•
Діни •
208 бет •
📈 •
09.12.2024Сахих хадистерде “Менің үмметім 73 ағымға бөлінеді — біреуінен басқасы тозақта” делінген. Ол дегеніміз пайғамбар (с.а.у) және сахабаларының жолын ұстанғандар, яғни әһлі сунна уәл-жәмаға ғана жәннатқа кіреді екен. Тура жолдан тайып кетпес үшін шама-шарқымыз жеткенше Аллаһты дұрыс танып-білуіміз қажет. Ең бастысы, ақидамыз (сеніміміз) дұрыс болуы керек. Имам Әбу Жағфар Тахауи ақидасымен жүретін болсақ, адаспайтынымыз ислам ғұламалары арасында бір ауыздан келісілген.
Ұсынылып отырған кітап имам Тахауидің "Ақида әл-Тахауия" түсініктемесінің аудармасы. Оқу барысында Тахауи сеніміндегі барлық мәселелер Құран және хадиспен, логикалық дәлелдермен бекітілгеніне куә боламыз. Түсінікті және өте жақсы аударылған екен. Жарыққа шыққанына енді 1 ай болыпты. Дініміздегі қиын болып көрінген, талас-тартыс тудыратын мәселелер жеңіл ашылған. Сіз бен біз секілді қарапайым оқырман да түйсініп, ұға алады.
Шархты оқып отырып, менде бір ғана сұрақ туындады. Әлмисақта Аллаһ тағала “Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?” дегеніне біз “Иә, әрине. Сен біздің Раббымызсың” деп куәлік еттік. Болды. Табиғат ағайдың “әлмисақта әр адамға тағдыры көрсетіліп, кейін жадынан шығарылады” дейтіні жайлы ештеңе жазылмапты…
“Бұл кітапты кім және не үшін оқу керек?” деген сауалға Тахауи мәтінінің түсіндірмесін қазақ тіліне аударып, оқырманға тарту еткен Сырым Шакизада бауырымыздан артық ешкім жауап бере алмас:
————————————————————
«Шын мәнінде ең абыройлы да ардақты, саналы жаратылыс адам үшін усул әд-дин, яғни дін негіздері аса қажетті әрі өте маңызды білім саласы. Себебі мұнда әрбір ғылымның өзегі әрі барлық бақыттың қайнар көзі саналатын Алланы тану мәселесі қозғалған. Жын мен адамзат осы үшін жаратылған. Құрандағы «Мен жындар мен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» [51:56] деген аятты сахаба, тәржуман әл-Құран атанған ибн Аббас «Мені танып, білу үшін жараттым» деп тәпсірлейді. Бір бәдәуи араб сұрап келген кезде, пайғамбар ﷺ Оны, яғни Алланы тануды «ілімнің бастауы, өзегі» деп атаған. «Маған ілімнің көпшілік біле бермейтін сырларын үйретші», – деген бір кісінің өтінішіне Пайғамбар ﷺ одан ілімнің негізін сұрайды. Ол кісі: «Ілімнің негізі, бастауы не?», – деп сұраған сәтте, Алла елшісі ﷺ: «(Барлық) ілімнің бастауы – Алланы тану», – деп жауап береді.
⠀
Ілімнің қадір-қасиеті ондағы зерттелетін тақырыпқа байланысты. Алла Тағала күллі жаратылыс атаулыдан мәртебесі мен дәрежесі жоғары, ұлы болғандықтан, сәйкесінше Ол жайында терең білім алу, үйрену де өте маңызды әрі құрмет пен мақтау мадаққа ең лайықты ілім саналады. Бұл ілімді үйренбей, Алланы танымай ақыретте азаптан құтылуға яки биік дәрежелерге жетуге ешбір мүмкіндік жоқ.
⠀
Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығында дайындалған жаңа туындыда Әбу Жағфар ат-Тахауидың сенім мәселелеріне қатысты жазған мәтіндері талданады. Көпшілік мұсылман жұртшылығына белгілі болған бұл мәтінге қаншама ғасырлар бойы ислам ғалымдары тарапынан түсіндірмелер жазылып жатыр. Еңбекте ханафилік ғұлама Әкмәлуддин әл-Бәбиртидің түсініктемесі негізге алынып, қазақ тілінде ұсынылып отыр. Кітап дін мамандарына, докторанттар мен магистранттарға, студенттерге және ақида мәселелеріне қызыққан оқырманға арналған.
⠀
P.S Сіздер оқып шаршамасаңыздар, біз жазып шаршамаймыз»
————————————————————