Jurek dapteri

@jurekdapteri


Жүрегімді оқы

Jurek dapteri

12 Oct, 11:01


Қар,
сенің жауа салғаның қалай тым ерте,
Қазанға ауа салғаның қалай тым ерте?..
Сағынып жүрген бір кұрбым менің болмаса,
Сағынып әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке!

Менің де бұрын танылғым келген тым ерте,
Сөрелерден де табылғым келген тым ерте,
Танысып қалған кұрбыжан ғана болмаса,
Танып та әлі үлгерген жоқ қой бұл өлке!

Екеуміздің де тілегіміз бұл көп күннен,
Көп күннен: ой да, қуаныш, мұң да шектірген.
Ұшқындап жауып, алақандарда ерідің,
Ұшқындап жазып, жүректерде еріп кеттім мен!

Ерлан Жүніс

Jurek dapteri

06 Oct, 15:12


Кейде, баяғыдай мейірімді де сияқты паң Қалам!..
Ал, қандастарым қазақша сөйлесе кетсе, таң қалам!
Сөйтуші еді алпыс екі тамырым арсыз қозарда!
Таң қалатын болдым, бір әдепті саудагер тұрса да базарда!

Ести қалса біреуден риясыз күлкіні,
жүрегім талып та қалар бір күні!
Көңілім абдырап, берген сәлемінен-ақ шынайы,
таңырқап қалатын болдым, 
біреу келсе үйіме: "Қонақпын - деп, - құдайы"!

Қырық құбылып мінезімдегі ізгі өлшем,
Кәдімгідей қысылып та қалатын болдым, 
бір ұялшақ қыз көрсем!
Дүниеден қайтқан кезінде семсер-Ер,
Аңырайып та қалам, 
"Ой, бауырым!-дап біреу келсе егер!..

Улы сезімге шүпілдеп тұрғанда шер-кесем,
Таң қалам, әкім де әкіреңдемей сөйлесе!
Таң қалам - әр маусым да өз қасиетімен көрінсе!
Бұл әлем мүлде өзгеріп кеткен секілді менімше?!...
Әйтеу, мен қазір жылт еткен жымиысқа да таң қалам!
Оңбаған!..

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Jurek dapteri

05 Oct, 06:57


Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған, Жылап кеткен.
Жаз өтті, жаймашуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар,
Біздерге өткен күнін іздетеді.
Жас едік бір күлгені мың қаралық,
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қорытынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты.
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда,
Ынтығып оянасың күнге жарық.
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға,
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз...
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

Есенқұл Жақыпбек

Jurek dapteri

24 Sep, 08:45


Сен жаймаған дастарханның үстінде,
Сен құймаған шәйді қанып іштім де,

Сен жумаған киімімді кие сап,
Сен тумаған құлынымды сүйе сап,

Сен кірмеген есікті ашып, жай басып,
Сен мінбеген көлігіме жайғасып,

Сен жүрмеген сан жолдарды шиырлап,
Сан жылдарым өте шықты құйындап.

Амалсыздан қоштасқанда өзіңмен,
Уақыт тоқтап қалғандай боп сезілген.

Енді есімді жия алмаспын дегенмін,
Енді ешкімді сүйе алмаспын дегенмін.

Өмірді өлшеп әсерімен сол сәттің,
Көзде бекер мөлдірепті моншақ мұң.

Сен біреуге иық тіреп менсіз де,
Мен біреуге сүйікті боп сенсіз де,

Хабарласпай, хат алмаспай, сөйлеспей,
Тіпті ол күндер жайлы жиі ой кешпей,

Екі жақта ғұмыр кешіп келеміз,
Екі айдында бөлек жүзген кемеміз.

"Уысында бола тұра бар ғалам,
Неге бізге мұндай тағдыр таңдаған?", –

Деп бірақ та жазғырмаймын Құдайды,
Маған қазір осы күнім ұнайды...

Қуаныш Қолқа

Jurek dapteri

03 Sep, 18:11


Мінеки, үт те зу ете қалды бөгелмей,
Алып шаһар тұр жасармай дағы, көнермей
Аяулы күндер көп болушы еді бір кезде,
Аяқталмаған өлеңдей.
 
