдаңды» көру үшін, әлбетте, ақша құюың керек. Көп салған сайын табысың да «көп» болады деген прицнип. Классика деп отырғанымыз сол.

2. Пирамиданың жасырын түрі. Бұл жерде сізге қандай да бір тауарды/өнімді, қызмет түрін сатып алуға ұсыныс жасайды. Өнімді сатып алмай, жобаға қатыса алмайсың. Компанияға ақша аударылған соң пирамида әрі қарай классикалық үлгіде жұмыс істей береді.

3. Пирамиданың ойын түрі. Әдетте, олар – букмекерлік кеңселер мен казинолар. Ойынды бастау үшін ақша құю керек. «Жеке кабинетінен» ойыншы көбейіп жатқан ақшаларды оңай көруі мүмкін. Бірақ оларды қолма-қол ақшаға айналдыру немесе өз шотыңа аударып алу мүмкін емес.

💬 Әркез есте ұстайтын нәрсе: тез баюды, мол әрі шексіз табысты ұсынатын, артыңа клиент тартуға шақыратын ұйымдардан аулақ жүрген жақсы. Оның бәрі – ПИРАМИДА. Ол компанияларда әдетте артық капитал болмайды. Ақшаны жаңа салымшылардан күтеді. Әрбір жаңа салымшының ақшасы оның алдында ақша салған адамға беріліп отыратынын түсінетін уақыт болды.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

23 Oct, 10:29


БАЙ БАЛА

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» авторы ретінде балаларға арнап телеграм-канал ашуға бел буып отырмын. Бұл алаңда біз ересектерше әңгіме айтсақ, ол жақта ақпаратты бала тіліне лайықтап көреміз. Сол үшін қасыма көмекші алдым. Каналды өзі жүргізеді. Танымдық контент үшін кітапхана табалдырығын да тоздыруға дайын. Каналдың мазмұны мен мәтін сапасын бірге арттыруға күш саламыз.

Неге мұндай шешімге келдім? Осыған дейін Астана және Қосшы қаласындағы Ақмола облысына қарайтын екі мектептің шақыруымен оқушылармен (9-11 класс) кездестім. Еркін форматта сөйлесіп, қандай алаяқтық схемалар бар екенін айтып беруге тырыстым. Балаларда тақырыпқа қызығушылық бар. Оны қойған сұрақтарынан, әңгімесінен жақсы сездім. Бұл дәстүр жалғаса берер, бірақ онлайнда көбірек баланы қамту үшін осы телеграм-каналды ашқан дұрыс болар деп шештім.

Бала кітап оқымайды екен, (ата-анасы) газет-журналға жазылмайды екен, онда өздері жақсы көретін телефон арқылы жақындап көрейік. Иә, «егер тау Магометке барғысы келмесе, тауға Магометтің өзі барады».

Тірі адам тірлігін істейді дейді ғой, «кітаптың бетін ашпайды» деп қашанғы баланың көзіне қарап отыра береміз? Амалын жасайық. Қаржы тілін мектеп те жарыта алмай жатқаны тек бізге ғана мәлім емес болар. Ол жақта қызықсыз теория басым болса, біз өз алаңымызда:

📌 қысқа-нұсқа пайдалы ақпарат ұсынып,
📌 интерактивті тапсырмалар беріп,
📌 сауалнама жүргізіп,
📌 бір ғана дұрыс жауабымен тесттік тапсырмалар беруге ұмтыламыз.

Яғни, практиканы күшейтеміз. Сол арқылы бала өз деңгейін біліп, қатесі болса көріп отырады. Осы процестерге балалардың қызығушылығын оята алсақ – нұр үстіне нұр.

Біз, ересектер қауымы өмірдің ащы-тұщысын татып көрдік. Алданатынымыз алданып, беретініміз беріп болдық. Қазір ауыз күйгесін «үрлеп ішеміз». Енді балаларды қорғауымыз керек. Қолында смартфоны бар кез келген бала – алаяқтың потенциалды құрбаны.

Көп бала үлкендердің назарынан тыс ата-анасының картасын телефонына «байлап», түрлі ойындарға, алаяқтарға ақша салып жіберіп жатыр. Алданып, полиция жағалап, арыз жазып, сабылып сол алаяқтарды іздегенше, алданбаудың жолын іздейік. Жазайық, айтайық, көрсетейік.

Өсіп келе жатқан үйдегі балаларымыз:

- цифрлық гигиена деген не,
- қандай мәліметтерге ие болу керек,
- интернетте қалай сақтану керек,
- банк картасын қалай қолдану керек,
- қандай мобильді қолданбалар зиян,
- интернет-алаяқтық қандай болады,
- алаяқтар қалай алдайды,
- қандай «табыс» көзі қылмыс саналады (есірткі сату/жасыру/дроппер болу),
- қаржы пирамидасын қалай тану керек,
- азарт ойындар несімен зиян,
- ақшаны қалай жұмсау/жинау керек,
- қарыз деген не, қарызданбаудың қандай жолы бар?


Бүгінгі бала осының бәрін білуге міндетті. Шегінерге жол жоқ. Енді әрбір ата-ананың шешімі маңызды. Мысалы, Сіз балаңыз осы дүниелерді білгенін қалар ма едіңіз? Қаласаңыз, үйдегі ұл-қыздарыңызбен сөйлесіп көріңіз. Тақырыпқа қызыға ма? Білгісі келе ме? Қорғанып жүруге құлықты ма? Каналды ұсынып көріңіз. Ештеңеден ұтылмайды. Сіз де ұтылмайсыз.

Баланың жас-шамасына шектеу қоя алмаспыз. Бірақ, оны да ата-ананың өзіне қалдырайық. Ең болмаса, 9-11 класс оқушылары тұрақты оқып тұрса да жақсы. Әйтеуір, 10 баланы қаржы алаяқтарынан қорғап қалсақ, еңбектің зая кетпегені ғой.

Айтқым келгені осы еді. Қазақтың әр баласы қаржылай сауатты, білімді, бай болсын деп телеграм-каналды «БАЙ БАЛА» деп атадым.

Каналға балаңызды тіркеп қоюға ниет етсеңіз, адресі осы:
https://t.me/baibalakz немесе Телеграмның іздеу жолағына @baibalakz деп жазып, тауып алуға болады.

