💡🐴🐴🐴🐴🐴🐴🐴🐴🐴🐴
Көшпенді қазақтың киім үлгілері: дәстүр мен ерекшілік
📍Қазақ халқының ұлттық киімдері ғасырлар бойы қалыптасқан этникалық дәстүрлерге, табиғи-климаттық жағдайларға және көшпелі өмір салтының ерекшеліктеріне сай тігілді. Киім түрлері қолдану мақсатына қарай ішкі, сыртқы, сулық, сәндік және салтанат-ғұрыптық болып бөлінді.
🟢 Киім түрлері мен олардың ерекшелігі
Киімдер қолдану мақсатына қарай әртүрлі болды. Тұрмыста киетін күнделікті киімнен бөлек, той-думанға, ерекше жағдайларға арналған “бір киер” сәнді киімдер бар еді. Мұндай киімдер қымбат маталардан тігіліп, әшекейлермен безендірілді.
Қазақ салтында ер азаматтар жекпе-жекке немесе соғысқа барарда ең сапалы, таңдаулы киімдерін киген. Киімнің негізгі түрлеріне мыналар жатады:
• Ішкі киімдер: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей.
• Сырт киімдер: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем.
• Сулық киімдер (суықтан, желден, жаңбырдан қорғайтын): шекпен, қаптал шапан, кебенек, кенеп, сырттық.
Киім тігуге мәуіті, жүн, жібек, киіз және аң терісі кеңінен қолданылды.
🟢 Аң терісінен жасалған киімдер
Қазақтар аң терісін ерекше бағалаған, әсіресе құлан, ақбөкен, жолбарыс, жанат, бұлғын, сусар, ақ тышқан терілері сәнді әрі жылы киім тігу үшін қолданылды. Қымбат аң терісінен тігілген тондар “ішік” деп аталды.
Олар тері түріне қарай:
• бұлғын ішік,
• жанат ішік,
• қасқыр ішік,
• күзен ішік болып бөлінді.
Ішіктердің сырты шұға, мәуіті, барқыт, атлас, көк берен, қырмызы, торғын, ләмбек сынды бағалы маталармен тысталып, әшекейленді. Кейбір ішіктер оқалы, әдептелген, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы үлгіде тігілді.
🟢 Аяқ киім үлгілері
Қазақтың ұлттық аяқ киімдері де әртүрлі сәндік, тұрмыстық және қорғаныштық қызмет атқарды. Биік өкшелі, жарма қоныш, тіремелі, көксуыр, саптама, жұмсақ табан, үшкіл тұмсық, шоңқайма етіктер ең бағалы түрлері саналды. Сонымен қатар сырма киіз, ішетік, мәсі, шоқай, бұйық (етік сыртынан киілетін, жүні ішке қараған байпақ тәрізді аяқ киім) кең таралған.
🟢 Ұлттық киімнің дамуы
Қазақтардың көршілес халықтармен жүргізген сауда-саттығы ұлттық киім үлгілерінің көбеюіне ықпал етті. Орта Азия мен Қытайдан әкелінген қымбат жібек, мақта маталары ерекше сән-салтанатты киімдер тігуге қолданылды. XVIII ғасырдан бастап қазақ даласына орыс фабрикаларынан шыққан арзан маталар әкеліне бастады, бұл ұлттық киімнің алуан түрлі болуына мүмкіндік туғызды. Торғын, пайы, шағи, дүрия, бәтес, сусыма, лейлек, атлас, сұпы, шәйі сияқты маталардан желбіршекті жұқа көйлектер тігіліп, киім сәні өзгерді.
◾️Көшпелі қазақтардың киім үлгілері олардың тұрмыс-тіршілігіне, табиғи жағдайларға және этникалық ерекшеліктеріне бейімделген. Сәндік элементтері мен тігілу ерекшеліктері қазақ халқының эстетикалық талғамын, дәстүрге деген құрметін айқындайды. Бүгінде ұлттық киімдер қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі ретінде сақталып, сән әлемінде қайта жаңғыруда.
#көшпееділер #экономикасы #киім