Бесқарағайлықтардың рухын көтерген сүйінші жаңалық! Жерлесіміз Жамиля Баширова әлемнің ең қатал әрі суық континенті – Антарктиданың ең биік нүктесі Винсон массивін бағындырды. Бұл тек оның жеке жетістігі ғана емес, қазақстандық альпинизмнің халықаралық деңгейде танылуына қосылған үлкен үлес.
Жамиля Баширова – еліміздің мақтанышы, өзінің мықты ерік-жігерімен әлемнің көптеген биік шыңдарын бағындырған тәжірибелі альпинист. Алайда Винсон массивінің ерекшелігі – оның қатал климаттық жағдайларында. Мұнда ауа температурасы -30 градустан төмен, екпінді жел тоқтаусыз соғып, қардың қалыңдығы бірнеше метрге жетеді. Мұндай жағдайда шыңға көтерілу нағыз ерлік пен төзімділікті талап етеді.
Жамиляның бұл жетістігі Бесқарағай ауданында ғана емес, бүкіл Қазақстанда спортқа, әсіресе, альпинизмге қызығушылық тудыруы мүмкін. Оның ерлігі жастарға шабыт беріп, шыңдарды бағындыруға ынталандыратыны сөзсіз.
Аудан басшылығы мен тұрғындары Жамиля Башированы шын жүректен құттықтай отырып, оған жаңа жетістіктер мен биік белестер тілейді. Бұл жеңіс – Бесқарағайдың, жалпы қазақстандық рухтың биіктігінің белгісі!
Бесқарағай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
@besqaragaiaqparat