Бұл идеяны қолдағыңыз келсе, жазбаны барынша таратуға атсалысыңыз. Оқу-ағарту министрлігінің де «құлағына алтын сырға». Ақпараттық қолдау көрсетіңіз. Иглігігін бірге көрелік!

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

22 Oct, 05:41


eGov.kz: енді мобильдік қосымшамен де кредит алудан бас тартуға болады

Бұрын бұл сервисті қолдану үшін компьютер/ноутбук қолданып, eGov.kz сайтына кіру керек болатын. Енді процесс сәл де болса жеңілдеді. Ұмытпаңыз, сервисті пайдалануға тек азаматтың өзі ғана өтінім бере алады.

Сонымен, қызметті eGov mobile қосымшасында алу үшін:

🔸 авторизациядан өтесіз;
🔸 «Қызметтер тізбесін» таңдайсыз;
🔸 «Салықтар және қаржы» бөліміне өтесіз;
🔸 «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдайсыз;
🔸 жеке деректеріңізді толтырасыз (телефон, email);
🔸 өтінімге қол қоясыз;
🔸 сізге көрсетілген қызметтің нәтижесімен «Жеке кабинетте» таныса аласыз.


Бұған дейін жазғанымыздай, несие мен микрокредиттен шексіз мерзімге бас тарта аласыз. Кредит қажет болған кезде ол қызметті лезде ажыратуға болады.

Жалпы, бұл сервис бізге алаяқтардан қорғануға көмектеседі.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

22 Oct, 04:05


Жиырмадан астам қалыңдықты жасаусыз қалдырған алаяқ Ақтөбеде ұсталыпты

Қыз жасауына кіретін дүниенің бірі – жиһаз екені белгілі. Заманауи гарнитуралардың каталогын ұсынған алаяқ әйел ақтөбелік қалыңдықтардың ата-анасын арзан бағамен қызықтырса керек. Клиенттеріне «завтрак» беріп, бар жағдайын жасап баққан әккі, әрине, тауарға алдын ала төлем сұрайды.

Көздің жауын алатын түрлі түсті каталогқа бір сүйсініп, арзан бағаға бір мастанып, «сатушының» сұраған ақшасын ұстата қойған аналар қауымы айлар бойы тапсырыс берген затын ала алмай, ақыр соңында полицияға жүгінуге мәжбүр болған. Тіпті зардап шеккендердің арасында тауар үшін екі мәрте төлем жасағандар да бар екен.

Қазақ – жүгін түгендемей қыз аттандыратын халық емес. Тойдағы абыройын ойлаған ата-аналар, амал жоқ, басқа жақтан, әрине, жоғары бағамен сатылатын жиһаздарға жаңа тапсырыс беруге бел буған.

KZ Insider телеграм-каналының хабарлауынша, полицияға 22 адамнан арыз түскен. Ұсталған әйел ресейлік компаниямен жұмыс істегенін, олар онымен байланысты үзгенін айтып ақталыпты. Кімнің алаяқ екенін енді құқық қорғау орган өкілдері анықтайды.

💬«Арзанның құны татымас» дейді біздің қазақ. Бұл да бізге сабақ боларлық жағдай. Жалпы, арзан дүниені, мол пайданы, көп табысты ұсынатын ортадан/адамдардан алшақ жүрген жақсы. Онсыз да асып-тасып жатқан байлығымыз жоқ, ең болмаса, қолда бар ақшамызды тиімді жарата білейік. Айнала толы алаяқ. Сіз бен бізді аяйын деп тұрған ешкім жоқ. Өз-өзімізді қорғай жүрейік.

t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

21 Oct, 08:49


ЕАЭО елдерінен зейнетақымызды қалай ала аламыз?

@QsauatBot-қа оқырманнан сауал түсті. Жобасы былай: «Мен Ресейде жұмыс істеймін. Табысымыздан зейнетақы жарнасын ұстайды. Келешекте ол ақшаларымды Қазақстанға қалай аудара аламын? ҚР заңы осы туралы не айтады?»

Сұрақ иесінің өзі де оқып отырған болар, сөзіне ештеңе алып-қосқан жоқпыз. Ашық айтуымыз керек, сауалы өте орынды. Білесіз, шет жерде жұмыс істеп, ақша тауып жүрген отандастарымыз аз емес. Сондықтан, бұл жазбамыз көпшілікке пайдалы болады деп ойлаймыз.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-арнасы БЖЗҚ-ға сауал жолдап, тиісті жауапқа қол жеткізіп отыр. Ақпаратты тез ұсынған әріптестерге айтар алғысымыз шексіз. Сонымен, Қор ұсынған мәліметпен бірге танысып көрейік.

ЕАЭО деген – Еуразиялық Экономикалық Одақ. Осы Одаққа қатысушы бес мемлекетті еске түсірсек, олар – Армения, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Ресей және Қазақстан.

Сәл «лирикалық шегініс» болсын: КСРО ыдырағаннан кейін әр республика зейнетақы жүйесін өз бетінше дамыта бастады. Бірақ, әр ел өз алдына дербес мемлекет болғанымен, еңбек көші-қоны тоқтаған жоқ. Уақыт өте келе азаматтығы басқа жұмысшыға зейнетақы жарнасын есептеп, төлем жүргізу ісі өзекті мәселеге айналып шыға келді.

ЕАЭО-ны бекерден-бекер сөз етпедік. Қатысушы бес мемлекет 2019 жылы осы ұйымға мүше елдердегі жұмысшыларды зейнетақымен қамтамасыз ету туралы өзара келісім жасасты.

Яғни, ешқандай алалаушылық болмау керек: Одаққа мүше мемлекеттер өзге азаматтығы бар жұмысшыға да өз азаматтарына берген зейнетақы төлемдерін тең жүргізіп отыруға міндет алады. Сондай құқық беретін ратификацияланған Келісім құжаты 2021 жылдан бастап жұмыс істеп тұр.

Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет 2021 жылдың 1 қаңтарынан кейін өз аумағындағы жұмысшыға оның еңбек өтілі үшін өз заңнамасына сай зейнетақы жарнасын төлейді.