Енді оралмайтын есіл кештерді көрмей қап,
Аяулы күндер көп әлі деймін мен бейбақ.
Жаз жылдам өтіп барады бұ жыл, ол жайлы
Ойланғың дағы, тіпті білгің де келмейді-ақ.
 
Тұрғынымыз біз баяғы жасыл көшенің,
Тыңдама жұрттың қағытпа, қаңқу, өсегін
Өтірік.
Жала.
Ол мүмкін емес! Сенбеңдер!
Жаз шынымен-ақ бітеді бір күн десе кім.
 
Сыршыл бақтарды бекерден-бекер мұңшыл ғып
Жаз бітеді деп неге біз ерте күрсіндік.
Қыс жылдан-жылға сұмдық суытып келеді,
Ол солай, рас.
Өкінішке қарай, бұл шындық.

Есенғали Раушанов

Jurek dapteri

03 Sep, 18:07


1987 жылдың басты оқиғалары

Көктем келіп тұр дүрілдеп,
Жалғыз өрікке “жадырашы енді, күнім” деп.
Бақытты болып үйренбеген ғой ол байғұс,
Қорқа береді дірілдеп.

Жүрген де жері жалын ба екен, от па екен,
Мәскеуден мәз боп оралды дейді көп көкем.
Аманхан пәтер алатын бопты, ой, тоба,
Орысшасы оның Олжасқа қалай жетті екен?

Малшынған малшы алтын да менен күміске,
Көктем дегенім – эпилог емес, кіріспе.
Ерке жеңешем егіз босанды (шамасы,
Ақылдың түк те керегі жоқ-ау бұл “істе”).

Мамыр ғой деймін, мамыр ғой мынау баяғы,
Қай тұсқа барсам, жолыма кілем жаяды.
...Тым бақытты боп кеттім бе, тәңірім, осы жаз
Не болар екен аяғы?!

Есенғали Раушанов

Jurek dapteri

03 Sep, 18:04


Көркем гүл көрсе қонақтай
Көбелек бекер мәз бопты.
Бөгелек қаққан торы аттай,
Бөгелмей өтіп жаз кетті.
 
Тағы бір жазға қысқарды,
Талайсыз ғұмыр тарығып.
Тағдыр дейтұғын мыстанды,
Жібіткен бар ма жалынып.
 
Бақ дейтін құсты қайтарып,
Қондырған бар ма қолына?
Өсер ме гүлдер жайқалып,
Тікенек біткен жолыма.
 
Қол-аяғымды тең шырмап,
Төбемнен кәрі төніп құз.
Қу мыстан ойнап, мен шындап,
Талай да жерге келіппіз.
 
Шынымен, тегі өтпей ме,
Қарғысы қайда, қайда ұшты?
«Шаршатсам, кешір» деп кейде,
Аяп та кетем байғұсты.
 
Өмірзая ұлмын мен де бір,
Төзімі құрыш көктемір.
Өгей шешенің өрмегін
Үзе қашатын жетпегір...

Есенғали Раушанов

Jurek dapteri

30 Aug, 20:07


Жалғыз ішу асыңды жанға ауыр ма,
отырғанда елестер қармауында?
Өткен күннің бір мұңы бар жүректе,
өткен күннің бір дерті бар бауырда.
Серіктерім: кітаптар, сезім, өлең,
теледидар, темекі, өзім, әлем,
Үйренісіп алғанмен осыларға,
үйренісе алмадым өзіме мен!
Түн – түйсіну, сезіну, күн – ой салу,
болмады оңай өзіме ұнай салу.
Жиылмаған төсекке кешкісін кеп,
қиын маған киімшең кұлай салу!
Бейімделгіш келгенмен пенде деген,
Түз аңындай сыясың бөлмеге әрең.
Маңдайдағы жазудың сиялары
таңдайыма тамады – кермек өлең…

Ерлан Жүніс

Jurek dapteri

07 Jul, 17:28


Қорқамын

(Сақташы, Құдай, ол қызды мұңнан,
Бар оның ізгі арманы).
Қорқамын сенің жалғыздығыңнан
Жанымда отырғандағы.

