Смақов — бас бапкер , «Ақтөбе» маңызды шешім қабылдады, «Елім-ай» алып шабуылшы алды. ҚПЛ клубтарында маусым аяқталғалы бері не өзгерді?
Қазақстан Премьер-лигасының аяқталғанына бір айдай болып қалды.2025 жыл келе жатыр. Онымен бірге командалардың жақын арада өткізетін оқу-жаттығу жиындары келе жатыр. Сол жиындарды өткізбестен бұрын клубтар құрамын жаңартып, жыртықтарын жамап жатыр. Соның бәріне тоқталып, шолу жасап өтсек.
«Ақтөбеден» бастасақ, олар Қазақстан кубогін жеңіп берген украиндік маман Игорь Леоновпен келісімшартты созды. Кеше болса бір жарым жыл ойнап берген Дмитрий Бессмертныймен қош айтысып, ал бүгін Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Лев Скворцовпен келісімшартқа отырғанын ресми түрде хабарлады. Ол соңғы 2 жылда Ресейлік «Химки» мен «Шинник» сапында өнер көрсеткен еді.
«Елім-айға» келер болсақ, клуб басшылығы құрамды түбегейлі өзгертейін деді. Бірден Шина, Дмитрий Яшин және Рейес Уренья сынды үш бірдей мықты деген легионерлерімен қоштасты. Олармен бірге семейлік футбол түлегі Еркебұлан Нұрғалиевте кетті. Шабуыл шебін 30 жасар серб форварды Фейсал Муличпен толықтырды. Екі метрлі шабуылшы сыңғы 3 жылын Оңтүстік Кореяда өткізіп, ол жақта орташа есеппен 3-4 матч сайын гол соғып отырған. Сондай-ақ, бұл футболшы Екінші Бундеслига, Босния Премьер-Лигасы мен Бельгия чемпионатында доп тепкен еді. Стандарттарда көп көмегі тиетін және әуеден келген допты қақпаға дәл бағыттайтын ұзын бойлы шабуылшы Андрей Карповичке керек-ақ.
«Қызылжар» да өзгерістерден кенде емес. Глеб Валгушев пен Тоқтар Жаңғылышбайды команда қатарына қосып, шабуыл шебін күшейтіп жатыр. 19 жасар шабуылшы Петропавлдық команданың түлегі болғанымен, қазір «Қайратқа» тиесілі. «Қызылжар» өз түлектерін солардан жалға алып отыр. Жаңғылышбайға келсек, жасы небәрі 31-де болса да бұл оның мансабындағы 11-ші клуб. «Елім-ай», «Атырау», «Жеңіс» пен «Тұран» секілді клубтардан басқа клубтардың барлығында ойнап шықты. Осы жылы ол «Қайсар» сапында 15 ойында 1 ғана гол соққан еді. Сосын, «Қызылжарға» соңғы екі маусымда «Жеңіс» сапында ойнаған Артем Черединов оралды. Жартылай қорғаныс шебіне петропавлдықтар Арсен Буранчиевті алыпты. «Жеңістен» жақсы жаңалықтар әзірге естіп жатқан жоқпыз. Клуб Бауыржан Байтананың командадан кеткенін хабарлады. «Ақ-қызылдар» сапынан жиі көрініп жүрген жерінен «Жеңіске» барып неге орын таба алмағаны түсініксіз. Ол келген соң клуб 12 матч өткізді. Соның тек біреуінде ғана 34 минутқа алаңға шыққан еді. Сондай-ақ, Денис Гречихо мен Владислава Прокопенконы жалға алған мерзімдері аяқталды. Беларусь жартылай қорғаушысы отанына, яғни «БАТЭ-ге» қайтады, ал қазақстандық шабуылшы «Астанаға» тиесілі.
«Тұран» да әзірге командаға ешкімді ала қойған жоқ. Дегенмен, бас бапкер Ринат Алюетовпен клуб қош айтысқанын жариялады. Өзінің мансабын бұл кісі «Каспийде» жалғастыруға тиіс еді. Ақтаулық клубтың пресс-қызметі асығып қойған болуы керек, Instagram желісінде бұл туралы жарияланған постты жойып жіберіпті.
«Жетісу» де бапкерін ауыстыруды жөн көрген екен. Бас бапкер Қайрат Нұрдәулетовтің орнын Самат Смақов басатын болыпты. Бұл оның Премьер-Лига командасын алғаш баптауы. Бұдан бұрын ол «Елім-айды» Бірінші лигада баптаған. Одан кейін «Ордабасының» бапкерлік штабында жұмыс істеген болатын.
«Окжетпес» пен «Ұлытаудан» әзірге хабар жоқ.