Бірақ, ЕСКЕРЕТІН МАҢЫЗДЫ нәрсе бар. ЕАЭО елдерінде жұмыс істейтін әр азамат жұмыс берушімен еңбек шартын жасасып, белгілі бір мерзімге азаматтық-құқықтық шарттарды белгілеп алғаны жөн. Егер сіз жұмысқа ресми түрде қабылданбасаңыз, онда жұмыс беруші тарап сіздің жалақыңыздан зейнетақы жарналарын ұстамайды, ол кезде еңбек өтіліңіз де есепке алынбайды деген сөз.

Ол Келісім Қазақстанда қалай жүзеге асады?

Сіз зейнет жасына толуыңыз керек. ҚР заңнамасына сай БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналары төленген болуы шарт. Сол құқықтық қатынасқа сәйкес Келісім жүзеге асады. Егер ЕАЭО аумағында ресми түрде жұмыс істеген болсаңыз, Қазақстанда – БЖЗҚ-ға, ал, айталық, өзіңіз жұмыс істеген өзге төрт елдің бірінде – сол мемлекеттің зейнетақы мәселесімен айналысатын ұйымына жүгіне аласыз.

Еңбек өтілін растау үшін қандай органдарға хабарласу керек?

ЕАЭО-ға мүше мемлекет қызметкерлерінің еңбек өтілін растайтын Қазақстан Республикасындағы құзыретті органдар:

- «БЖЗҚ» АҚ;
- ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті) және олардың аумақтық бөлімдері.


БЖЗҚ 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін жұмыс өтіліне қатысты ақпаратты ғана ұсына алады. Өйткені міндетті зейнетақы жарналары сол мерзімнен бастап төленеді.

Ал, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетіне жүгіну қажет.

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

20 Oct, 15:06


«Привет, это ты на фото?»

Мессенджерлер арқылы «фото» түрінде вирустың жаңа түрі шығып жатыр екен. Алаяқтар оны APK форматындағы «архив» файлда таратып жатқан көрінеді.

APK (Installer) – бірнеше файлды топтастыратын компьютер тіліндегі «архив» программа.

Оны белгісіз нөмірден/аккаунттан жекеңізге жіберетін алаяқтар сізге сол файлды ашқызу үшін былай жазуы мүмкін: «Привет, это ты на фото?»

Файлды ашатын болсаңыз, гаджетіңізге вирус кіреді. Соның «көмегімен» алаяқтар сіздің құрылғыны оңай басқара алады.

Осындай sms-хаттардан абай болыңыздар!

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

18 Oct, 05:42


ОТБАСЫ БАНК "ОТАУ" ЖӘНЕ "НАУРЫЗ" БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БОЙЫНША КРЕДИТТІК ӨТІНІМ БЕРУ МЕРЗІМІН ҰЗАРТТЫ

Отбасы банк «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың кредиттік өтінім беру мерзімін 31 қазанға дейін ұзартты.

Бұл өзгеріс қосымша тізімге енген қатысушыларға қатысты.

Бұған дейін өтінім беру мерзімі 18 қазанға дейін болған.

Қатысушылар енді Отбасы банктің бөлімшелері, ресми сайт немесе «Баспана маркет» порталы арқылы өтінім бере алады.

Мақұлданған жағдайда, 29 қарашаға дейін баспана табу және сатып алу қажет.

Алматы мен Астанада заемның ең жоғарғы мөлшері 36 млн теңгеге, ал қалған өңірлерде 30 млн теңгеге дейін.

Бағдарлама шарттары: алғашқы жарна 20%-дан, әлеуметтік осал санаттарға 7% мөлшерлеме, басқа азаматтарға 9% мөлшерлеме ұсынылады.

Несие мерзімі 19 жылға дейін.

@Tengelifekz

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

10 Oct, 07:50


Биржада 16 жастан бастап инвестиция жасауға болады

Біз өткен жолы «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілі Самал Мұратты әңгімеге тартқанбыз. Самал AIX биржасында жеке инвесторлармен жұмыс бөлімін басқарады. Биржаға қандай ақшамен келуге болады, қандай тәуекелдер бар, неше жастан бастап құнды қағаздарды инвестициялауға болады, Қазақстанда биржа мәдениеті қалай қалыптасып келе жатыр деген тақырыпта біраз сөйлестік. Маманның айтқан бір ауыз сөзі санада жатталып қалды. Самал инвестиция жасау үшін ешқашан қарызға ақша алуға болмайды дейді. Енді осы әңгімені ықшамдап тарқатып көрейік.

Қор нарығында неше жастан бастап инвестиция жасауға болады?

Қор нарығында 16 жастан бастап инвестиция жасауға болады. Қазір 16-20 жас аралығындағы инвесторлар саны күрт өсіп жатыр. Яғни, олардың инвестиция салуға қызығушылығы жоғары деген сөз. Осындай статистиканы көргенде қуанамыз. Жас буын арасында танымал бола бастаған инструменттер де бар. Олар криптовалюталық цифрлық валюта сияқты құралдарды жақсы көреді.

1 доллардан бастап инвестиция жасауға болатыны рас па?

Қазір кез келген брокерлік қосымшаларды қарасаңыз, 1 доллардан бастап инвестиция жасауға болатынын түсінесің. Демек, болады. Одан қалды, инвест-компанияларда «fractional shares» деген ұғым бар. Ол – бағалы қағаздарды бөлшектеп сату дегенді білдіреді. Айталық, кез келген акция $1000 тұратын болса, сіз соның бір бөлігін сатып ала аласыз. Қаражатыңыз жеткенше. Я болмаса, инвестор акцияның бір бөлігін жәй тек бақылау үшін сатып алуы мүмкін. Яғни, акцияның бір бөлігіне қаржы салып, оның динамикасы әрі қарай қалай өрбитінін бақылап көруге болады.

Сосын қор нағырығында ETF секілді фондтар бар. Мысалы, инвестиция жасауда да өзіндік ереже болады. Сондағы ең басты принциптің бірі – портфельді әртараптандыру (диверсификациялау). ETF деген – бір ғана акция болуы мүмкін. Бірақ құрамында көптеген компаниялардың акциялары болады. Мысалы, S&P 500 деген акция бар. Оның құрамында Америкадағы технологиялық 500 компанияның акциясы жинақталған. Яғни сіз оны бір ғана инструмент ретінде сатып ала отырып, біріншіден – инвест-портфеліңізді әртарапты қыласыз, екіншіден – аз ғана ақшамен инвестиция жасай аласыз.