Сезім де терең тілсіз білінген,
Тыныштық - жанның арманы.
Қорқамын бірақ үнсіздігіңнен
Жанымда отырғандағы.

Жасқанба тіпті жылап қалудан,
Жұбату - жардың арманы.
Қорқамын сенің жырақтауыңнан
Жанымда отырғандағы.

Дәулет Жадырасын

Jurek dapteri

04 Jul, 19:13


О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Қармайсың бармақтардың астына,
Бір жымисаң жібітесің тасты да,
О, балалық, сен не деген бақытты ең!

...Жер-әлемге жайып тастап шуақты,
Бір алтын шар көтерілді күн атты.
Әйнектерде тұрып алды ол дірілдеп,
«Ертең» емес менің атым, «бүгін» деп.
Ұқсаң еді көңілімді сен менің –
Бүгін, бүгін, кеше неге келмедің?!...

Балалар да оянды, әне, оянды
Төсегінен ұстай тұрды «қоянды».
«Бұл қояным – көжек болып «өсед» деп,
Тұрды бірі саусағымен есептеп.
Содан кейін басталды ойын, кетті олар
Әппақ нанмен бірін-бірі кесектеп.

Конфеттер тұр кірпіш болып қаланған,
Терезеде «арғымақ» тұр жаранған.
Бала-жүрек әрі батыл, әрі аңғал,
Конфеттер тұр кірпіш болып қаланған.

Көк шыбықты мінбейді олар ат қылып.
Ойнайды тек «ракетаны» лақтырып.
Содан кейін жалықтырып бұл да оны,
Қулық ойлар құрбысына күлгелі.
Енді бір сәт: күй тыңдаймын, күй дейді,
«Аққу көлі» балетіне билейді.
Күн күледі – көтерілсе алтын шаң,
....Ей, нәресте, күнге талпын – талпынсаң!

Сыңғырлайды күміс жапырақ, салқын бақ,
Самал есті ақ әжедей аңқылдап.
Самал-әже асығады әрдәйім,
Нәрестенің сүю үшін маңдайын.
Мамалар да дүкен кезіп қайтады,
Оратып ап бір керемет «Чайканы».

О, балалық, сен не деген бақытты ең!
Күндемеймін, күндемеймін, қарағым,
Сендер жәйлі жазылған жыр парағын.
О, балалық, сен не деген бақытты ең!

...Кеуделерде тұтанса ойлар күркіреп,
Соның бәрі бір үміт пен бір тілек:
Балалардың ойынымен қолдағы,
Үлкендер де ойнамаса болғаны!

Жұмекен Нәжімеден

Jurek dapteri

02 Jul, 13:56


Jurek dapteri pinned «Көктем кешiктi Көңiл жабырқау. Көктайғақ Көше талдары көкке қол жайған көп бейбақ Көп керек емес Алматыға да, маған да Сәл ғана мейiрiм, аз ғана шуақ жетпейдi-ақ. Шаршаңқы көңiл, шашыраған ой тарыдай, Өтер ме екенбiз жылылыққа бiр жарымай. Қадекең кеттi…»

Jurek dapteri

02 Jul, 08:27


Жұрт мені ақымақ дейді
Көп күлетінім үшін, жаңбыр астында көп жүретінім үшін.
Олар білмейді жаңбыр тынатынын,
Сосын кемпірқосақ шығатынын.
Бұл менің кішкентай құпиям.
Жұрт мені ақымақ дейді.
Сол баяғы көп күлетінім,
Жаңбыр астында көп жүретінім үшін.
Олар білмейді
Себепсіз күлудің, жаңбыр астында жүрудің.
Тіпті суық тигізіп,
Жұмысқа бармай қоюдың бақыт екенін.
Бұл менің кішкентай құпиям
Мейлі жаңбыр тоқтамасын, бұлттар тарқамасын.
Қалтамда бір тал темекім бар.
Кел екеуміз жылытайық құшағымызбен мына жазды.
Жыласақ бірге жылайық
Күлсек бірге күлейік
Бірге жүрейік жаңбыр астында
Бірге шегейік сосын кемпірқосақты.

