Azattyq - Азаттық

@azattyq


Тәуелсіз елге тәуелсіз ақпарат!

Radio Azattyq на русском
➡️ @radioazattyq

Телеграм-арнамыздағы материалдарды бөліскенде бізге сілтеме беруді сұраймыз.

📍Website: https://www.azattyq.org

📍Instagram: https://www.instagram.com/azattyq/

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 12:47


🗣 YouTube-тегі "Жұрттың баласы" арнасының авторы Мұрат Даниярды полицияға шақырды

Бұл туралы автордың өзі Instagram-дағы парақшасында хабарлады. Айтуынша, ол Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша 6 қазанда өткен референдум алдында "жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген.

Сөзінше, әлдекім оның үстінен арыз жазған. Полиция автордың үстінен іс қозғай ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Мұрат Данияр полиция басқармасында "түсініктеме жаздым" деді.

Алматы қаласы полиция департаментінің Азаттыққа айтуынша, Мұрат Данияр "профилактикалық әңгімеден" кейін босатылған. Оның үстінен хаттама толтырылды ма деген сұраққа "ақпарат жоқ" деп жауап берді.

Мұрат Данияр YouTube-тегі арнасында түрлі тақырыпта видео жариялайды. Оның 405 мың жазылушысы бар.

АЭС құрылысы туралы референдум қарсаңында, 3 қазанда Орал қалалық соты жергілікті "Уральская неделя" газеті "сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп тауып, басылымға 110 мың теңге айыппұл салды. Газет 30 қыркүйекте YouTube-арнасында және телеграм-арнасында жарияланған, халық арасында АЭС құрылысы мен референдум жөнінде блиц-сауал жүргізгені үшін жауапқа тартылды.

t.me/azattyq

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 11:20


💬 Оңтүстік Корея Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери әріптестік артып бара жатқанына байланысты Украинаға қару-жарақ пен мамандар жіберуі мүмкін

Бұл туралы "Ренхап" агенттігі хабарлады. Ресей мен Солтүстік Кореяның әскери саладағы серіктестігі жалғаса берсе, Сеул бұған кезең-кезеңімен шара қолданбақ. Президент кеңсесіндегі шенеуніктің сөзінше, Оңтүстік Корея Украинаға қорғаныс пен шабуылға қару беруі әбден мүмкін.

🇰🇷 Оңтүстік Корея үкіметіндегі дереккөз бұдан бөлек, Украинаға Пхеньян отрядтарын бақылауға әскери сарапшылар жіберу жағы қарастырылып жатыр деп хабарлады. Мамандар Солтүстік Корея сарбаздарының әскери тактикасын талдап, тұтқынға түскендерінен жауап алуға қатысады.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Пхеньян Украинамен соғысып жатқан Ресейге көмекке 12 мың солдат жібермек деп хабарлаған.

🇰🇵 21 қазанда БҰҰ-дағы Солтүстік Корея өкілі мұндай ақпарат "Пхеньян имиджін қаралауға" және екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты бұзуға бағытталған "негізсіз қауесет" деп атады.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 10:40


📹 Шығыс Қазақстан облысында тұратын шебер Жанарбек Қазезұлы домбыраның сирек түрін жасайды. Бұл — қосбетті домбыра. Шебердің айтуынша, қазақ халқында мұндай домбыра ежелде болған. Домбыра жасау өнері өшіп барады деген ол шәкіртті тегін оқытуға да дайын. Бірақ бұл өнерге қызығатын бала жоқ дейді ол.

🔗Сілтемеден өтіп көріңіз

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 10:04


💬 Алматы қаласы Медеу ауданының №2 соты мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың ісін қарап, ол пробация талаптарын бұзған деген шешім шығарды

Судья Қанат Арынов бостандығы шектелген Нұрасыл Болаттың жазасын бас еркіндігінен айыру жазасына ауыстырды. Нұрасыл Болат пробация шартын үш мәрте бұзған деді сот.

Сот шешіміне сәйкес, депутаттың ұлы жазасының қалған мерзімін – 1 жыл, 5 ай және 10 күнді қауіпсіздігі орташа колонияда өтетін болды. Нұрасыл Болат сот залында қамауға алынған.