Табысқа кенелетініңізге ешқандай кепілдік жоқ

Әрине, әлемде қор нарығына әсер етпей қоймайтын оқиғалар болып тұрады. Әлемдік дағдарыстар, табиғи құбылыстар, қырғи-қабақ соғыстар. Солай кете береді. Мысалы, пандемия кезінде бағасы түспейді/өспейді деген кейбір активтер қатты құбылды. Дәл сол кезде актуалды болуына байланысты кейбір құнды қағаздардың құны өсе бастады. Ол технологиялық, фармацевтикалық компания болғандықтан, олардың өніміне сұраныс артты. Ал, керісінше, кейбірінің құны түсіп жатты.

Яғни, қор нарығында сіздің тек табысқа кенелетініңізге ешқандай кепілдік жоқ. Дегенмен, әртараптандырудың пайдасын айтар болсақ, бір компанияның акциялары қатты құлдырауы мүмкін. Есесіне, сол пакеттің ішіндегі басқа компаниялардың акциясы өсетін болса, бір-бірінің орнын жауып отырады.

Белгілі бір компанияның акциясын сатып ала отырып, сол компанияның бизнестегі үлесіне иелік етесіз. Компанияның бағасы өскен кезде акцияның да бағасы көтеріледі. Құлдыраса – түседі. Яғни, бизнестің бір бөлшегін алып қана қоймай, сол бизнестің тәуекелдерін де «қоса арқалайсыз» деген сөз.

Акция сатып аларда компанияны қалай таңдау керек?

Кез келген акцияны сатып аларда ең бірінші оның тарихи көрсеткіштеріне назар аудару керек. Ол бизнесін қаншалықты ашық жүргізіп отыр? Ол өз акцияларын нарыққа шығара отырып, инвесторларына қандай да бір уәде берді ме? Мысалы, дивиденд төлеу, үстеме пайыз төлеу. Сол уәделерін қаншалықты орындады? Бизнесі нарықта сұранысқа ие ме? Келешекте қаншалықты сұранысқа ие болуы мүмкін? Яғни, сол компания туралы іздену керек. Аналитикалық тұрғыда шолып, ақпараттарды талдап отырып таңдау керек.

Инвестиция жасау үшін ешқашан қарызға ақша алуға болмайды...

Толығырақ — https://qsauat.kz/2024/10/10/birjada-nese-jastan-investisia-jasauga-bolady/

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

09 Oct, 14:01


«Доллар сатып алуға асықпаңыздар»

Қаржы сарапшысы Айбар Олжай өз оқырманына осылай деп кеңес беріп отыр. 1,5 айдың көлемінде теңгенің долларға шаққандағы позициясы әлсірегенін, қазір $1 құны – 490 теңгеге жақындап тұрғанын нарықтан хабары бар көпшілік біледі.

– Бізде белгілі бір психологиялық меже бар, ол – 500, – деп сөз саптаған сарапшы мұны девальвация деуге келмейді деп есептейді. Оның пікірінше, бұл – заңды нарықтық ауытқулар. Сонда қандай факторлар рөл ойнап тұр? Оны Айбар әріптес былай сипаттайды:

«Дәл осы ауытқуларда тек қана рубльдің әсері бар. Және ол қысқа мерзімді әсер беретін сияқты. Себебі фундаменталды түрде рубль өзімен бірге теңгені ең төменге дейін құлатып әкете алмайды. Рубльдің неге құлап жатқанына үңілуіміз керек. Санкция аясында Мосбиржадан доллар/рубль жұбы кеткелі рубль мен доллар арасында тікелей сауда-саттық жоқ. Рубльдің доллардағы нарықтық құны оның юаньмен арадағы саудасынан кейін, юань бағасына шағылатын кросс-курс арқылы беріледі. Кеше 1 доллар 96,27 рубльге дейін барды. Негізгі себебі, Қытайдың трансшекаралық транзакцияларда Ресей компанияларын юань бойынша қыса бастағанында және қыркүйек айынан бері басталған Қытай жаңа жылында болып отыр. Осылайша Ресейде юань тапшы бола бастады. Қытай жаңа жылдан (мерекеден) кеше ғана шықты және келесі аптадан бастап біршама юаньді Ресейге жеткізеді. Демек, келесі апта басында рубльдің құлдырауы тоқтап, сол 94 деңгейінде тұрақтай бастауы мүмкін.»

Сарапшының пайымдауынша, Үкіметке осы қазанда доллардың 490 теңге болып тұра тұрғаны тиімді. Себебі, биржада бір айдың ішінде 1,4 млрд доллар ауыстырғанда теңге бағамынан ұтады.

Сарапшының сөз соңында түйгені: «Доллар сатып алуға асықпаңыздар»

t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

09 Oct, 11:45


Зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қоңырау түссе – СЕНБЕҢІЗ!

Алаяқтар бұл «бүйірден» де соққы беріп жатыр.

Салымшыларға (ол – біз ғой) Қор қызметкері болып қоңырау шалады екен. Сіз тұтқа көтерген бойда «зейнетақы аударымдарыңыз қате жасалған» деп алдайтын көрінеді.

Сосын оны «шешу» жолдарын ұсынады: «Қордың бөлімшесіне бару қажет, бірақ алдын ала кезек алып қоюға электронды бронь қою керек, соған телефоныңызға SMS арқылы келген талон нөмірін айта қойыңыз...» деп код сұрайды.

Егер сіз аңғалдық танытып, бейтаныс адамның айтуымен телефоныңызға келген кодты айтып қойсаңыз, онда алаяқтар сіздің банктегі шоттарыңызға және жеке деректеріңізге оп-оңай қол жеткізе алады.

Түйін: БЖЗҚ қызметкерлері азаматтарға қоңырау шалмайды!

Қалай қорғана аламыз?

Тағы бір еске алып жіберейік:

📌 Телефонға келген кодты, болмаса, құпиясөзді ешкімге, еш уақытта да айтпаймыз.

📌 Ақпаратты ұйымның тек ресми арналарынан тексереміз.

📌 БЖЗҚ мәселесінде тек Қордың өзіне (call-орталығына) хабарласу керек.

Айналамызда осындай қитұрқы әрекеттер болып жатқанын жақындарыңызға айта жүріңіз. Шама келсе, бұндай мәліметті бөлісіп қойған да артық етпейді. Сіз бен біз секілді олар да қорғанып жүрсін.