Серғазы Қайырболды

Jurek dapteri

01 Jul, 17:56


Бозбала күні сүйгені,
Жадынан ердің кетсін бе,
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!

Нәби де нəркес, жан нұрлы,
О, қайдан теңеу таппақпыз?!
Қызыл гүл - қыз тағдырлы,
Гүл тағдырлы аппақ қыз!

Сарғалдақ гүлді сүйгенсің,
Көктемі ме еді ол ойыңның
Алқызыл көйлек кигенсің
Жеткені ме еді ол бойыңның,

Сыйладым ақ гүл - достық па,
Алқызыл көйлек - қызғаныш?
Тағдырды ойша қостық па,
Аштық па жаңа біз ғарыш?

Жо-жо-жоқ, аңғал ой аз ба,
Сезімге сұлу арбалып,
Сүйіскен жоқпыз аязда,
Нөсерде жазғы қалмадық.

Есейе бердік ашылмай,
Есейген сайын жабыла.
Сары, қызыл қосындысындай,
Бір бояу сіңді жаныңа.

Сол бір түс маған тым бөтен,
Бейтаныс етті сені де,
Сол бір түс маған тым бөтен
Бейтаныс етті мені де.

Уақыт бәрін биледі,
Бәріне уақыт жетсін бе?
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!

Ерлан Жүніс

Jurek dapteri

11 Jun, 19:19


Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге.
 
Ұйықта, ұлым, ұйықта, бөпем, қасыңдамын,
Керек емес, дүние, асылдарың!
Бақыт, байлық - барлығы бір мен үшін,
Сенің бір кеп мойыныма асылғаның.

Аймалайсың жанымды күлкіңменен,
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.
He дейсің сен бұртиып, айтшы, сәулем,
Қытықтаған жүректі бір тілменен!
 
...Қандай ғана анадан туады адам,
Сәбилердің ұйқысын куалаған?!
О, тыныштық!
Тыныштық қандай рақат!
Қандай рақат сәбилер жыламаған!

Ұқсайды бар тыныштық жер бетінде,
Ұйқыдағы сәбидің келбетіне.
Кім болсаң ол бол, мейлің, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге!

Мұқағали Мақатаев

Jurek dapteri

02 May, 18:49


Дәл қазір...
тек басқа қалада,
Сен жайлы ойланды бір адам,
қалаға,
жымиған, жылаған,
дәл қазір арылған күнәдан,
дәл қазір күнәға бататын,
қарады ол:
сен жайлы ойланды,
терезе алдына байланды,
есіне түсірді жайдарлы,
кезіңді,
кезіңді жабыққан,
оның шын сүйерін жаңа ұққан
кезіңді,
кезіңді
сүйікті болудан жалыққан,
сүюге ұмтылған өзгені,
өзгеге арналған сөздерің,
өзгеге қараған көздерің,
мұңайтып тұрғанын сезбедің,
дәл қазір... тек басқа қалада,
сен жайлы ойланған адамды,
өзіңе айналған адамды,
өзіңе байланған жанарды...

Дәл қазір... тек басқа қалада...

Ерлан Жүніс

Jurek dapteri

29 Apr, 14:55


Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбі балдай-ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау.

Үри-ай, дәурен, үри-ай,
Үмітпен өткен дүние-ай.
Теректей басым теңселіп,
Терең бір ойлар еңсеріп.
Ұйқы да тұйқы сең соғып,
Ұйқысыз өткен түнім-ай.

Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның,
Білдірмей біреу жұлып жүр.
Өмірдің өгей пендесі-ай,
Өлеңнің шертіп қылын бір,
Өзіңді-өзің жылындыр.

Өткені-ай, бәрі өткен-ай,
Өмірдің жаз бен көктемі-ай.
Сары ала қаздар саңқылдап,
Сары ала күздің жеткені-ай.
Біреуге өзім ынтызар,
Біреулер маған өкпелі-ай.
Өткінші мынау өмірде,
Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.