2024 жылы мамырда сот ерлі-зайыпты заңгерді ұрды деп айыпталған Нұрасыл Болаттың бостандығын 2 жылға шектеген еді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 08:47


🗣 Еуроодақ елдері 2025 жылы қаңтарда, Венгрияның Еуропа Одағы кеңесіне төрағалығы аяқталғаннан кейін Ресейге қарсы жаңа санкцияларды талқылай бастауды жоспарлап отыр

Бұл туралы дереккөздеріне сүйеніп Politico басылымы хабарлады. Politico сөйлескен дереккөздердің айтуынша, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан санкция жөніндегі келіссөздерді тоқтатуға Будапештің төрағалығын пайдаланған.

🇵🇱 1 қаңтардан бастап Еуропа Одағы кеңесіне Польша төрағалық етеді. Politico басылымының жазуынша, Варшава қазірдің өзінде-ақ Кремльдің маңызды табыс көзі саналатын Ресейдің отын тасымалына бақылауды күшейтуді жоспарлап отырғанын көрсетті.

Польша Еуропа Одағы кеңесіне төрағалығын алған соң Еуроодаққа Ресейден қанша отын тасымалданып жатыр деген мәселеде ашықтыққа қол жеткізгісі келеді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 07:05


🔴 24 жастағы қырғыз мигрант Еламан 2023 жылы Ресей түрмесінен әскери қызметке сұранған. Өйткені оған "мерзімінен бұрын босатамыз, көп ақша береміз, 6 ай майданда болсаң, Ресей азаматтығын аласың" деп уәде берген.

Отбасының айтуынша, Еламан Ресейде "есірткі сатқан" деген айыппен түрмеге түскен. Оны бірнеше күн әскери дайындықтан өткізіп, майданға жөнелткен.

Еламанның әкесі Анарқұл қауіпсіздік мақсатында ұлының толық аты-жөнін атамады. Жауынгер келісімшарт аяқталғаннан кейін де жарақатына қарамастан майданда қалуға мәжбүр болған.

🗣 "Балам бірнеше күн ауруханада ес-түссіз жатты. Есін жиған соң, қолы мен басындағы жарақаты жазылмаса да қайтадан соғысқа жіберді" деді Анарқұл.

"Олар тірі қалған, қолы мылтық атуға жарайтын адамның бәрін соғысқа жібере береді" деді ол.

Еламан – Ресейде түрмеде отырып, соғысқа тартылған мыңдаған тұтқынның бірі. Мәскеу соғыста сарқылған күшін толтырып, әскер қатарын мобилизациясыз жаңартуға барын салып жатыр.

🔗Сілтемеден өтіп оқыңыз

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 06:25


📹 Алматы облысындағы уақытша ұстау изоляторынан "Зорлау" бабы бойынша күдікке ілінген ер адам қашып кетті

Бұл туралы облыстың полиция департаменті хабарлады. 22 қазанда күдіктіге іздеу жарияланды.

Осы жағдайға байланысты облыста "Дабыл" жоспары енгізілген. Полиция басты жолдарға блокбекеттер қойған. Қамауда отырған күдікті изолятордан қалай қашып кеткенін анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізілмек.

Желіде тараған суреттегі ақпаратқа сәйкес, күдікті 21 қазан кешкі жетіде Талғар ауданындағы уақытша ұстау изоляторынан қашып шыққан. Instagram-дағы Kris_p_talgar парақшасы 22 қазанға қараған түні облыстағы Талғар тасжолында полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатып, тексеріп жатыр деген видео жариялады.

4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адаммен жанжалдан 16 жастағы Шерзат Полат мерт болғаннан кейін, қара жамылған отбасының үйі өртенген соң полиция ауданда күзетті күшейткен еді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 06:06


💬 Сербия президенті Александр Вучич Ресейдің Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне Белград атынан вице-премьер қатысады деп хабарлады

Өйткені 23 қазанда Сербияға Польша премьер-министрі Дональд Туск сапармен бармақшы.

🇷🇸 Вучичтің сөзінше, ол жақында Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлескенде "белгілі бір жағдайларға" байланысты қалай болғанда да саммитке баруы екіталай екенін айтқан.