БЖЗҚ-ның байланыс орталығы: 1418. Қоңырау шалу тегін.

t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

08 Oct, 11:31


🚘 Енді көлік сатып аларда оның қанша иесі болғанын біле аласыз

«Қалай, қайдан?» деген сұрақ туады. Әрине, egov.kz-тен. Портал көлік «тарихын» тексеруге мүмкіндік беретін сервисті іске қосты.

Оны пайдалана білсеңіз, алар көлігіңіз жайлы көп ақпаратты қолға түсіресіз. Әрине, бұл қызмет клиентті көптеген проблемадан сақтайды.

🚘 Ол үшін бізге не керек?

Егер сіз сатып алушы болсаңыз, көздеген көлігіңіздің «сырын» білу үшін сатушыдан машинаның мемлекеттік нөмірін және техникалық паспорт нөмірін сұрату қажет болады. Порталдағы жаңа қызмет «Көлік тарихы» деп аталады. Ол сервис мына ақпараттарға жол ашады:

▫️автомобиль маркасының атауына;
▫️шығарылған жылына;
▫️қозғалтқыш көлеміне;
▫️шанақтың түсіне және қосымша орнатылған жабдықтарға;
▫️көліктің ҚР аумағында алғаш тіркелген күніне;
▫️меншік иелері туралы дербес деректерсіз алдыңғы қожайындардың жалпы санына (автокөлікті қайта тіркеу күндерін санау арқылы);
▫️көліктің кепілде болуына немесе «обременение» берілуіне.


🚘 Көлік туралы ақпарат алу үшін:

🔹 eGov.kz порталына кіресіз;
🔹 «Көлік тарихы» сервисіне өтіңіз;
🔹 «Автомобильдің мемлекеттік нөмірін (МТНБ)» және «Автокөлік құралын тіркеу туралы куәліктің нөмірін (КҚТК)» енгізесіз.


🚘 Вуаля! Көлік туралы ақпарат көз алдыңызда!

t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

08 Oct, 07:35


КАРДИНГ

Бұл сөзді естуіңіз бар ма? Банк картасына қатысты жасалатын алаяқтықты айтады. Ол жағынан да қылмыстың неше түрі бар екен. Оның бәріне «басы жеткен» алаяқтарға да еріксіз таңдай қағасың. Бұл туралы біліп жүру керек. Әйтпесе, алаяқтардан қорғану қиын болайын деп тұр.

Жұрттың карта деректерін ұрлаумен айналысатын адамды «кардер» дейді екен. Кардинг сөзі содан шыққан. Сіз қанша жерден карта деректеріңізге сақ болсаңыз да, онлайн-сауда трендке айналған цифрлы заманда қауіп бәрібір болады. Одан біз оңайлықпен қашып құтыла алмаймыз.

Мысалы, киноға онлайн билет сатып аламыз, үйге пицца алдырамыз, интернет арқылы тапсырыс беріп, тамақ алып жейміз, түрлі қызмет пен тауар ұсынатын маркетплейстер арқылы сауда жасаймыз. Осының бәрінде төлем жүргізу үшін карта деректерімізді түгел қолдануға мәжбүр боламыз.

Былай қарасаң, қызметін/тауарын қолданатын компаниялардың бәрі өмірде бар, ресми сайты жұмыс істейтін заңды тіркелген ұйымдар. Біз оларға сенеміз. Ал, кардингпен айналысатын зұлымдар сол компаниялардың сайтына шабуыл жасап, базасындағы деректерді ұрлайтын болса, онда бәріміздің де карта деректеріміз алаяқтардың қолында кетті деген сөз.

Сол құпия мәліметтерді қолына түсірген кардерлер, әрине, біздің ақшамызды оңай басқарады, сыртымыздан сауда жасай алады деген сөз. Сондықтан, цифрлы заманда зұлымдық ойлаған қаскөйлер сіз бен бізді жан-жақтан қысып тұрғанын сезіне білуіміз керек.

Кардер банк картасының деректерін қалай ұрлайды?

Кең таралған бірнеше түрі бар екен. Атап айтсақ:

Фишинг. Өзін банк немесе қандай да бір қаржы ұйымының өкілі ретінде таныстыратын кардер өз құрбанына фальшивті электронды хат немесе SMS-хабарлама жіберіп, жеке деректерді толтырып жіберуді сұрайды, оның ішінде, әлбетте, банк картасының да деректері сұралады.
Скимминг. Скиммер деген – қондырылмалы арнайы құрылғы. Алаяқтар оны, әдетте, банкоматтарға немесе төлем терминалдарына жалғап, картаның магниттік жолағында тұратын мәліметтерді ұрлайды.
Деректер базасын бұзу. Жоғарыда жазғанымдай, кардерлер онлайн-дүкендердің, түрлі қаржы ұйымдарының деректер базасына шабуыл ұйымдастырады. Мақсаты анық – клиенттердің карта деректерін ұрлау.
Деректерді сканерлеу. Ол үшін де арнайы құрылғы болады. Оны алаяқтар адам көп жиналатын қоғамдық орындарда пайдаланып қалуға тырысады. Сымсыз жұмыс істейтін ол құрылғы да банк қартасының магниттік жолағында тұрған деректерді сканерлеп алу арқылы ұрлауға мүмкіндік береді. Құрылғы сканерлеп жатқанын біз әсте сезбей қаламыз.
Вирусты бағдарламалар. Иә, кардерлер компьютерге/смартфонға орнатылатын арнайы бағдармалар жасайды. Егер ол вирус сіздің құрылғыңызға түсетін болса, онда сіз онлайн-сауда кезінде көрсеткен деректеріңізге алаяқтар да иелік етті деген сөз.

Ашық дереккөздерден ұққаным, «кардинг» деген ұғымның өзі электронды коммерция пайда болған 90-жылдардан бері бар екен. Әрине, ол кезде дамыған елдерде жұмыс істеген интернет-дүкендердің өзі алаяқтардан қауіп күткен жоқ.

Бірақ, сонда да олар кардерлердің кесірінен талай жапа шекті. Ол уақытта сайттар HTTPS протоколымен жұмыс істейтін. Яғни, онлайн-сауданың транзакциялары банктердің арнайы қорғалған шлюздері арқылы кештетіп орындалатын.