«Аға» - деп барсаң ағаңа,
Ағаның көңілі көкте жүр.
«Бауыр» деп барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір.
Туысқанға - туа жат,
Жолдасыңа - жүре жат,
Менен де осы өтті өмір.

Қара тас сенен қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Қара жер сенен қорықпаймын,
Саған да жазда шөп шығар.
Айналайын ағайын!
Сендермен жерді бір басқан,
Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан.
Өмірі өлең жыр-дастан,
Менде де арман жоқ шығар.

Есенқұл Жақыпбек

Jurek dapteri

21 Apr, 03:43


​​Жанымда жүрші
Аласармайтын армандай асқар тауым боп,
Шілдедегі әппақ жауын боп.
Сенімен жүрсем –
Мынау жалғанда мен көтермейтін ауыр жоқ,
Бет қаратпайтын дауыл жоқ.

Сенсіз күндерім
Бұлыңғыр күнгі көңілсіз күңгірт екінді.
Сезбей-ақ күннің шуақ сәулесін, жұпар самалды не түнгі,
Өмір кешетін сонда да мәз боп өкінбей
Ойсыз байғұстар секілді…

Жанымда жүрші
Көңілімнің арай рауандап атқан таңы боп,
Кіршік шалмаған менің әжемнің ары боп.
Күйдіре түссін өзімшіл мына жүректі
Сендегі сөнбес жалын от.
Әйтеуір осы тірлік дегеннің мен үшін
Өзіңсіз ешбір мәні жоқ.

Фариза Оңғарсынова

Jurek dapteri

14 Apr, 17:16


Ағатай деуші ең, алғандай мені иемденіп,
Ағатай деуші ең, ағаңа мені тең көріп.
Сол ағаң сенің сергелдең болып жүр бүгін,
Сезімнің ақжал толқындарында тербеліп.
Аңқауым, саған аға етіп өмір қойды да,
Амалсыз сенің алданып келем ойныңа.
Абыржып тұрып адалдық жайлы ойлаймын,
Ағалап келіп асыла кетсең мойныма.
Ағаңда ғажап айтылмай жүрген сыр барын,
Аңқауым менің, әлі де ұқпай жүр жаның.
Ағалық менің ықыласымның артында
Аңқасы кепкен аңсаудың бұғып тұрғанын.
Албырап тұрып сендегі албырт гүл ерін,
«Ағатай» десең аунап бір түсер жүрегім.
Талайдан бері келемін сенің алдыңда
Айнытпай ойнап ағаның күнде ролін.
Аңқылдай берме, аңқауым, біреу күлсе егер,
Адамда, жаным, аз ба еді бүгін дүмшелер.
Арудың бәрі аңқау боп мәңгі қалмас па,
Ағаның бәрі ақжүрек болып туса егер.
Айтуға соны оқталып барып неше мың,
Алдыңа келсем Атымтай болып кетемін.
Адаспай тұрып айтуым керек шығар-ау,
Ағалығымның алдамшы қылық екенін.

Есенқұл Жақыпбек

Jurek dapteri

05 Apr, 15:22


Көктем кешiктi
Көңiл жабырқау. Көктайғақ
Көше талдары көкке қол жайған көп бейбақ
Көп керек емес Алматыға да, маған да
Сәл ғана мейiрiм, аз ғана шуақ жетпейдi-ақ.

Шаршаңқы көңiл, шашыраған ой тарыдай,
Өтер ме екенбiз жылылыққа бiр жарымай.
Қадекең кеттi, Тұмағаң кеттi өткен жыл,
Түсiм болса екен осының бәрi, а, құдай.

Дүние жаңа едi, қалайша жылдам көнердi
Сен мұндай емес едiң ғой бұрын, Алматы
Сен мұнша суық емес едiң ғой, не болды?
Қош дейтiн кез де келедi-ау ертең фәниге
Қиналмай өлсем деп армандайсың, қор болмай
Қиналмай өлсем ...... (тап қазiр емес, әрине).