Сербия Ресейге қарсы "бірде-бір декларацияға қосылмаған Еуропадағы жалғыз ел" деп мәлімдеген Вучич.

🇦🇲 21 қазанда "Европейская правда" сайты Армения БРИКС ұйымына қосылуды әзірге қарастырып отырған жоқ деп хабарлады. Сайттың жазуынша, бұл туралы Армения премьер-министрінің орынбасары Мгер Григорян айтқан. News.am мәліметінше, Григорян Армения 22-24 қазанда Ресейде өтетін БРИКС саммитіне қатысады деп мәлімдеген, бірақ Ереван бұл жолы ұйымға мүше болу мәселесін талқыламайды.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 05:31


🗣 Суданда жүк таситын Ил-76 ұшағын атып түсірілді, жергілікті арналардың мәліметінше, ұшақта ресейліктер болған

Ақпарат құралдары ұшақта болған Airline Transport Incorparation FZC компаниясының бас инженері Виктор Гранов қаза тапқан деп жазды. Онымен бірге ұшақта тағы бірнеше адам болды деген болжам бар.

Судандағы Ресей елшілігі бұл ақпаратты әзірге растаған да жоқ, теріске де шығармады. Елшілік өкілдері ұшақ қақтығыс болып жатқан Дарфур аймағында құлады, бұл мәселе жағдайды анықтауды қиындатып отыр деді.

Ел ішіндегі шайқастар туралы мәлімет беретін Sudan War Monitor жобасы Ил-76 ұшағын судандық "Жедел әрекет ету күштері" (Rapid Support Forces) қарулы тобының жауынгерлері қателесіп атып түсірді деп мәлімдеді, ақпаратқа қарағанда, ұшақтағы жүк RSF-тің өзіне арналған болуы мүмкін.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 04:50


📹 Ресей Донбасстағы Покровск қаласына шабуылды үдетіп жатыр. Қазір Украина осы аудандағы Курахово қаласының тұрғындарын эвакуациялауға көшті. Бұған қоса, "Солтүстік Корея солдаттары Ресейде жүр" деген видеолар жариялана бастады.

🔗Сілтемеден өтіп көріңіз

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 04:35


💬 Израиль армиясы (ЦАХАЛ) 21 қазан кешке Ливанда "Хезболла" радикал тобының ақшасы сақталған бункерді тапқанын хабарлады

ЦАХАЛ пресс-атташесі Даниэль Хагаридің айтуынша, бункер Бейруттегі әл-Сахел ауруханасы ғимаратының астында орналасқан. Онда "Хезболла" қазынасының негізгі бөлігі – бірнеше жүз миллион доллар қолма-қол ақша, алтын құймалар сақталған болуы мүмкін. Осы хабардан кейін ауруханадан пациенттер мен қызметкерлер эвакуацияланды.

🔸 Хагари "Хезболла" бейбіт мақсаттарға арналған ақшаны иемденіп, аурухана сияқты қаладағы бейбіт нысандар астына бункерлерін орналастырып жатыр деп, Ливан үкіметі мен халықаралық ұйымдарды бұған қарсы тұруға шақырды.

🔸 "Хезболла" өкілдері Израиль мәлімдемесі шындыққа жанаспайды деп, Ливан үкіметінің армиясына аурухана астында қойма жоқ екеніне көз жеткізу үшін ол жерді тексеруді ұсынды.

Израиль армиясы Ливандағы операциясы кезінде "Хезболланың" зымыран арсеналының шамамен 70 пайызын жойып, екі мыңға жуық сарбазын өлтірдік деп есептеп отыр.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

22 Oct, 03:49


🗣 Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Георгий Зиновьевті шақырып, Солтүстік Корея сарбаздары Украинамен соғысу мақсатында Ресейге жіберілген болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты "өкініш" білдірді

🇰🇷 21 қазанда Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеде Сеул "Солтүстік Корея әскерін Ресейден дереу шығарып, мұндай кез келген әріптестікті тоқтатуды" талап еткен.

Ресей елшісімен Оңтүстік Корея сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ким Хон Гюн әңгімелескен. Зиновьев кездесу болғанын растады, бірақ оның жай-жапсарын айтқысы келмеді.