Соны «сәтті» пайдалана білген әккілер өмірде жоқ адамдардың атына жалған банк карталарын «клондап», сауда жасаған. Алатын тауарын/қызметін алып тайып отырған. Ал, сатушылар алданып қалғанын айдың соңында бір білген. Тауар үшін түсу керек ақшаны банктен сұратқанда өмірде ондай адам жоқ екенін және алаяқтар олардың атына жалған карта ашып, өтірік деректермен тақырға отырғызып кеткенін кеш білген.

Әлемде Aite Group дейтін зерттеу компаниясы бар екен. РБК агенттігінің деректерін қарап отырсам, 2020 жылы олар зерттеу жүргізгенде кардинг кесірінен АҚШ банктері 11 млрд доллар шығынға батқанын анықтаған. Жағдай солай.

t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

07 Oct, 10:43


«Отбасы банк» маңызды өзгеріс туралы хабар таратып отыр.

Келер жылдың (2025) 1 қаңтарынан бастап банктің төлем терминалдары арқылы депозит толықтыра алмайсыз және кредит өтей алмайсыз. Банк бұл төлемдер үшін өз терминалын пайдалануды тоқтатады.

«Бұл шешім процестерді оңтайландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қабылданды», деп жазылған ресми мәліметте.

«Отбасы банк» өз клиентіне қандай балама арналарды ұсынады?

Банктің шешімі бойынша, мына тәсілдердің бірі клиентке депозитті толықтыруға немесе кредитті өтеуге қолайлы болады:

📌 Halyk Bank, CenterCredit, Еуразиялық банктің терминалдары мен банкоматтары;

📌 Kaspi Bank, Halyk Bank және CenterСredit Банк интернет-банкингі арқылы;

📌 "Қазпошта" АҚ бөлімшелерінде.


Мына банктердің мобильді қосымшалары арқылы:

🔸 Otbasy Bank lite;
🔸 Jysan Bank;
🔸 Еуразиялық банк;
🔸 ForteBank;
🔸 RBK Банкі;
🔸 Bereke Bank;
🔸 Kaspi bank.


Қосымша сұрақтарыңыз болса, 300 нөміріне қоңырау шала аласыз.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

01 Oct, 06:25


Зейнетақы жарнасы уақытылы түспесе, еңбек өтіліңіз есептелмейді

Бұл, әсіресе, жеке секторда жұмыс істейтін азаматтар үшін өте маңызды мәселе.

Мысалы, сіз жеке шаруашылықта жұмыс істейсіз, бірақ ауызекі тілде айтсақ, «пенсионкаңыз жүрмейтін» болса, онда сол жұмыс орнында қанша жыл еңбек етсеңіз де, ол және еңбек кітапшаңызға жазылса да, зейнет жасына келгенде ол мерзімнің «құны» болмайды.

Иә, тұрақты айлығы үшін ғана азамат бір жерде 10 жыл жұмыс істеуі мүмкін. Бірақ жұмыс орны (көбіне жеке шаруашылықтарда) жұмысшының ай сайынғы зейнетақы жарнасын төлемейді. Ертең ол азамат зейнеткерлік жасқа келеді, үкіметтен алатын «пенсиясын» түгендей бастайды. Сол кезде ойлауы мүмкін: қолымда еңбек кітапшам бар, жылдар бойы тыным таппай еңбек еттім, зейнетке келдім, енді алатын зейнетақым мол шығуы керек деп.

Мәселе осы жерде туындайды екен. Өйткені сіздің жұмыс берушіңіз де, өзіңіз де зейнетақы жарнасын төлеп отыруға құлық танытпадыңыз. Сол жарна төленбеген жылдардың барлығына сізге зейнетақы есептелмейді. Сонда еңбек өтіліңіз «далаға кетті» деген сөз.

Біз осы мәселе төңірегінде «БЖЗҚ» АҚ өкілі Мұрат Шәріповпен сөйлескенбіз. Сонда сала маманы Қазақстан азаматтары осы мәселеге дұрыстап ден қою керек екенін қадап айтты.

Көптеген азаматтарымыз «қазір жұмыс істеп жүрмін, еңбек өтілім жүріп жатыр» деп ойлайды. Бірақ ол жаңсақ пікір. Өйткені 1998 жылдан бастап азаматтардың зейнет жасына шыққанда есепке алынатын өтілі – зейнетақы қорына тиісті жарналық төлемдер түскен сәтте ғана есептеледі. Сондықтан еңбек кітапшасына құр сене бермегені дұрыс. Осыған өте мұқият болу керек. «Мен соңғы 3 жылда мына жерде жұмыс істедім. Міне, еңбек өтілім бар» деп еңбек кітапшасын көрсетіп жатады. Бірақ зейнетақы қорына түсуі керек міндетті жарнасы жоқ. Сол үшін зейнеткерлік жасқа келгенде ол еңбек өтілі есепке алынбайды. Сондықтан жеке шаруашылықта еңбек етіп жатқан азаматтарымыз уақытылы ай сайын зейнетақы жарналарын өтеп тұрғаны жөн.

Цитата аяқталады. Өзіңізді жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер болсаңыз да, осы жағын реттеп қойыңыз. Ай сайынғы табысыңыздан міндетті зейнетақы жарнасын төлеп отырған – өзіңіз үшін жақсы. Құр еңбекке, жарнасыз қалған жылдарға сеніп отыра бермеңіз. Қамданыңыз. Әдемі қартаюға да әдемі дайындық керек екен. Біз соны түсіндік.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

26 Sep, 08:24


Зейнетке шыққан соң қанша зейнетақы алғың келеді?

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, оны қазірден ойлап қою керек екен. Иә, күні ертең қанша зейнетақы алғың келетіні – сенің бүгінгі шешімің мен қазіргі әрекетіңе тікелей байланысты болып шықты. Өткенде ORDA FM радиосындағы «Қаржылық сауат» хабарына «БЖЗҚ» АҚ өкілін шақырғанбыз. Астана қаласындағы филиал директоры Мұрат Шәріпов мырза көзімізді ашып, келешек зейнетақымызды бүгіннен жоспарлау керек екенін айтып кетті.