Есенғали Раушанов

Jurek dapteri

04 Apr, 17:11


Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар...
Қара бұлттай қайғы жапты бөлмені.
Адамзаттың алғыр, ұлы қыраны
Лев Толстой жатыр еді өлгелі.
Әйелі кеп қолын сүйіп, жылады:
"Тежей алмай мінезімнің тасырын
Өзіңменен өтті жарты ғасырым.
Мен бейбақты кешіре гөр.
Күнәм көп...
Кешіре гөр,
Кешіре гөр, асылым?!"

Өткен күнің оймен шолып алыстан
Үнсіз, іштей күбірледі данышпан:
"Жә, кемпірім,
Жасыңды тый,
Жетті енді,
Жылап ешкім қайыра алмас өткенді.
Қаштым сенен...
Саған жақын жүргенше,
Артық көрдім жиһан кезіп кеткенді.
Жалғыз сенен қаштым ба екен мен бірақ,..
Ресейден бөлінбестей болдым-ақ,
Із бастадым күртік қарды омбылап.
Күллі әлемді тамсандырған ақылым
Сенен қолдау таппағаны қорлық-ақ.
Бір шындық бар еншімнің жоқ таласы –
Ұл-қызымның болдың ғазиз анасы.
Қартайғанда түсініспей, әттең-ай,
Жолымыздың қырсыққанын қарашы.
Дей алмаймын: "Маңдайымның сорысың.
Қамқорым боп создың қанша қол ұшын.
Бірақ мені түсінбедің.
Түсінуге және де Тырыспадың...
Кешірмеймін сол үшін,
Кешірмеймін сол үшін..."
Күллі адами пенделікпен алысқан
Қыран ойы тұрақ таппай ғарыштан,
Әйеліне қарап терең күрсіне
Мәңгілікке көзін жұмды данышпан.

Қайда, қайда көңіл сырын көзден ұғар нәзіктік?
Үш өлшем бар —
Биіктік пен тереңдік, кеңдік (яки жазықтық).
Бұл үшеуін бағаламау — көзсіздік һәм кереңдік.
Ал түсінбеу...
бақытсыздық болар ол.
Иә, адамдық қатынаста жоқ әлі де сара жол.
Оңай емес,
оңай емес бұл егес,
Қашан болсын бірлік жолы бұрыстау.
Керек десең, түсінбестік — кінә емес,
Қылмыспен тең — түсінуге тырыспау.
Ох, қаншама бұлақтарды жұрт түсінбей суалтты.
Сөйтіп, қанша бәйтеректі қуартты.
Ох, қаншама ұлыларды жұрт түсінбей өлтірді,
Сөйтіп, мына тіршілікке үлкен зиян келтірдің
Бруноны отқа жаққан,
Галилейді сотқа тартқан,
Біржан салдың арқан байлап қолына,
Жылан болып Ұлықбектің иірілген жолына -
Түсінбестік еді ғой.
Соның бәрі адамзаттың сорына.
Түсінбестік аз жайды ма қанатын?
Мұнан асқан нала бар ма?
Ұлы Абайды сабаған да
Түсінбестік болатын.
Талантына тамсандырған талайды
Жазған шақта Әуезов сол "Абайды"
"Бұл туынды шыға алмайды белеске",—
Деп құлшына қарсыласқан,
Қияс ойға қамшы қосқан
Тағы да сол түсінбестік емес пе?!
Ал Әуезов жолсыздыққа бұл сынды
Ызалана қол сілтеп,
Іштей, үнсіз күрсінді:
"Түсінетін халық аман болсын",—деп.
Өткен - өтті.
Бірақ бәрі есепте.
Қандай азап,
Қандай азап — ұғыспау.
Түсінбеген кінәлі емес десек те,
Қылмыспен тек—түсінуге тырыспау.
Түсінбестік — секілді бір көк тұман
Сол көк тұман тудырады көп күмән.
Бір жас дарын көтерілсе мінбеге,
Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам!

Мұхтар Шаханов