Кейін Оңтүстік Кореядағы Ресей елшілігінің баспасөз қызметі Ресей елшісі Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігінің пікірін тыңдап, Мәскеу мен Пхеньян әріптестігі Сеулдің қауіпсіздігіне бағытталмағанын айтты деп хабарлады.

🇷🇺🇰🇵 18 қазанда Оңтүстік Кореяның барлау қызметі КХДР Украинамен соғысып жатқан Ресейді қолдау үшін оған 12 мың әскер жіберуді ұйғарған деп хабарлаған. Мәскеу мен Пхеньян Солтүстік Корея сарбаздары Украинадағы соғысқа бару үшін дайындықтан өтіп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

21 Oct, 13:00


💬 Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынған елдегі ең ұзын көпір ашылды

Халық су айдыны үстінен осы көпірдің салынуын көп жыл күтті. Өңірдегі бірнеше ауданда тұратын ондаған мың адам өзге қалаларға қатынау үшін Бұқтырманы айналып өтуге немесе ескі пароммен жүруге мәжбүр еді.

🔸Көпір алты ауданды – Күршім, Үлкен Нарын, Марқакөл, Қатонқарағай, Тарбағатай және Зайсанды байланыстырады. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінен күніне 80 мыңға дейін көлік өте алады. Көпірге апаратын 18 шақырым жаңа жол төселген.

Бұқтырма суқоймасындағы көпірді ашу салтанатына премьер-министр Олжас Бектенов қатысқан. Облыс тұрғындарымен кездескен Бектенов бұл жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді және елдегі көлік-логистика саласының дамуына оң әсер етеді деп мәлімдеген.

🔸 Бұқтырма суқоймасында салынған көпір құны 2023 жылы екі есе қымбаттап, 60 млрд теңгеден асқан. Былтыр Азаттық көпірді салып жатқан компанияға иелік етіп отырған екі кәсіпкер мен облыстың сол кездегі әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов бизнес-серіктес болғанын анықтаған.

Әкімдік көпір құрылысы қымбаттауына "көпірге апаратын 17 шақырым жол құрылысының қосылуы мен нарықтағы бағаның өсуі себеп" деп жауап берген еді.

🔸 Суқоймасына көпір салынатыны Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында айтылған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

21 Oct, 11:06


📹 Марқұм сарбаз Досымжан Сәлімжан ісі бойынша батальон командирі Жанбота Шәкіровке "билігін асыра пайдаланды" деген айып тағылған. Ол тағылған айыпты жоққа шығарды. Командирдің әкесі "іс ойдан құрастырылған" деп есептейді.

🗣 "Жалғыз менің баламды ғана кінәлап отыр. Басқа ештеңе жоқ. [Қол көтергеніне] сенбеймін, мен баламды олай тәрбиелеген жоқпын, қол көтерсін деп. Ол өзі абыройлы болған бала. Осының бәрі құралған ертегі, [марқұм сарбаздың] анасы [ойдан] құрап алған" деді айыпталушының әкесі Айтбай Шәкірұлы.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

21 Oct, 10:51


📹 Жетісу облысы Сарыөзек кентіндегі №29108 әскери бөлімде борышын өтеп жүріп "таяқ жегенін" айтқан, кейін госпитальде көз жұмған сарбаз Досымжан Сәлімжанның соты жалғасып жатыр

Үй ішінің сөзінше, сарбаз олардан жиі ақша сұраған. Жақындары жарты жыл ішінде оған жиыны 300 мың теңгеге жуық ақша салған. Анасының сөзінше, кейде ол ақшаны әскери бөлімге А4 қағазын сатып алуға жұмсайтынын айтқан.

Сарбаздың туыстары қазір істі болып жатқан командирдің де шотына бірнеше рет ақша аударған. Командир "ол ақшаны сарбаздың өзіне бердім" деді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

21 Oct, 10:23


💬 Қызылорда облысындағы дихандар биыл 55 мың гектар күріш алқабына су үнемдейтін технология қолданғаннан кейін 200 млн текше метрге жуық су артылып қалды. Оның бәрі Арал теңізіне жіберілді

Бұл туралы 21 қазанда су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, биыл суару маусымында Арал теңізіне шамамен 1 млрд текше метр су құйылған, 2023 жылғымен салыстырғанда су 3 есе көп жіберілген.