«Өй, мемлекеттің бергенін алармыз, не өзгерер дейсің, ертең қанша пенсия алатыным – қазіргі айлық табысқа байланысты ғой» деп ойлайтын болсаңыз – ҚАТЕЛЕСЕСІЗ. Өйткені зейнетақы шотымызда жиналып жатқан жинақтарымыздың ТЕҢ ЖАРТЫСЫН біз инвестициялық портфельді басқарушы жеке компанияларға бере аламыз! Жалпы, мұндай мүмкіндік былтыр беріліп қойған. Бірақ, сезуімше, көп адам бұл іске келгенде әлі енжарлық танытып жүр. Ал, оның пайдасын түсінген жұрт жинағының жартысын қазірден жеке компанияларға тапсырып қойып жатыр.

«Соңғы 1 жылдың қорытындысы бойынша, инвестициялық компаниялардың кейбірінің табысы Ұлттық банктің басқаруынан жоғары болып тұр. Жалпы, Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын біраз жылдан бері басқарып келе жатыр. Портфель – үлкен. Мысалы, 5 жылға салып қойған құнды қағаздар болса, ол қағаз жабылғанша күтеді. Ал басқарушы компаниялар ақшаларды бүгінгі нарықтың талабымен инвестициялап жатыр. Олардың өз стратегиясы бар. Жоспарлары да заманауи. Сол себепті ол компаниялардың инвестициялық кірісі де жоғары болып тұр» дейді «БЖЗҚ» АҚ өкілі Мұрат Шәріпов.

Енді СЕНІМ туралы. Жекенің қолына ақшамызды қалай беріп қоямыз деген ой тууы мүмкін кез келген адамда. Оны да сұрадық. Сол кезде спикердің жауабы былай болды:

«Азаматтардың жекеменшік компанияға деген қорқынышы болады. Бірақ, біз нарықтық экономикаға көштік қой. Жекеменшік компаниялардың өзі кейде мемлекеттік компаниялардан да асып түсіп жатады. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар. Осы Агенттіктің қадағалауымен инвест-портфельді басқарушы компаниялар лицензия алады. Және ол компаниялардың нарықта қызмет еткен тәжірибесі көп. Ол да есептеледі. Егер ол компаниялар біздің зейнетақы жинағымызды басқару кезінде шығынға бататын болса, онда өздерінің жеке капиталымен жауап береді. Ондай жауапкершілік келісімшартта жазылған.»

Енді компаниялар туралы. Кімдер олар? Неше компания бар? Біз ол жайында бұған дейін де жазғанбыз. Ол жайында «Қазақстандықтар зейнетақы жинағын өз бетінше басқара алады» атты материалымызда оқи аласыз – https://t.me/qarzhylyq_sauat/51

Бұл тақырыптан не түсіндік? Спикер Мұрат Шәріповтің айтуынша, азаматтың өз зейнетақысын жастай жоспарлауы – дүниежүзілік тренд. Қазақстан да соған келе жатыр. Яғни, сіз бен біз жинақ шотымыздағы зейнетақымыздың бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беріп, табысымызды арттыра аламыз деген сөз. Және оны кейінге қалдыра берудің де жөні жоқ секілді. Соны қазір қолға алып, инвестициялық басқарушы компанияның біріне ақшамызды салып қойсақ, болашақ зейнетақымызды көбейтуге мүмкіндік алады екенбіз.

Ең бастысы, әр азамат өз бетінше шешім қабылдауы керек. Егер жинағының бір бөлігін жеке компанияның біріне беруге ниет етсе, ол туралы ізденіп, оқып, салыстырып, инвест-табысын талдап, сосын барып шешім қабылдауы керек. Айтпақшы, жақында ғана naryk.kz порталында «Зейнетақы активтерін басқаруда биыл қай компания көшбасшы?» деген материал жарық көрді. Оған да көз салып қоюға болады.

Иә, қызық болса айта отырайын, мен де бүгін enpf.kz сайтында жинағымның бір бөлігін басқарушы компанияға беруге өтініш жолдап қойдым. Ешқайда барудың қажеті жоқ екен. ЭЦҚ арқылы өз жеке кабинетіме кіріп, «Қызметтер» бөліміне өтіп, өзіме қатысты жеке адрестік деректерді өңдеп/түзетіп/жаңартып, компанияның бірін таңдап, оған қанша ақшамды беретінімді көрсетіп, өтінім бердім.

Енді 1 жыл жұмысын сырттай бақылам көремін. Егер ол компанияның табысы мардымсыз болса, онда басқа компанияға ауыстыруға өтініш берем, болмаса, сол, әдеттегі, Ұлттық банктің басқаруына қайтарып алам. Оған толық мүмкіндік бар.


https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

19 Sep, 13:09


«Антифрод орталығы» сіз бен бізді алаяқтан қалай қорғайды?

Алаяқтар заманға қалай тез бейімделеді? Алдауды қалай үйреніп, технологияның тілін қайдан меңгереді? Кімдер олар? Қалай қорғанамыз? «Антифрод орталығы» біздің құтқарушымыз ба?

Ұлттық банк шілде айында «Антифрод орталығын» іске қосқанын жаздық. Бұл орталықты қалай елестетуге болады? Ол ұйым ба, мекеме ме? Қайда орналасқан? Әлде компьютермен жабдықталған серверлік орталық па? Қалай жұмыс істейді? Алаяқтық әрекеттерді қалай анықтайды? Бізді қалай қорғайды?

ORDA FM радиосында апта сайын тұрақты шығып тұратын «Қаржылық сауат» хабарына Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжанды шақырып, осы сұрақтарды қойғанбыз. Біліп жүретін біраз пайдалы мағлұмат алдық. Сол әңгімемізді «қағазға түсіріп», сіздің де назарға ұсына отырайық деп шештік.

Ұлттық банк өкілінен «Антифрод орталығы» қандай да бір транзакцияның күдікті операция екенін қалай тануы мүмкін деп сұрағанбыз. Жауабы былай болды:

– Мысалы, бір зейнеткерді алайық. Банктік есепшоты бар, карточкасы бар. Оған ай сайын зейнетақысы түсіп тұрады. 100 мың теңге дейік. Сол ақшасынан 30-40 мың теңгені зейнеткер ай сайын тамағына жұмсайды. 10 мың теңгесін депозитіне аударып отырады. 20 мың теңгесін коммуналдық төлемдерге аударады. Қалған ақшасын анда-мұнда жаратып отырады. Осы есепшот арқылы ақшаның бір айдағы айналымы 100 мың теңге көлемінде екенін банк те көріп тұрады. Енді қараңыз, сол есепшоттан бір мезетте бәленбай миллион ақша кредит рәсімделіп, ол басқа бір шотқа аударылып жатса, әрине, бұл күдік туғызады. Неліктен жылдар бойы шоттағы «қозғалыс» қалыпты болды да, ондағы ақша айналымы бір мезетте артып, «тып-тыныш» жүрген зейнеткер белсенді болып кетті? Күдікті күшейтетін жағдай. Міне, осы мәселелер толық анықталғанша, құзырлы органдар бұл операцияны уақытша болса да бұғаттап қояды. Сол кезде есепшотқа түскен ақшаны ешкім шешіп ала алмайды.

Сұхбаттың толық нұқасын «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» жобасының өз сайтынан оқып шығуға болады — https://qsauat.kz/2024/09/19/antifrod-ortalygy-alaiaqtan-qalai-qorgaidy/

@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

19 Sep, 06:37


Біріккен Ұлттар Ұйымы Ұлыбританияға жұмысқа кеткен қазақстандықтардың алаяқтарға алданып қалғанын қаламайды

Сол үшін алаяқтардан қалай қорғану керегін түсіндіріп беруге ықылас танытып отыр екен. Себебі, әдетте, «өтірік» жұмысқа орналастыру үшін жұрттан ақша талап ететін алаяқтар бар.

БҰҰ-ның миграция жөніндегі өкілі Астанадағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келіп, қорғану жолдарын түсіндіріп бермек.

Оларды қалай танып-білу керек? Дезинформациядан қалай сақтануға болады? Қауіпсіз жұмысқа қалай орналасқан дұрыс, оның жолын қалай таңдау керек?

Бұл шараға журналистер көбірек барғаны дұрыс. Жан-жақтан жазып, білген-түйгенін халыққа ұсынса, көп адамның көзі ашылары хақ. Өте маңызды әрі қызықты тақырып.

Қайда өтеді — Астанада
Мекенжайы — Республика даңғылы, 34
Қашан — бүгін, 19 қыркүйекте
Уақыты — 15:00.


@qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

17 Sep, 09:47


Аялдамада автобус күтіп тұрған елулердегі келіншекке бір жас жігіт: «амансыз ба, қалдарыңыз қалай, ағам қалай?» деп жабыса кетеді. Алыстау бір жамағайынымның баласы ма деп келіншек «жақсы-жақсы, ағаң үйде» дегендей әңгіме айтады.

«Мені танымай тұрсыз, мен де шегараның арғы бетінен келгенмін. Бәленшенің баласымын» деп лыпылдайды. Ол бәленшені есіне түсіре алмаса да келіншек еш күдіктенбестен әлгімен ақтырала сөйлесе береді.

Әлгі бір жеке қойманы жалға алып, кәсіп бастағалы жатқанын, қарауыл болатын адам керектігін айтады. «Ағам бос болса, істесін, ақысын жемеймін» деп зуылдатады.

Сөйтіп екеуі телефон алмасады. Әлгі қу келіншектің күйеуімен кездеседі ертеңіне. Келісімшартқа отырайық деп бір нотариустың алдына жетелеп барады, бірақ ішке кіргізбей, сыртта күттіртеді. Өзі кіріп-шығып жүріп еңбек келісімшарты секілді бір қағаздарға қол қойғансиды.

Банктің мобильді қосымшасынан куәлігіңнің эл.варианты керек дейді, ойда түк жоқ, ана кісі телефонынан ашып береді, сол тұста анау осы жерден көрсете салайын деп телефонын алып нотариусқа кіріп кетеді.

Сонан жоқ, басқа есіктен шығып ізім-қайым жоғалған. Баласын танушы едім, шыр-пыр боп жүр. Бүгін барып біліп келді, банктен 1,5 млн теңге несие алып кетіпті...

(с) Есболат Айдабосын

https://t.me/qarzhylyq_sauat

🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ

16 Sep, 12:16


Енді кредит алудан шексіз мерзімге бас тартуға болады

Бүгін eGov.kz порталы осы қызметті іске қосты. Бұған дейін 6 айға дейін ғана шектеу қоюға болатыны айтылған еді. Енді ондай уақыт қойылмайды. «Кредит алудан бас тартамын» деп өтініш беріп қоясыз, сосын нақты бір шаруаға кредит алғанша алаңсыз жүресіз. «Сыртымнан біреу кредит рәсімдеп жібермей ме екен» деп уайымдамайсыз.

Бұл – түрлі алаяқтық схемалардан қорғануға жақсы тәсіл. Бұны, әсіресе, 18-ге толған баласы бар ата-аналар ойлағаны дұрыс. Өйткені дәл осы жастан бастап Қазақстанның әр азаматы кредит ала алады.

Әдетте, бұл уақытта кәмелетке толған бала – студент. Барлығы бірдей өз мәліметтерін, жеке деректерін қорғай алмай, тіпті, алаяқтарға да алданып, сеніп қалуы мүмкін. Я болмаса, ақшалы болудың оңай жолы деп банктің, әсіресе, микроқаржы ұйымдарының проценттік ставкаларынан көп хабары жоқ болса да, өз бетінше шешім қабылдап, кредитке жүгіне беруі мүмкін. Ер балалар жағы бұзақылардың қысымымен еркінен тыс кредит алуы мүмкін. Бұның бәрі – «риск».

Енді осының бәрінің алдын алуға болады. Балаңызға немесе өз атыңызға қаскөйлер сырттай кредит рәсімдеп жібермес үшін кредит алудан бас тартып қоюға болады. Сервисті азаматтың өзі ғана пайдаланып, өтінім бере алады. Кейін бұл шектеуді кез келген уақытта алып тастауға болады.

Қызметті алу үшін:

📌 eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Кеден және салықтар» бөліміне кіресіз;
📌 тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдайсыз;
📌 бос жолақтарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоясыз;
📌 қызметтің нәтижесін «Жеке кабинеттен» көре аласыз.


Шектеуді алып тастау үшін:

📌 «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдайсыз;
📌 «Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «Иә» деп жауап бересіз де, ЭЦҚ-мен қол қоясыз.


https://t.me/qarzhylyq_sauat