🗣 "Жыл басынан бері Кіші Аралға (Солтүстік Арал теңізі деп те айтылады – ред.) шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Теңіздегі судың жалпы көлемі 22 миллиард текше метрге жетті" деп хабарлады су ресурстары министрлігі.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, министрлік шаруалардың су үнемдейтін технологиялар енгізуге жұмсаған шығындарына байланысты субсидия көлемін 50 пайыздан 80 пайызға дейін өсірген. Министр алдағы үш жылда осындай технологияларың көмегімен егістікке су пайдаланатын шаруа қожалықтарына субсидия көлемі 50 пайыздан 85 пайызға дейін өседі деп мәлімдеді. Қызылорда облысында 84 мың гектар күріш алқабы бар.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

21 Oct, 09:15


🗣 Ердоған жау санаған Фетхулла Гүлен қайтыс болды

Түрік жазушысы әрі қоғам қайраткері, бұрынғы имам Фетхулла Гүлен өмірден өтті деп хабарлады оның ізбасарлары. Гүлен кейінгі 25 жылдан бері АҚШ-та тұрған.

Фетхулла Гүлен 20 қазанда Пенсильваниядағы клиникада қайтыс болған деп жазды Herkul порталы.

83 жастағы Гүленнің қайтыс болғаны туралы ақпаратты оның туысы Эбуселеме Гүлен растады деп хабарлады CNN Türk телеарнасы. Ақпаратқа қарағанда, Гүлен бірнеше жыл созылмалы дертпен ауырған.

Ресми Анкара Гүлен мен оның жақтастарын Түркияда әскери төңкеріс жасамақшы болды деп айыптады. Түркия билігі Гүленнің қозғалысын "террористік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салды.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

21 Oct, 08:00


💬 Молдовада президент сайлауының екінші кезеңі өтетін болды

Алдын ала мәліметтер бойынша, онда қазіргі президент пен бұрынғы бас прокурор бәсекеге түседі.

🗳 Сайлаумен қоса елдің Еуропа Одағына қосылу мәселесі жайлы референдум өтті.

Дүйсенбі күні таңертең референдумға дауыс беру қорытындысы туралы хаттамалардың 98,29 пайызға жуығы саналып бітті. Ондағы мәліметтер бойынша, дауыс беруге қатысқан Молдова азаматтары арасында елдің Еуропа Одағына қосылуына қарсылар мен Еуроодаққа кіруді қолдаушылар саны бірдей болып тұр.

Оған дейін референдум бюллетеньдерінің 90 пайыздайы саналғаннан кейін жарияланған алдын ала мәліметтегі көрсеткіш бұдан айтарлықтай өзгеше еді. Яғни, онда Еуроодаққа қосылуға қарсы дауыс бергендер үлесі анағұрлым көп болатын.

Мұның себебі кейінгі алынған хаттамалар шетелдегі дауыс беру учаскелерінен келумен байланысты деп түсіндірді ОСК. Шетелде, әсіресе Еуропада тұрып жатқан Молдова азаматтарының басым көпшілігі Еуроодаққа қосылуды жақтаған.

❤️Азаттыққа жазылыңыз

Azattyq - Азаттық

21 Oct, 07:17


🗣 Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва 22-24 қазанда Ресейдің Қазан қаласында өткелі отырған БРИКС саммитіне бармайды

🇧🇷 BBC агенттігінің жазуынша, ол саммитке онлайн қатысады. Бразилия президентінің аппараты Лула да Силва резиденциясында құлап, желке тұсын ауыртып алды деп хабарлады.

Аурухана берді деген анықтамада 78 жастағы президент өз міндетін орындай алады деп жазылған, алайда алыс жаққа ұшуды уақытша қоя тұруды ұсынған.

🇷🇺 18 қазанда Ресей президенті Владимир Путин Бразилияда қарашада өтетін G20 саммитіне бармайтынын растаған. Бразилия – Путинді тұтқындауға ордер берген Халықаралық қылмыстық сотқа мүше ел, Ресей президенті өзі қабылдаған шешімге бұл ордер себеп емес деп мәлімдеді.

❤️Азаттыққа жазылыңыз